Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Е, жаратқан бір алла, кеше гөр өзің, жаратылысымда үйден кісі қуып шығып көрмеп ем. Мәжбүр болдым,- деді ауыр күрсініп.
Қолы-қолына жұқпай шұлық тоқып отырған Нәзира әпкем бір кез ісін тоқтатып:
− Әже! — деді.
− Ay қарағым?
− Жоғарғы жақтан үкім кепті, әйелдер мен қыздарды трактордың оқуына жіберіңдер деген.
− Иә.
− Соған әнеу бір күні Байдалы шал колхоз атынан сені жіберсек қайтеді деген маған. Егер келісім берсем, енді жарты айдан кейін сол оқуға кетер ем.
Әжем де түтіп отырған жүнін тоқтатып, оған оқыс бұрылып:
− Ол теміріңді әйел жүргізе алушы ма еді? — деді.
− Жүргізеді. Соғыстан бұрын Паша Ангелина деген тракторшы әйелдің аты мен суреті газеттен түспеуші еді ғой.
− Қыз баласың ғой, білегің жіңішке, темірді жүргізу ауыр тимесе.
− Тракторды жүргізу үшін қара күш емес, білім керек, айла, тәсіл керек.
− Қайдам, қарағым, өзің білесің де,- деді әжем тағы да күрсініп.
− Трактордың оқуын оқысам, бір жағы мамандық алар ем, екіншіден мына ауылдағы қаңқу-саңкудан аулақ болар ем. Әже-ау, өзің ойлап қарашы, қысы-жазы колхоздың мені қуаламайтын жұмысы жоқ, айлап-апталап далада жүрем. Ал трактордың оқуын бітірсем, сол мамандығым бойынша істейтін белгілі бір жұмысым болар еді.
− Мейлің онда, барам десең бар,- деді әжем келісімін беріп. Қуанып кеткен Нәзира әпкем жымың-жымың етіп күлімсіреп, маған қарап көзін қысып қойды.
Мен сыртқа шығып, күндегі дағдымен қоңыр сиыр мен екі ешкіні айдап апарып тұмада суғарып қайтып келе жатқанымда, ауданнан келетін үлкен жолмен ауыл көшесіне кірген бір ат-шана қарсы жолыққан. Үстінде екі адам бар екен: бірі шинель киген, иығында погоны бар, едірейген қалың мұртты, көзі шарасынан шыққан жалпақ бет, алпамсадай зор денелі кісі, белінде ұзын қылышы бар, ал екіншісі тон киген, бет-аузын қалың түкті сақал-мұрт басқан ат айдаушы орыс шалы.
− Әй, балам! — деді мұртты кісі маған.- Ырысбек дегеннің үйі қайсы? — деп сұрады.
Мен Ырысбектің үйін нұсқағам, әлгілер аттарының басын солай қарай бұрды. Сүрлеу жолдан шыққан ат қалың қарды омбылай жүрді.
Қайдан шыға келгендерін білмеймін, соның арасынша біраз бала қасыма топырлап жиналып та қапты.
− Қанат, ол кім екен? Милиция ма?
− Неменеге келіпті?
− Кімге келіпті? Сенен не сұрады? — деп балалар жан-жақтан сұрақтың астына алып жатыр.
− Білмеймін неге келгендерін, Ырысбектің үйін сұрады.
− Ойбай, онда бір қызық болады десеңші.
− Ал кеттік солай қарай…
Біз енді жапа-тармағай Ырысбектің үйіне қарай шұбадық. Көшенің қалың қарына малтығып ат-шана жеткенше, біз Ырысбектің есігінің алдына топырлап жиналып та қалғанбыз.
Ырысбек сурет салып отыр екен, әуелгіде балалардың есігінің алдына неге топырлап жиналып қалғанына түсіне алмай, терезеден бізге қарап түсін суытып, саусағын безеген, артынша ат-шана кеп кесе-көлденеңдей тоқтай қап, одан погоны бар шинель киген мұртты адам ұзын қылышын сүйретіп секіріп түскенін көргенде, көзі алақтап есі шығып, терезеден кейін қарай ыршып кеткендей болды.
Мұртты адам ішке енген, мұндайда біз қалушы ма ек, соңынан топырлап ауыз үйге ілесе кірдік. Түпкі бөлмедегі Ырысбекпен екеуінің сөйлескен сөздері бізге анық естіліп тұрды.
− Жігітім, міне, повесткаң! Он бес минут уақыт берем, тез жинал, қазір өзіммен бірге ала кетем,- деді мұртты адам бұйыра сөйлеп.
− Қалай? Аяқ асты қалай жиналам? — деген Ырысбек сасқалақтап.
− Е, сенің не жиналатының бар? Қалай қиып қалдырам-ау дейтін қатын-балаң жоқ. Әйда, киіміңді ки де жүр.
− Азық-түлік дегендей…