Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Александр Бронников «Қанды жексенбіні» көз алдына келтіргісі келгендей тас қабырғаға қадала қарап, біраз отырды. Петербург жұмысшылары мен тұрғындарының Николай ІІ-ге жазған петициясын тас қабырғадан оқып отырғандай сынайы.
«Патша!
Біз, С.-Петербургтың жұмысшылары мен түрлі сословиедегі тұрғындары, біздің әйелдеріміз бен балаларымыз, көтерем халдегі кемпір-шалдарымыз – баршамыз жиылып, саған келдік, Патша! Шындық пен қорғаныш іздеп келдік. Біздің сіңіріміз шықты, бізді адам айтқысыз азапқа салып, қанап жатыр. Бізді құлақ кесті құлдай көріп, қорлап, зорлап, адам қатарына қоспайды. Біз шыдап бақтық, бірақ бізді жоқшылықтың түпсіз шыңырауына итермелеп, еркімізден айырып, қараңғылықтың құдығына тастап, қылқындырып барады. Енді шыдар хал жоқ, патша...».
Александр Бронников Рысқұл мен Тұрарға петиция жайын түгел баяндап шықты. Ғапон деген поптың жәдігөйлігін әңгімеледі. Қарусыз халықты қойдай қырып салғанда, көшелерде аққан қанның сел болғанын айтты. Полиция мен солдаттар патша сарайының алдында бала-шаға, кемпір-шалды да аямай мылтықпен атып, қылышпен шапқанын айтқанда әкелі-балалы Рысқұл мен Тұрардың жандары түршікті.
– Біз айттық алдында, – деді Бронников. – Патшаға бармаңдар. Бәрібір түк өнбейді. Патша жарылқамайды. Қайта сағың сынып, қырылып қаласыңдар. Қарусыз халықтан патша қорықпайды. Ал қорықпағанын сыйламайды, – дедік. Көнбеді.
– Бізің кім сонда? – дейді Рысқұл.
– Большевиктер. Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының мүшелері. Ресейде сондай партия бар. Кедейлерді, жұмысшыларды қолдайтын, солардың мүддесін жоқтайтын партия.
– Ол не, ол сонда әскер ме? – деп төне түсті түсінбеген Рысқұл. – Әскер болса, мен де қосылар едім.
Бронников зілсіз күліп қойды.
– Жоқ, Рысқұл, әскер емес. Сен, мына мен сияқты адамдар. Теңдікті аңсайтын, біреу бай, біреу кедей болғанын қаламайтын, біреуді біреудің қанауын қаламайтын, жазықсыз қан төгуді жек көретін, кісі баласын сен орыссың, сен қазақсың, сен татарсың деп бөлмейтін әділетті қоғам құруға талпынған адамдар.
Төніп тыңдап отырған Рысқұл:
– Е, ертек сияқты неме десеңші, – деп қайтадан шалқая берді.
– Әуелі тыңдасаңызшы, көке, – деп Тұрар әкесіне жалтақтай қарады. Баланың бұл ықыласына Бронников сүйсініп қалды.
– Молодец, Тұрарка, сен бірдеңе сезіп отырсың ғой. Жүрегіңе тоқи бер, балам, алтын басым әшейін. Сен Приходько мырзаның барчук баласын күнде гимназияға күймемен алып барып, алып келіп жүрсің. Со гимназияда мен де оқыр ма едім деп армандайсың. Ал сол гимназия мұндай білім бермейді. Онда қоғамды қалай өзгертіп, жақсартуды оқытпайды, Тұрар. Рас, онда да көзі ашық, көкірегі саналы адамдар бар шығар. Өйткені мен естіген Михаил Фрунзе деген бір революционер осы гимназияны бітірген көрінеді. Демек, жасырын болса да жақсы жандар бар ол төңіректе. Ал, Рысқұл, – деп енді Бронников басын жағасына тығып алып қырын отырған жолдасына бұрылды. – Сен ертек дейсің. Менің айтқаным ертек-ақ болсын. Сонда сен өзің неге патша өкіметінің өкіліне оқ аттың? Осы сұраққа жауап берші.
– Тергеушіге бергем ол жауапты. Дәл осы сұрақты онда да қойған. Сен де тергеуге алайын деп пе ең? Атқым келді – аттым. Арқардан да оңай аттым. Арқар жарықтық оңайлықпен аттырмайды. Ал ана дәйісті еріккенде ата салатын жаман қарақұс құсатып қалбаң еткіздім, атасына нәлет.
– Неге? Себебі бар ғой. Құрдан құр ата салмайды ғой адамды, – деп енді Бронников төне түсті.
– Негесі бар ма, қорлады, жала жапты, нақақтан күйдірді. Қанша еңбегім кетті – ақымды жеді. Аш-жалаңаш қалдық. Амал таусылды. Содан кейін...
– Ә, солай ма екен? Сонда сенің ақыңды ешкім жемеске, саған ешкім қиянат жасамасқа, қорламасқа, аш-жалаңаш болмасқа не істеу керек?
– Не істеу керек? Болыс атаулыны пытырлатып атып тастау керек, атасына нәлет.
– Болыстарды ғана емес. Рысқұл, қоғамдағы бүтін үстем тапты құлату керек. Сен түсініп отырсың ба, Тұрар? Әлгі Қызыл Жебенің иесі кім еді?
– Тұқымбай.