Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жетісу облыстық басқармасы біздің 1905 жылы 17-желтоқсанда 18374 нөмірлі телеграммамызға жауапты жеделдетуіңізді өтінеді. Киргизка Ізбайша Жылқайдарова өз күйеуі Рысқұл Жылқайдаровпен бірге каторгаға баруға келісе ме, жоқ па ?
Вице-губернатор Осташкин».
* * *
Шығыс-Талғар болысын жиырма жылдан астам мекендеген Тау-Шілмембеттен туған жері Түлкібасқа тұңғыш оралған Омар болды. Баяғы көзкөргендердің көбі жоқ. Мұны білетіндер қатары селдіреп қалған. Арып-ашып, қайыршылық халге жеткен Омарды түлкібастықтар әрең таныды. Қанша айтқанмен, өз жұрты ғой, жылу жиып, босағасынан сығылысып орын берді.
Қарақойынның қырқасындағы бұрынғы мекеннен тек шоңайна басқан төмпешік қана қалған екен. Омар сол тоқал тамнан қалған, сидиған қурай басқан үйіндінің үстіне шығып, бір кезде балалық шағы, балаң кезі өткен үйдің енді моладай томпайып жатқанын көріп, өкіріп тұрып жылады. Жылағанмен көзіңе ғана әлің жетеді, басқа қылар дәрмен жоқ, белді бекем буып, дәт қылып, Дауылбай болыстың алдына барып, айыбын кешуді сұрап, аяғын құшты.
Болыс та қартаяйын деген екен, бірақ тақтан таймапты. Мекені баяғы сол Күмісбастау. Дауылбай Омарды есіркеген болды.
– Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң, – деп мейірім білдірді. Баяғыдай ақиланбай, байсал танытады. – Жат жарылқамас, өзің өлтірмес, басқанды былай қойғанда, алдыма айыптымын деп келсе, Рысқұлды да кешер едім. Есіл ер ақыры түрмеде шіритін болған екен. Өзінен болды. Басқа ешкімнің кінәсі жоқ. Қанша жанды азғырып, соңынан ертіп қанша қатын-баланың көз жасына қалды. Жә, Омар, өз еліңе келген екенсің, енді есің кірген шығар. Қолыңнан келгенше қызмет қыл да бұйырған наныңды жеп жүре бер. Енді бұзықтардың тіліне азып, адаспассың.
Дауылбайдың рақымына риза болған Омар басы жерге жеткенше иіліп:
– Өле-өлгенше құлың болып өтейін, Дәуке! – деп ант етті.
Оған сонда дүниеде Дауылбайдан дархан, әділ адам жоқ сияқты көрінді. Жиырма бес жыл бойы елден безіп, Дауылбайды жау тұтып, қателескеніне өкінді. Елден жиған жылумен түтін түтетіп, басына лыпа тұрғызып, жұрт санатына қосыла бергенде, Омарды шабарман келіп, шапшаң болысқа алып барған. Дауылбай бұл жолы алғашқыдай емес, оны ызғар шаша қабылдады.
– Ант ұрған алсай, сендердің қырсықтарың қырық есекке жүк болғандай. Жиырма жылдан астам құлақ тыншып еді, енді тағы басталды бәлелерің.
Омар түкке түсінбей, «не жазып қалдым?» – деп дегбірі кетті.
– Рысқұлдың Ізбайша деген қатыны бар ма еді?–деп сұраққа алды болыс.
– Бар, Дәуке.
– Бар болса, сол қаншық қайда қазір?
– О жағын біле алмадым, Дәуке. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен бір заман өтті бізден. Мен кеткенде Ізбайша Саймасайдың інісі Анарбай болыстың адамдарының қарауында қалған. Қашып кетсе, қайдан білейін!
– Алматының оязы, Жетісудың губернаторы іздеп жатыр. Демек, ол жақта Рысқұлдың қатыны жоқ. Шымкент оязы арқылы біздің Майлыкент болысынан іздетіпті. Кылмыскер болып, Алматыға сыймай қашқан екенсіңдер, Түлкібаста нелерің бар, басбұзар, қаны бұзықтар? Бір күні сені де іздеген қағаз келіп әуре салар. Тыныш жатқан ел едік. Қайдан ғана келдің тентіреп! Кетсең қайтеді келген жағыңа, бәлең жұғып жүрер?
Омардың дәу денесі опырылып, көктем қарының суы бұзған жарқабақтай морып бара жатты.
– Дәуке, айналайын, Дәуке, менің жазығым жоқ. Жатсынба! Мен сенің құлақ кесті құлыңмын. Өлімтігімді сүйрелеп, әрең жеттім туған жеріме. Қума мені! Менің басым даудан аман. Ешбір шатағына қатысқан жоқпын. Қалдыр мені! Ая мен пақырды!
– Ал Ізбайша қайда сонда? Не деп жауап беремін мына ояздың хатына?
– Ізбайша бір болса – Қырғызбайдың қолында болар, Дәуке. Баяғы Соқырдың Қырғызбайын білесіз бе? – Соқыр атын естігенде Дауылбай селк ете қалды.
– Білесіз, Дәуке, сол Қырғызбай баяғыда біз елден кеткенде Меркеде қалған. Әлі сонда. Рысқұл інісі Молдабек те, Ізбайша жеңгесі де сол Қырғызбайды паналап барар-ау деп шамалаймын.