Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Төрелер үйден шықты. Жас төлдің кіндігі қатпаған ерте көктем еді. Күн едәуір кешкіріп қалыпты. Аспараның басындағы сәуле малған майда бұлт қоянның жон арқасындай жұмыр, жұмсақ. Аспан кеуілім жай, мөлдір көк. Мықанның арғы бетінде бір салт атты қырғыз тауды бетке алып, әндетіп кетіп барады:
– Ишь ты, қара-киргиз,– деді пристав әндеткен салт аттыға қарап:
Мықанның арғы беті – қырғыздар. Әулие-Ата оязына қарайтын Шалдуар болысы. Қазақты – «киргиз», қырғызды «қаракиргиз» дейтін әдетіне басып тұр пристав.
Алатауға приставтың көзімен қарасаң, қиқы-жиқы үйілген тастар. Көктем алдында қуанышы кішкентай кеуделеріне сыймай шықылықтаған шымшықтардың қазіргі беймаза тіршілігінен; кешегі алтын күректен кейін жұмыртқа қабығын тесіп шыққан балапан құсап, тоңы жібіген топырақты түртінектеп шығып келе жатқан көктің сыбдырынан; бетіңді қыз алақаны сипағандай саф самалдың лебінен; осының бәріне шала мас болып бара жатқан анау қырғыздың сағынышты ән сазынан мына болыс пен пристав бейхабар. Көкіректе сезім қылы дың етпеген кәркеуделердің табиғаты тасыр, тілі докір. Верныйдың түрмесінде әкесімен бірге жатқан Тұрар Рысқұловпен енді он жылдан соң бетпе-бет кездесетіндерін бұл екеуі қазір білмейді. Аспара болысы Бектен Медеров пен Мерке приставы Афанасий Сокольский. Терек басында қураған жапырақ қалтырайды. Олар бұған назар салған жоқ.
– Поехали, – деді пристав.
* * *
Алматының аспанында да жаңа көктемнің толғағы бар. Көгілдір, түпсіз көк әлем. Бір қылау жоқ, бір қылпық жоқ. Жаратқан құдірет бар екені рас болса, дәл қазір аспанда ол жасырынар жер жоқ. Жаратқан құдірет бар болса, дәл қазір ол адамдардың көзіне көрінер еді. Бір жылдан астам уақыттан кейін күннің көзіне бірінші рет шыққан Рысқұлды көрер еді...
Айдауыл камераның есігін ашып:
– Рысқұл, ағаң келді, далаға шық, – деп сүйінші сұрағандай болды.
– «Менің қандай ағам бар еді?» – деп Рысқұл дағдарыңқырап қалған. «Ағаң» дегенде алдымен ойына оралғаны баяғы марқұм Бердіқұл болды. Су түбінен көрінген суреттей болып Бердіқұлмен қатар көз алдына Дауылбайдың сүлдері тұра қалды. «Дауылбай да ағам, – деді Рысқұл. – Ол да алыс емес. Бірақ жазықсыз Бердіқұл жер жастанып, Дауылбайдың әлі осқырып отырғаны жаман».
Айдауыл Рысқұлды далаға шығарардың алдында аяғына кісен салды. Түрменің ауласына шыға бергенде жерге күн құлап түскендей дала жарқ ете қалды. Рысқұл еріксіз екі көзін басып тұрып қалды. Күн екеш жарық күнді де жатырқауға болады. Күндіз-түні тас шыңыраудың ішінде жатқан адам, ақ сәулеге көзі үйрене алмай әз соқырдай түртінектеп әйтеуір алға жылжи берді. Бірте-бірте көзі жарыққа үйренген соң әуелі, ауланың ішін таныды. Тақыр қораның ішінде мүмкіндігі бар жерге қылтиып көк шығыпты. Биік дуалдың сыртындағы нау теректер бүршік жарып, ашаң жасыл алқа тағынып қалған екен. Аш адамның тоқ тамақты көтере алмай қалатыны сияқты, кілең қапырық, тымырсық ауаға дағдыланып кеткен өкпе мына таза ауаға шыдай алмай сетінегендей.
Екеуі қақпа алдында құшақтасып көрісті. Ахат екі көзі жасаурап, немере інісіне қайта-қайта қарады. Қара нардай қайратты бұрынғы Рысқұл жоқ. Бұрынғы қарақошқыл өңі бит сорғандай боп-боз. Сүзектен тұрғандай, буыршын еті сылынып түскен.
– Құлыны құдыққа құлаған мама биедей сенің мына абақтыңды айналшықтап шыға алмай жүрмін, шырағым. Әлгі бастығыңа қайта-қайта барып, сенімен көрісуге әрең мұрсат алдым. Жолатпайды, әбілет басқырлар.
Ахат қызыл жиек көзін тағы сүртті:
– Тұрар қалай? Тымау-сымаудан аман ба? Сол қозымды сағындым.
– Аман, Аха. Күндіз жұмысына кетеді, түн баласы біргеміз. Бірақ бұл күнді де көпсініп тұр ғой. Жақында айыратын шығар. Қатын, баланы қатырғыға бірге ала кетемін деп губірнатырға арыз айтқаныма талай болды. Әлі жауап жоқ. Соған қарағанда созбаққа салды-ау деймін. Иә, өздерің қалайсыңдар? Не болып жатыр ағайын? Ізбайша қайда? Молдабек қайда?