Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ояз Богомолов әуелі қасқа басын түндіктен түскен күннен қорғалап, сырғанақ, сусыма шәйі көрпенің үстінде бөксесімен жылжып, төменірек сырғып отырды. Онан соң, жаман айтпай жақсы жоқ, өзіне қастандық бола қалса, қорғанышы бар екені есіне түсті.
– Егорка! – деп дауыстады.
Сыртта: «Түрт, сайтан!» – деп сойқан тілеп тұрған казак-орыс:
– Слушаюсь Ваше высокоблагородие! – деп үйге тұра жүріп еді, киіз үйдің орама есігін түртінектеп аша алмады. Шолақ ойына осы бас ұрмаңдар оязды әдейі қамап қойған жоқ па деген күдік кірді. Штыкпен киіз есікті бір-екі піскілеп те жіберді. Жыланның тіліндей болып жалаң-жалаң еткен штыкты көріп ояз одан бетер сезіктенді. Соғыс жүріп жатқандай көрінді. Тәлтіректеп орнынан тұрып кереге басында ілулі тұрған револьверіне жармасты. Сырттан казак-орыс:
– Ваше высокоблагородие, Сізді мына басурмандар қамап қойса керек, есік ашылмайды, – деді.
– Ақымақ, управительді шақыр! – деп шаңқ етті ұлық.
Казак-орыс болысты іздеп жөнелді. Дауылбай ауылдағы малшы-жалшыны жайдақ атқа қондырып, Алсай тобының алдын орап жатыр еді. Қазақ-орыстың сұсты түрінен шошып қалды. Әдепсіз солдат штыкты мылтығын серпи ұстап, ояз отырған жабық орданы нұсқап:
– Айда, айда! – деп зекіді. Дауылбай өз адамдарына:
– Ана ақымақ Алсайдың алдынан шығып, ауылына қайтарыңдар. Мені ояз шақырып жатыр, – деп жуан қарагер аттың басын бұрды.
Атқа мінсе есіріп кететін қайран қазақ қиқулап ылдиға шаба жөнелген. Ат таңдап лап қойған қолды көріп, Рысқұл қақ сойылын оңтайлады. Ағайындарына:
– Атты мен жаяу соғыса алмас. Шегіне тұрыңдар. Бұларға бейбіт сөйлесу мүмкін емес. Қараптан қарап тұрып қырылмайық, – деді.
– Шырағым, осы жанжалға кіріспей-ақ қойсаң қайтеді, – деді Ахат.
– Е, Аха-ай, бұлар бұқсаң сұға береді, қайтесіз мені бөгеп.
Мен бір қаны қарайған адаммын, – биік торыны бір-ақ секіртіп, ордалы ауылдан шыққан түйдек шаңға жұлдыздай аға жөнелді. Олармен жанасқанша көк ақ қалпағын ғана баса киіп үлгерді.
Дауылбай аттандырған қол алты сойыл еді. Малшылар, қызметшілер болатын. Рысқұл бәрін де таниды. Бәрі туысқан. Бұлардың қанын төккеннен түсер пайда жоқ. «Қасқыр да қастық қылмас жолдасына». Ең алдымен ескі шекпенінің екі етегі екі шалғайға кетіп, далақ-далақ шауып келе жатқан жылқышы Кенже екен. Қолыңдағы құрықты дәл бір асауға салатындай күні бұрын созып ұстап алыпты. Рысқұл оның құрығын жұлып алып, жаман тымағын көзіне түсіріп, өте берді... Кенже: «О, әкеңді», – деп көзі түк көрмей, аттың басымен алысып әуре болып кетті. Тізгін тартып, тымағын түзеп киіп, жан-жағына қараса өзінің қаруластары түгел сойыл-шоқпардан айрылып, тымақтары көздеріне түсіп қалған екен. Кенже тағы да: «О, әкеңді...» – деді. Кімді боқтағанын өзі де білмейді.
Рысқұл бұл кезде жеке шауып, Дауылбайдың ақ ордасына жетіп те келген. Жанға шыдас бермей бұзып-жарып басынған салт аттыны қазақ-орыстар қалай қарсы аларын білмей сасқан. Ату керек пе, болмаса мылтықты аспанға атып қорқыту керек пе?
Бұл кезде орданың есігі ашылып, ояз болыспен қатар табалдырықта тұрған. Бір казак-орыс:
– Жоғары мәртебелі мырзам, не бұйырасыз, атайық па? – деді.
– Атпа! – деді ояз. Ол әлгінде Рысқұлдың алты аттыны тымақтарын тұмсықтарына қаптап кеткенін көріп қызыққан.
– Мұндай қызықты еш жерден көре алмассың, – деп сүйсінді, – атуға болмайды. Егер өзі жамандық ойласа ғана атыңдар.
Шын ажалың жетпесе, қырық жыл қырғын болса да өлмейсің. Әйтпесе, әлгі кезде Рысқұлды ұрда-жық бір солдат көздеп тұрып басып салса – бітіп жатыр. Батыр – бір оқтық. Қой боғындай қорғасын әңгімені тәмамдамақ. Бірақ Рысқұлдың әлі талқаны таусылмаған шығар, әлі көретін жарық сәулесі, тататын дәм-тұзы бар шығар, – ояз әлгіндей «атпа!» – деді.
Дауылбай ішінен өкініп қалды. Кедей ауылдың бас көтерері де, басбұзары да, аз атаның баласы жалғыз қыран осы Рысқұл.