Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Қор болған Қорған, – дейді оны есіркеген жұрт. Осы Ахаттар талай рет: «Құтылсайшы сол сақаудан. Қу бас қаласың ба? Елміз ғой, көптеп, көмектесіп, құда түсіп, басқа бір шүйкебас алып берейік», – деген. Көнбейді.
– Кішкентайынан қосылып еді, маған. Көзінің жасынан, обалынан қорқам пәленің. Не ғыласыңдар, жүре берсін, – дейді Қорған. – Құдай бермейін десе, қанша қатын алғаныңмен бала бермейді.
– Не болса да, болары болды, бояуы сіңді, – деді Ахат. – Дауылбай бізді шабады – ол анық. Дауылбайдың қолына бір бәле қылып, шыдас берерміз. Менің қорқатыным: Шымкенттен әскер шықпаса. Онда құрыдық.
– Құрымасқа қару соғамыз, – деді Қорған.
– Алсай жиырма түтін. Патшаның әскері – түмен. Алыса алмайсың.
– Сонда амал не?
– Амал – ақырын бағайық. Іс қиынға айналса – көшеміз.
– Қайда?
– Әулие-Ата жаққа.
– Ата-бабаның жерін тастап па?!
– Иә. Ата-бабаның жеріне сыйыспадық емес пе? Дайын болыңдар.
Алсайлар күткендей Дауылбай ауылды шаппады. Ол құрығын басқаша сілтеді.
Алсай ауылы болыстың шабуылына дайындалып, бесіктегі баласы мен белі бүгілген шал-кемпірінен басқасының бәрі қолдарына қару алды. Солдаттардан тартып алған қос винтовка, бірнеше шитті мылтық, қалғаны садақ, сойыл, шоқпар, күрек, кетпен, айырға дейін қолдарына алды.
Маужыраған әдемі кеш келді. Мал өрістен қайтты. Дәу-Бабаның самалы жібектей есіп, ну теректердің жапырақтары жамырап, енесін іздеген жетім қозы жеке маңырап, әлсін-әлсін әупілдеп иттер үріп қояды.
Бүгін тарыны шымшықтан әйелдер қорыды. Тарының тұмсығы қызарып, басы иіліп, иісіп қалған. Құдай қаласа енді ертең-бүрсігүні орақ саламыз деп отырған. Тары қорыған әйелдер де ауылға қайтты. Қарақойынның егіні батқан күннің сәулесімен ойнап, алтын дариясындай құлпырып, сынаптай толықсып, шалқып жатты. Жау шымшық ұясына қонақтаған. Торғайдың жауы адамның жауынан әлдеқайда әділ. Күн батты, ұясына қонады. Тарыға өш боп жаратылған сорлы о да бір. Тек серігін іздеген бөдене ғана кешкі тымықта бытпылдықтап, үздігіп, үзіліп кете жаздап қақсайды.
Мұндай кеште қыз ұзатса жарасады, келін түсірсе жарасады. Шілдехана шақырса жарасады. Мұндай мүлгіген кеште ертедегі ерлік замандар туралы қисса тыңдар ма еді! Немесе ақсүйек ойнап, алтыбақан тебер ме еді! Итте ырылдасып, жаңа сойылған құнан қойдың сүйегіне таласып жатса ғой. Күрпілдеп саба пісілсе анда-санда...
Алсай ауылында оның бірі жоқ бүгін. Қатулы қабақ, қатқыл үн. Тіпті жас балалары да жыламайды. Бала болуды ұмытып кеткендей. Не иттері үрмейді. Сұңқиысып, адамдарға бір қарап, аулаққа бір қарап, аңтарылысып қалған.
Қап-қараңғы айсыз түн түсті. Бұлттарды қызғылтым нұрға малған күннің ақырғы сәулесі әдемі түстей ада болды. Жан-жақтан таулар түксиді.
Тек шеткі қара күркеден бір кезде: «Арманда кеткен асылым-ау, кімге де барып айтамын-ау, ойбай!» – деп булыға шыққан үн естілді.
Бердіқұлдың жесірі. Кісісі өлген үйде бір жеті бойы от жағылмас, түтін түтетілмес. Ол үйдің қаралы жаңдарына жақындары, ағайын-ауылдастары ас пісіріп апарар. Ал бүгін бір ғана Бердіқұлдың үйінде емес, бүкіл Алсайдың жиырма түтіні бірдей тұтанбады. Мына тымырайған түн кең дүниені тарылтып, жер-жиһанды жұтып жіберіп, көгілдір көлді, қызыл маржан толқыған егін жайды, тәкаппар тауларды, жасыл аймақтарды көзден тасалады, қара түн. Қараңғы түн. Түнде жорыққа қорқаулар шығады. Ал, қараңғы түнде қара күркеден жас жесірдің жоқтау айтып жылаған үні естілгенде қанша қорқау болса да, бұл қаралы ауылға ешкім шаба қоймас-ау. Ауыл қамданып, қарсы алатындай, Дауылбай ауылды шапқан жоқ. Тек Қарақойындағы толқып пісіп тұрған тарыны сол түні жылқысын қаптатып, таптады да кетті. Жайқалған егін орнында әр жерінде масағы бар қарақошқыл топырақ қана қалды.
Алсайлар жазаның әр түрін күткен. Мұны күтпеп еді. Олар ояу-ақ болатын. Таудан құлаған тасқын тасырды да естіп, айқасқа әзір тұрған. Бірақ әлгі тасқын ауылға жетпей төмен құлап еді. Алсай халқы Дауылбайдың сұмдығын сонда білді.