Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дауылбай алдында бүк түсіп тұрған Омарды ұмытқандай, өз ойына өзі бөгіп отырып қалды. Кәрілік жеңе бастаған шымыр дене бір шөкім болып шөмиіп аянышты көрінер. Рысқұлдың қолынан ажал табатын болыс алдымен Саймасай емес, Дауылбай еді, тағдыр екен, алыстағы Шығыс-Талғар управителі жер жастанды. Ал Рысқұл Бердіқұл ағасының кегін ұмытпай, Дауылбайға деген оғын әлі жанып жүрсе ше? Түрмеде шынжырлаулы жатқаны қандай жақсы. Оның итжеккенге айдалуы Ізбайшаның табылуына іліктес болып тұр екен. Өкіметті сол Ізбайшаның ізіне тезірек салып, құтылу керек бұл бәледен. Дауылбай писаріне әмір етіп, оязға жауап жазды.

* * *

Аспараның Алатауы алшысынан түскен асықтайын алшайып тұрғалы қай заман: миллиондаған жылдар өткен шығар. Не көрмеген Аспара. Ширек ғасыр бұрын Түлкібастан босып шыққан жиырма үй Алсай-Сарыны да көрген. Сол жиырманың ішінен Соқыр батырдың баласы Қырғызбай бұтаға ілінген қаңбақтай осы Аспара бауырында қалып қойып еді. Басқалары Меркеге тұрақтай алмай Алматы асып кеткен.

Әкеге тартып ұл тумас. Соқыр батырдың баласы Қырғызбай зұлымдық-зорлықпен ашық айқасқа жоқ, күштіменен күреспейтін, мықтыменен тіреспейтін жалтақ жан болды. Бауырларынан орта жолда бөлініп қалып, қалт-құлт етіп, текені – жезде, ешкіні – әпке деп жүріп, Меркенің базарында делдалдық қылып, можантомпай шаруа құрып алған. Мекені Аспара болысына қарасты Мықан өзенінің бойында болатын.

Тау-Шілмембеттің басына зобалаң төнгенде, Молдабек сол шала ұмыт болған ағайын Қырғызбайды тауып, Ізбайша мен Түйметайды да ала келіп еді. Бірден Түлкібасқа тартуға батылы бармаған. Қырғызбай қашқын туысты паналатуға қорықса да, кет деп айта алмады. Тау-Шілмембеттің бар бәлесін Рысқұл өзімен бірге алып қалса, қалғандарына өкімет қаһарын төкпес деп өзін-өзі жұбатты.

Сөйтіп шықпа жаным, шықпа деп жүргенде, бір күні Аспара болысы Бектен бастаған мықтылар мұның Мықандағы үйіне сау ете қалды. Ашық аспанда найзағай сартылдағандай, Қырғызбайдың зәресі зәр түбіне кеткен. Болыстың жанында Меркенің приставы, қасқабас урядник те бар еді. Қару асынғандардан қорыққан Молдабек Мықан бойының үкілі қамысының арасына барып тығылды.

Бірақ бұл келіс сұсты болғанмен, тасыр-тұсырсыз, ашусыз сияқты. Бектен болыс Қырғызбайға қалжыңдап:

– Ал, делдал, көп болса, бір базардың табысы шығын болар. Қонақтарды күтіп ал, – деді.

Қырғызбай құрақ ұшып, тайдай қызыл қойды табанда атып ұрды. Ac үстіне Бектен Ізбайшаны шақырып алды. «Ізбайшаны іздегені несі?» – деп Қырғызбай онан бетер безек қақты. Істің мән-жайын түсінген соң барып, жүрегі орнына түскендей болды.

Бектен болыс босаға жақта қырын қарап, кішкентай қыз баланы бауырына басып отырған Ізбайшаға тіл қатты.

– Сірә, маған жеңге боларсың немесе замандас құрбы шығарсың. Рысқұл біз құралпы ғой. Солай емес пе, Қырғызбай?

– Иә, солай-солай, – деп Қырғызбай отырған орнынан желп-желп етіп көтеріліп, көтеріліп қойды. – Қырықтың ішінде болар.

– Қырық бес жаста, – деп тоқ етерін айтты пристав сөмкесінен бір қағазға қарап қойып.

Қырғызбай тағы селкілдеді: «Рысқұлдың туған жылына дейін Меркенің приставына белгілі болғанда, жан-жағымыздан мықтап шырмалған екенбіз де».

– Ал келген шаруамызды бітірейік, – деді Бектен болыс, – Ізбайша замандас, сенің Алматы түрмесінде жатқан күйеуің Рысқұл Жетісудың губернаторына арыз айтыпты: Сібірге өзіммен бірге қатын-баламды ала кетемін деп. Он жылға кесіліпті ғой сабазың. Қалай? Итжеккенге бірге баруға ықтиярлысың ба? Сені іздеп өкіметтің шарламаған, іздеу салмаған жері жоқ. Жауабын жедел беру бізге жүктеліпті. Ойланып айт.

Ізбайша ақ жаулықтың ұшымен көзінен тырс-тырс тамған жасты сүртіп болып, тізесіне монтиып қисайып отырған Түйметайдың басын сипады.

– Тағдыр шығар, болыс-еке, ерімнің айтқаны болсын. Етегінен ұстап жүрсем Барсакелмеске кетуге де разымын, – деді Ізбайша жас жуған бетін бері бұрып.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий