Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Иә, бұл түземдерде әлі табиғи ұят, әдеп сақталған, – деп сөзін салмақтап вице-губернатор жұрттың әзіл-оспағын тоқтатты. – Маргарита Васильевна, сіз шыға тұрыңыз. Түземдердің әлі бұзылмаған әдетімен санаспауға болмайды:
Жуан сары дәрігер әйел иығын қиқаң еткізіп, шығып бара жатып, Рысқұлға:
– Сеники қорқақ, – деп кетті.
– Ананы қарашы, бұлғаңдауын қарашы, ұялмастан отырмақшы осында, нешауа, маржа, нешауа, – деп Рысқұл да күліп жіберді.
Комиссия ғылымға әлі белгісіз бір ерекше жанды тамашалағандай жалаңаш Рысқұлды жан-жақтан зерттей бастады. Тексерушілердің айтқанын хатшы қағазға түсіріп отыр:
«Статьялық тізім № 1
Жетісу облыстық басқармасында толтырылды. 30 октябрь, 1905 ж.
Жылқайдаров Рысқұл. Ұлты – киргиз (қазақ)
Жасы – 45
Бойы – 2 аршын 48/8 сүйем.
Дене бітімі – мығым.
Көзі – қоңыр.
Бетінің түсі – қара торы.
Шашы – қара, аздаған ағы бар.
Сақал-мұрты – қара.
Құлағы – орташа, сопақтау, түгі майда, сырғалығы салбыраңқы, әжімді, шұңқыры үлкен, тереңдеу.
Ерекше белгісі: сол құлағы оң құлағынан кішкенелеу.
Алдынан қарағанда құлақтары қалқаңдау.
Маңдайы – жазықтау, терең қос әжімі бар.
Қабағы – орташа, қату.
Мұрны – орташа көлемді, кеңсірігі батыңқы емес, үсті аздап дөңестеу.
Шықшыты – түзу.
Тісі – түгел, қатты.
Ерекше нышандары:
Басының құйқасында үш тыртық бар.
Сірә, соққыдан түскен.
Оң иығында бір сүйем тыртық бар. Сірә, соққыдан түскен.
Он аяғының тізесінен жоғары тыртық бар. Сірә, соққыдан түскен. Сол жақ қабырғасын ала бір қарыстай ұзын тыртық бар. Сірә, соққыдан түскен.
– Мынаның сау жері жоқ қой. Тұлабойы сойылдың ізі, – деп қалды комиссияның бір мүшесі.
– Да, – деді вице-губернатор креслода отырып. – Сұраңдаршы, бұл жарақатты қайдан алып жүр?
Тілмаш Осташкиннің сұрағын аударғанда, Рысқұл мырс етіп:
– Е, дәу мырза, Рысқұл не көрмеген Рысқұл. Мына иықтағы тыртық Ақсу-Жабағылының аюымен алысқанда түскен. Онда мен небары он тоғызда едім. Мұрнына самал түскен бір ағайынға аюдың өті керек болып, аңға шыққанда, абайсызда жарықтықпен бетпе-бет кездесіп қалып, мылтығымды кезеніп үлгермей, алысқаным бар. Ал мына қара сандағы тыртық Саймасай жұмсаған бір жортуылда жылқы алғанда дойыр қамшы тіліп кеткен. Бастағы тыртықтар көкпардың додасында дойыр тиіп түскен, барымтадан қалғаны да бар. Жотадағы жараның орны бәрінен жаңа. Қызыл Жебе деген жүйрікті Саймасай сойғызайын деп жатқанда мен ара түсіп, сонда соққыға жығылдым. Ал мына қолдағы тыртықтарды абақтыға атжалман жіберіп өздерің талатып түсірдіндер. Ал тыртықсыз соққылар қаншама? Бастағы шаштан да көп. Оның несі сөз, дәу мырза. Мына кәмесияң ең басты белгімді таба алмады, дәу мырза. Ол менің жүрегімдегі жара ғой. Зорлардан зұлымдықты көп көрдім. Жүрек содан жаралы. Менің жүрегімде түк бар, дәу мырза. Бірақ сол түкке қырау тұрып қалған. Пендеге пенде болып жүргенімде ол қырау жібімейді. Міне, мендегі ең басты белгі. Басқасы түк те емес.
– Жақсы белгілер екен, – деді еңгезердей Осташкин. – Айдаудан қашып кетсең, ұстап беретін белгің көп. Көрдің бе, бәрін қағазға түсіріп жатыр. Қан майданға қатысқан батырларда да ондай таңба жоқ.
– Е, дәу мырза, мен қашқанда қайда кетер дейсің? Аяқтағы кісен мынау.
– Кісенді саған жуанырақ соқтыру керек сияқты. Аюды жалаң қолмен буындырып өлтірген палуан ана кісенді қурайдай бырт еткізіп үзе саларсың.
– Кісенді саған салса ғой, көп темір кетер еді, ә, дәу мырза. – Тілмаш мүдіріп қалып еді, вице-губернатор:
– Что? Что он сказал? – деп қадалды. Рысқұлдың айтқанын естігенде, басқалар үрпиісіп қалып еді. Осташкин қарқылдап күліп жіберді.