Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Бара алмаймын деп қолыңнан бір жапырақ тілхат бер. Біз де жолымыздан қалмайық. Әңгіме осымен бітті дейік. Қалай хат білуші ме едің? Білмесең жақының ғой, қайнағаң Қырғызбай жазсын, – деді.
Ізбайша бір сәт өзінің тілхатын әлдекімге оқытып отырған Рысқұлды көз алдына елестетті. Ізбайша түрме көрмеген. Ол түрмені қиссадағы зындан деп біледі. Зындан түбіне лақтырған тастай болып жатқан Рысқұл мұның тілхатын алады. Өзі хат танымайды. Біреуге оқытады. Тілхатты оқып берген адамға сенбей, өзінің өр мінез, құлық-сұмдығы жоқ туралығымен тік келіп:
– Әй, не оттап тұрсың? Мұны жазған Ізбайша емес! – дейді. Бірақ көңіліне күдік кіреді. – Шынымен Ізбайша менен безгені ме? О, опасыз қаншық! Қойныңдағы қатыныңа, астыңдағы атыңа сенбе деген осы, атасына нәлет! Менімен бірге бармасаң, – бадал! Басқа бай тауып ал! Көрермін көгергеніңді! – дейді.
Ізбайшаның тізесінде момақан жатқан кішкентай қыз бала кенет басын көтеріп алып, өгей шешесінің көзіне бейкүнә жәудір, жәдігер көздерін қадап:
– Жеңеше, көкеме барам, көкеме барам, – деп кемсең-кемсең етіп, дауысы бірте-бірте көтеріліп жылап қоя берді. Ізбайша Түйметайды бауырына қысты:
– Жылама, барамыз көкеңе. Көкенді тастап біз қайда кетуші едік, – деді. Кішкене сәби жылағанын қоя қойды. Ізбайша сонда болысқа бұрылып:
– Мырза, бізді босатыңыз. Рысқұлға жетейік. Бізді аясаңыз, құдай сізді аясын, – деді.
Бектен болыс кенет шытынап, шарт етіп:
– Үйден шыға тұр! Біздің оңаша әңгімеміз бар, – деп зекіп айтты. Бағанадан бергі сыпайылық пердесін біреу сыпырып алғандай, дөрекі.
– Жеңеше, сен де шыға тұр, – деді Қырғызбайдың қатынына. Ол байғұс болысқа ажырая бір қарады да, ернін сылп еткізіп, оқпақ құстай ордаңдай, өз есігін өзі тарс еткізіп қатты жауып шығып кетті.
Бектен болыс сонда барып Қырғызбайға шүйілді.
– Ал, делдалым, қолыңа қағаз-қалам ал.
Қырғызбай сандық жаққа қарап қалбалақтап қалып еді, пристав сөмкеден бір парақ қағаз бен қалам ұсына берді.
– Жаз, – болыс бұйыра сөйлеп. –
«Мен Жылқайдаров Рысқұлдың әйелі Ізбайша Жетісу губернаторына мынаны мәлімдеймін. Рысқұлдың соңынан еріп, ссылкаға баруға келісім бермеймін! Қазір Әулие-Ата уезі, Аспара болысында Соқыров Қырғызбайдың қолында тұрып жатырмын.
Сауатсыз Жылқайдарова Ізбайша үшін қол қойған Соқыров Қырғызбай. 20-ақпан 1906 жыл».
– Делдал емес молда болуға лайықты адамсың-ау, Қырғызбай. Кәне енді қолыңды қой. Дұрыстап қой. Анау-мынау, жаман-жәутік емес, губернатордың өзі оқиды бұл хатты. Сенің арбашаңды ол түсіне алмас, әрине тілмашы бар ғой. Бәлкім, Рысқұл туысқаныңа да көрсетер. Ол сенің қолыңды танитын шығар.
«Рысқұлға көрсетер» дегенде Қырғызбай шошып кетті. Қолын қояйын деп ыңғайланып жатқанда қайтадан тартып алды.
– Но-но! – деді пристав түсін суытып. – Базарда жүрген жеріңнен ұстап алып, түрмеге тығып тастармын бәлем.
– Менің қолым жүре ме, әйелдің өз қолы керек, – деді Қырғызбай болыс пен приставқа кезек-кезек жалтақтап.
– Ол сауатсыз, білдің бе? «Сауатсыздығы үшін» деп жаздың ғой жаңа, – деп пристав тағы тұқыртып тастады.
Пристав тұрмақ, Меркедегі төрткүлдің базарында пиянкеш урядник бопсаласа, бір сөзге келмей бір сөлкебай беріп құтылатын Қырғызбай, мына төренің ызғарына көп төтеп бере алмай, жүрегі мұздап отырып хатқа қолын қойды. «Кешір, бауырым», – деді ішінен Рысқұлмен тілдесіп. – Кеш мен бейбақты. Баяғыда саған ілеспей, орта жолда Меркеде қалып қалғанымды қаламап едің. Енді тағы бір опасыздық болды. Оның есесіне сенің әйелің мен балаңды бағып, қағуға ант етейін, бауырым. Сенің алдында арым таза болсын».
– Ну, Киргизбай, – деді пристав тілхатты ыждағаттап сөмкеге салып жатып. – Енді бұл әйелге әзір бол. Қашып кетіп жүрмесін. Айырылып қалсаң, ух! Рысқұлдың артынан ол емес, сен кетесің.