Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Судья жолдастарымен бірге залға қайта оралған кезде құлаққа ұрған танадай тыныштықтан шыбынның ызыңы ғана естіліп тұрды. Тіпті шыбындаған ешкінің құйрығындай тыныш таппай отырған прокурордың өзі де қалшиып қалды. Судья жұрт отырар-отырмастан үкімді жариялады.
– Он жыл каторга!
Прокурор бүйі тигендей ұшып тұрды.
Қуанғаннан адвокат та атып тұрды.
– Қалайша, – деп шар етті прокурор.
– Прокурор мырза, соттың үкімі жарияланып қойды. Енді оны өзгерту тек Түркістан генерал-губернаторының құдіретінде ғана. Сотталушы Рысқұл Жылқайдаровқа соңғы сөз: қандай тілек арызы бар?
Рысқұл сөз бастамас бұрын қос иығын қомдап алды. Қасқабас судьяға ғана қарап тұрып:
– Ей, сот! Мен қатырғыға қатын, бала-шағамды бірге ала кетемін. Оған қалай қарайсың? – деді.
Судья жақтырмай қалды. Рысқұлдан рақмет күтіп тұр еді, бірақ айыпталушы илікпеді. Қайта талап қойып тұр.
– Ол соттың ісі емес. Бірақ тілегіңді губернатордың назарына салайық. Ал Жоғары мәртебелінің атына арыздануыңа болады, – деді сот самарқау ғана. Өзінше істі бір әділ шештім бе деген сенімде еді, бірақ Рысқұлдан ықылас танымай, іші жиырылып қалды.
* * *
Түрмеге апарарда айдауылдар, сырттағы баспалдақтан түсе бере Рысқұлдың аяғын қайта кісендеді. Талыстай еменде бүкшиіп отырған шоң мұрын Ахат ағасы:
– Не болды, Рысқұл-ау? Не болды? – деп қалтаңдап тұра берді.
– Он жыл, Ахат! Он жыл, атасына нәлет! Қатырғыға айдайды. Сен әлі кетпеп пе едің? Не бар отыра беріп? Қайт ауылға.
– Бізде ауыл бар ма, қарағым-ау ауыл қайда, топалаң тиіп, топырағы суырылды ғой ауылыңның. Сені әкеткенше осы қаланы айналақтап, жүре тұрамын, қарағым.
– Анадағы Петербор орысына тағы хат жаздыр. Кім біледі, жандалбаса ғой. Мүмкін, бір себебі тиюі. Досың Рысқұл он жылға сотталды, Сібір айдалатын болды де.
– Қайдам, қарағым, ана жолғы хаттан хабар болмады ма? Әлгі ноғай алдады ма, кім біледі. Тағы барып көрейін. Тұрарды бір көрсем деймін.
– Тұрарды көргің келсе, үлкен шіркеудің алдынан тос. Сондағы мектепке түрме бастықтың баласын күймемен алып барады. Сонда жолығарсың.
– Мә, қарағым, мынау менің тапқаным. Тұрарға апарып бер, – деп Ахат Рысқұлға бір түйіншек ұсына беріп еді, айдауыл жұлып алып, түйіншекті шешіп қарады: ішінде бір қалта талқан, бір уыс құрт, қағазға оралған қораз кәмпит бар екен. Қауіпті зат таппаған айдауыл түйіншекті Рысқұлға ұсына берді. Екі айдауыл, бір тұтқын бағанағы трашпенкеге отырып, түрмеге беттеді. Трашпенке келесі көшеге түсіп, көрінбей кеткенше, Ахат арттарынан үздіге қарап көп тұрды.
* * *
Губернатор фон Таубе округтік соттың шешіміне қанағаттанбай қалды. Адъютанты арқылы судьяны шақыртты. Қасқабас судья хабар алысымен бір минут кідірмей, «Рысқұл ісін» құшақтап губернатордың алдына жеткен.
– Құрметті Алексей Иванович, управительді өлтіруші бұзыққа бүйрегіңіз сонша бұрғаны қалай? – деп фон Таубе бірден алқымға қол салды. – Қай уақыттан бері империя жаулары сіздің рақымыңызға ие болатын болған?
– Ғафу етіңіз, Жоғары мәртебелім, – деп Кузьмин әңгімені аяңмен бастады. – Біздің сот, яғни ұлы патшаның соты, әділет принципін ұстанады. Гуманизм деген бар. Одан аттап кете алмайсың. Киргиз Рысқұлды кісі өлтіргені үшін маңдайынан ешкім сипамайды. Бірақ барлық аргумент Саймасайға қарсы. Егер управительдер халыққа жазықсыз жәбір көрсете берсе, халықтың наразылығы күшейеді. Одан сайып келгенде, империяға зиян шаш етектен, Жоғары мәртебелім. Өртті өршітіп алып өшіріп әлек болғаннан гөрі, оны тұтатпау әлдеқайда тиімді. Ал Саймасай жатқан жыланның құйрығын өзі басқан. Іспен танысқан боларсыз, басқа қиянаттарын былай қойғанда, «Қызыл Жебе» дейтін бәйге атының өліміндегі сойқанды ғана еске алыңызшы. Сұмдық қой. Тағылық қой барып тұрған...