Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тар терезеден ай қиғаштай берді. Ай бетіндегі мең үндемеді. Үнсіз қоштасу шығар.
Ай тасаланып, камераның іші түнекке толды. Рысқұл еденге жантайып, көзін жұмды. Әлгіде түсінде оқыған Ізбайшаның хаты көңілінде қайта сайрай бастады. Көкірек көзіне Ізбайша елестеген қалпында, кірпігі айқасып, Рысқұл қалғып кетті.
Ізбайша оны жаңа көргендей, түн қараңғысында танымай қалғандай жұмсақ алақанымен бетін сипалады. Маңдайының сызықтарына дейін түгелдеп, құлағының сырғалығын ұстап көрді. Ақыры Рысқұл екеніне көзі жеткендей, бетіне бетін тақап, ерінің мойнынан құшақтап, күрсініп қойып, көп жатты. Тәтті түс Ізбайшаны ғайыптың ісімен Сібірге де, Сахалинге де алып барады.
Сахалин сапарында жүріп, Рысқұл туған елін, Ақсу-Жабағылының аршасын, Алатаудың ақ шыңдарын, жәдігері Тұрарын, тұлымшағы селтиген Түйметайын өзегі үзіліп сағынғанда, Ізбайшаны да аңсайтын болады. Жалған хат пәк көңілді жаңылдыра алмайды.
Приходько үйінде Наташаның бәсіре бөлмесі болар еді. Бөлме тап-тұйнақтай таза, шап-шақ қана. Бір қабырға кітап толы шкафтар, екінші жақ іргеде жап-жалтыр қара пианино тұрады. Жалтырағаны сонша, суретің көрінеді. Наташа гимназиядан келген бойы, портфелін тастай салып, формалы киімін ауыстыруға да шыдамы жетпей, пианиноның ауыр қақпағын ашып, нәзік саусақтарымен піл сүйекті аппақ клавиштарды басып-басып қалғанда, кішкентай жүрегіңнің қылдарын біреу шертіп-шертіп жібергендей сиқырлы үн төгіліп жүре береді.
Ахат атаның қотыр ағаш домбырасынан өзге аспап көрмеген Тұрар үшін пианино дегенің тек ертектің елесі. Бірақ ертек те емес, түс те емес, жалтыр қара ағашын сипауға да жасқанып, сиқырлы күй сандықтың қасында тұр.
– Ойнап көрші, – деді кенет Наташа Тұрарға айналмалы дөңгелек орындықты ұсына беріп.
– Жоқ, мен білмеймін, – деп Тұрар шегіншектеп еді, Наташа оны жеңінен тартты.
– Ұялмай-ақ қой, мүмкін, үйреніп кетерсің. Мүмкін, сенен үлкен музыкант шығар. Сен өте алғырсың ғой. Аз уақытта жазуды да, оқуды да үйреніп қалдың.
Тұрарға мына қыздың боямасыз шын сөзі жігер берді ме, именбей барып орындыққа отырып, әуелі қаз-қатар аппақ клавиштарға бір қарап алып, оң қолының сұқ саусағымен ғана біреуін басып байқады. Дәу күйсандық мұны жатырқағандай гүр ете қалды. Тұрар қысылыңқырап Наташаға қарап еді, қыз сықылықтап күліп жіберді. Сонан соң басқа орындық әкеліп, Тұрармен қатар отыра қалып:
– Кәне, бір ән айтып көрші. Мейлі қазақша бола берсін. Ыңылдап, нобайын келтірсең болғаны, – деді. – Мен қосылайын.
– Ән білмеймін.
– Қойшы. Бірде-бір ән білмейсің бе?
Бесағашта әншілер бар-ақ еді. Бірақ әндері мұңды келетін. Той-томалақта, боза жорада екеу-екеу қосылып айтысқанда, сөздері мына сарындас келетін:
Жиырмаға жиырма жуық дейді
Шаңырақты көтерген уық дейді, ғашық жар.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өлгеннен соң қара жер суық дейді, ғашық жар.
Неге екені белгісіз, сол көп әндерден қазір Тұрардың есіне түскені «Елім-ай» болды. Ахат та ұдайы осы әуенді домбырамен тыңқылдатып отырар еді. Қазір Наташа қолқалап қоймаған соң, бала сол әуенді ыңылдап айта бастап еді, Наташа ілезде қағып алып, пианино тіліне түсірді. – Қазақша бір сөз білмейсің, қалайша тез түсініп қойдың? – деп Тұрар таң қалды.
– Музыкаға тілдің, тілмаштың керегі жоқ, жақсы музыка кімге болса да түсінікті, – деді қыз қазақ әуенін бірден ұғып алғанына қуанып.