Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ойбай-ау, жардың басында түрегеп тұрып атты ғой. Жап-жақын жер, Рысқұлды танимыз ғой.
– Әуелі «Мен Рысқұлмын», – деп өзі дауыстады ғой.
Содан соң, судья Рысқұлға сұрақ берді. Жанындағы қарауылдар оны иығынан түртіп отырып тұрғызды. Тілмаш Шоқұлы да орнынан көтерілді.
– Сотталушы Жылқайдаров, управитель Саймасайды атып өлтіргеніңді мойындайсың ба?
– Жұрттың бәрін сұраққа алып, несіне әуре боласың, мырза. Атқан мен, – деді Рысқұл айылын жимай.
– Управитель Саймасай өкімет өкілі екенін білесің. Біле тұрып неге аттың?
– Атпасқа болмады, мырза. Адам түгіл итті де бүйтіп қорламас. Отымен кіріп, күлімен шықтым. Талай бейнетін көрдім. Еңбегім, табан ақы, маңдай терім қайтпады. Ақымды жеді болыс. Ақыры мені жазықсыздан жазықсыз түрмеге жаптырды. Кеудемді кек кернеді, көкірегіме запыран толды. Бүйтіп тірі жүргеннен өлген артық еді, мырза. Бірақ жастығымды ала жатайын дедім. Өкімет өкілі дейсің. Қолында билік, маңдайында мансабы бар адам әділ болар, халықты қанаған, жаудан жаман тонаған, үрерге итімізді, сығарға битімізді қалдырмай, сан-сапалақ салық салып, жоқ-жұтаңымызды сыпырып алған болыс сонда кім үшін болыс? Аттым, атасына нәлет.
– Жоғары мәртебелі судья, менің сұрағым бар, – деп дауысы шәңкілдектеу, шашы тікірейген прокурор қолын көтерді. Судьяның рұқсатынан соң қарама-қарсы жақтағы Рысқұлға бетін бұрып:
– Айыпталушы, айтыңызшы, сізге Саймасайды өлтіру жөнінде ешкім кеңес берген жоқ па? Әлдекім жұмсаған жоқ па?
– Жоқ! – Рысқұл шорт кесіп.
Сөз кезегі прокурорға тигенде, шағын бойлы, шақша бас, тікенек шашты, шәушиген беті бір уыс адам көзілдірігін киіп алып, шіңкілдек дауыспен ұзақ сөйлеп кетті. Қазіргі кезде бүлікшілдердің бас көтере бастағаны, соның әсері киргиздарға да ықпал еткені, патша қызметіндегі адамдарға деген қастандықтың өте зиянды екені, қырық бір болыс қол қойған арызды ескерусіз қалдыруға болмайтындығы, тағысын тағылар... Ақыры прокурор дауысын мейлінше қаһарлырақ шығарып:
– Рысқұл Жылқайдаров әскери сотпен сотталса, өлім жазасына лайық қылмыскер. Ал біздің рақымы мол, дархан императордың Жетісу болысына әскери сот енгізбегені – Ұлы мәртебелі патшаның елін, халқын сүйгендігінің белгісі. Бірақ бұл кісі өлтіруге, жай кісі емес, ақ патшаның адал қызметкері, аса сыйлы адамды өлтіруге жол берілсін деген сөз емес. Менің айтарым: Рысқұл Жылқайдаров жиырма бес жыл каторгаға айдалып, барлық мал-мүлкінен айырылсын.
Бұл талапты естігенде Рысқұл мырс етті. Бетінің терін орамалмен сүртіп тұрған прокурор Рысқұлдың мұнысын байқап:
– Неменеге күлесіз? – деп шақшиды.
– Мал-мүлкінен айырылсын дегенің не, прокорер. Менде мал-мүлік бар ма еді?
– Сөйлесуге рұқсат жоқ! – деп судья кішкентай балғамен қоңырауды қағып қалды.
Прокурор өкініп отыр. Талай кылмыскерді айыптап, жаза салмағының әр түрін беріп еді. Талайы жалынып-жалпайып, кешірім сұрап еді. Мынау күледі. «Өзіне өмірлік каторга жазасын сұрамаған екенмін», – деп пұшәйман жеп отыр.