Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ағайын елге ауған. Молдабек өз үй ішімен бірге Ізбайшаны, Түйметайды алып Меркеге барамын деп кетті. Жұртта қалған жалғыз мен. Өзің мұнда жатқанда тұра тұрайын дедім, шырағым. Қайда асығамын? Сенімен қайыр-хош айтыспай тұрғанда, ешқайда кетпеймін.

Рысқұл тұнжырап қалды.

– Апыр-ай, бәсе, Ізбайшадан жауап жоқ. Меркеге кеткен екен ғой. Мыналардың менің арызыма үн қатпай қалғаны сол шығар. Таба алмай жүрмесін. Бірақ таппаушы ма еді. Әйтеуір, кешікті.

– Ізбайшаны іздетіп, біздің болыс пен старшынды біраз қысса керек бұларың, – деді Ахат. – Әуелі тоз-тозымызды шығарып еді. Әйтеуір, құдай рахымы түсіп, мені мазалағанды қойды. Сенің Шолақ Шабдарыңды маған қайтарып берді. Әне, сыртта байлаулы тұр. Оны ұмытып кетіппін ғой. Жүр, көресің бе?

«Шолақ Шабдар» дегенде Рысқұлдың құлағы елен етіп, боп-боз өңіне қызыл рең жүгіріп, кәдімгідей қуанып қалды. Ежелгі досын көрмекші болып қақпадан мойын соза беріп еді, айдауыл алдын орап:

– Қайт! – деді.

Бүкіл өмірі ат үстінде өткен адам. тақымы ер-тоқымға тимегелі де жылдан асыпты. Інісі атты сағынғанын сезген қарт бүкшеңдеп барып, терекке байлаулы тұрған Шолақ Шабдарды қақпаның алдына жетелеп алып келді. Рысқұлдың есігіне біткен жалғыз малы. Рысқұл «тәк-тәк» деп тұмсығынан сипап еді, жануар иесін таныды ма, кеберсіген үстіңгі ерні қыбырлап, тұтқынның қолын талмай берді. Бұл сірә, жылқы баласының біреуді жақсы көргенде істейтін ізеті шығар, сонысымен өз мейірімін білдіргені шығар. Не де болса, Рысқұлдың жүйкесі бір жібіп кетті, шыдамы берік азамат тебіренгеннен көмейіне өксік тығыла берді:

– Е, Шолағым, ризамын саған, – деп сыбырлады. – Шіркін, саған мініп алып, Талғар мен Түргеннің тауларын, Шелек пен Есіктің алқабын аралап, жортып жүрген жоқшылық күндердің өзі бір ғанибет екен-ау?!

– Е, шырағым, үмітсіз шайтан ғана болсын. Әлі кім білген. Дәм-тұз таусылмаса, Шолағыңа да мінерсің, – деп сезімтал қарт інісін жұбатқан болды.

– Ой, Аха, сіз де айта бересіз, – деп күлді Рысқұл. – Бұл Шолақ оннан асып қалды. Енді мен оралғанша он жыл өтсе, бұл байғұстың басы қурап қалмай ма?! Бірақ, кім біледі, кімнің басы бұрын қурарын. Менің жаураған жанымды қазір тек үзілмес үміт оты ғана жылытады. Адам сорлы қызық екен ғой. Айдалатыныңды, құлақ естімеген, көз көрмеген, қиянға кететініңді біліп отырып, әлденеден үміт етесің. Не екенін өзің де білмейсің. Бірақ әйтеуір дәметесің.

– Үмітсіз шайтан ғана болсын, шырағым. Үмітіңді үзбе, адамның үміті үзілгені – үні өшкені. Сен тұрмақ, мына жетпістен асып, басы жерге жеткен менің де жарық дүниеден үмітім бар. Енді маған не дауа. А бірақ кеудеден шыбын жан шықпай тұрғанда, қыбырлап жүре бергің келеді. А сондықтан жасыма, шырағым. Мына тірі көлеңкең тықыршып тұр ғой. – Ахат айдауылға қарады. – Сөзді көп созбай, қоштасайын. Тұрарды бір көрсем деп едім...

– Ізбайшадан жауап болмаса, өзіммен бірге Тұрарды ала кетпекпін. Ал алда-жалда рұқсат етпесе, бір құдайға, одан соң өзіңе тапсырдым, Аха. Оған жаны ашитын басқа бір адам жоқ. «Ағайының көп болса адам тимес, көсеуің ұзын болса қолын күймес», – деуші еді. Мен ағайынсыз емес едім, бірақ азаматы аз болды, атасына нәлет. Мен оларды кінәламаймын. Олардан кінә жоқ шығар. Жалаң қолмен от көсеп, аяғы күйген тауықтан тарығып қалған шағымда, Алматының абақтысын, Мекке айналғандай сырттан торып, жанымнан шықпай жүрген жалғыз сенсің. Ризамын, Аха. Екі дүниеде де ризамын. Әлдеқалай заман болса, Тұрарды тастама.

Қарт ағасы Рысқұлды құшақтап, төсіне төсін басып, жел шайқаған кәрі емендей теңселіп, көп тұрды. Сонда кәріліктен шаршаған, үздіксіз соғудан мезі бола бастаған жалқау жүрегі қайтадан жанданып, өлімсіреген өзенге таудан тасқын құлағандай, тулап, дүрсілдеп қоя берді. Шыдамы біткен айдауыл Ахатты иығынан тартып:

– Уақыт бітті! – деп қалды.

Еті қашқан қу сүйек иықтың тынымсыз діріл қаққанын қолымен сезген айдауыл амалсыз тағы аялдаған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий