Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біз мұғалім қыздың ағаш шабаданын шанамызға салып, Байдалының үйіне қарай алып жүрдік. Жол бойы ол әрқайсымыздың аты-жөнімізді, нешінші класта оқитынымызды сұрастырып таныса бастады. Өзінің аты Әнипа екен.

− Апай десеңдер болады,- деді.- Мұқан ағайларыңның әскерге кеткенін естіп осы ауылға өзім сұрандым.

Өстіп жаңа келген мұғалім апайымызбен шұрқыраса сөйлесіп, Байдалы шалдың есігінің алдына да жеткенбіз. Үйінен шыққан Байдалы шал, өзінен майға піскен ыстық бауырсақтың иісі аңқи тұрып, мұғалім қызды тіксіне қарсы алды. Ол ұсынған бүктеулі қағазды қолына алып, ары-бері қарады да:

− Бұ неғылған қағаз? — деп сұрады.

− Аудандық оқу комиссариатының мені осы ауылға мұғалім етіп жіберген бұйрығы.

− Біз ешкімнен мұғалім сұрағамыз жоқ,- деді Байдалы шал жақтырмай.

− Сұрамасаңыз да жіберді.

− Қыс ішінде пәтер табу, отын-су табу оңай дей ме екен?!

Байдалы шал қолындағы қағазға біраз шұқшия қарап алды да:

− Әй, сен бері жүрші,- деп, ортамыздан Санатты бөліп ап үйінің артына қарай ертіп әкетті. Санатты неге шақырып әкеткенін біз, әрине, іштей түсініп тұрмыз, хат танымайтын Байдалы шал әлгі қағазды соған оқытып алмақ. Сәлден кейін екеуі де қайтып оралған.

− Қағазды оқыдым,- деді Байдалы шал Әнипаға.- Дұрыс екен. Ал енді бүгінше біздің үйге қон, пәтер жағын ертең қарастырармыз.

− Рақмет, ағай. Менің қонатын үйім бар, сонда барайын,- деді Әнипа апай.

− Иә, ол кім еді? — деген Байдалы шал таңырқап.

− Осында Зылиқа деген кемпір бар ма?

− Бар.

− Сол кісінің үйіне барам.

− Ол Зылиқа кімің болады?

− Ол кісіні сыртынан танитын едім,- онан соң Әнипа апай біздерге жағалай қарап: — Енді мені сол үйге ертіп апарыңдар,- деді.

Біз, Әнипа апайымыздың тілегі бойынша, екі ұлы бірдей майданға аттанып, жалғыз отырған, иілмейтін, қаққан қазықтай тік жүретіндігі үшін бүкіл ауыл Қадауқара атап кеткен Зылиқа кемпірдің үйіне қарай алып жүрдік.

Қадауқара кемпір қолына шыбық ұстап бес-алты қой-ешкісін қоралап жүр екен. Өз үйіне біз бастап әкелген Әнипа апайды таңдана тұрып қарсы алды. Таяп келгенімізде салқын ғана амандасты да, мұғалім қызға көз алмастан шаншыла қарап:

− Жөніңді айт, қарағым? — деді.

− Сіз мені танымайсыз, апа…- дей бастаған Әнипа апай.

− Тұра тұр, тұра тұр,- деді Қадауқара кемпір оның сөзін бөліп.- Сен осы Әлімбайыммен бірге оқыған Әнипа деген қыз емессің бе?

− Иә,- деді Әнипа апай таңырқап.

− Екеуіңнің бірге түскен суретің бар ғой, содан танып тұрмын.

− Қырық бірінші жылы педучилищені бітірерде түскенбіз.

− Қарағым, келші, маңдайыңнан сүйейін,- деді даусы бұзылып, көзі жасқа толған Қадауқара кемпір.- Әлімбайыммен қатар отырған сені кергеннің өзі не тұрады маған.

Қадауқара кемпір мейірленіп кеп Әнипа апайымыздың оң қабағының үстінен сүйді, көзіне толған жасты сүртіп, булығып біраз тұрды.

− Бір жыл болды хат келмегелі…- деді шағынғандай жыламсырап.

− Менің де хат алмағаныма бір жыл болды.

− Жарығым, қай жерде жүр екен?.. О-ой, жалған-ай…- деді Қадауқара кемпір ауыр күрсініп. Тек осыдан кейін ғана жөн сұрады.

− Иә, қарағым, жолың болсын?

− Дәм тартып осы ауылға келдім, апа. Мына балаларды оқытпақпын.

− Оның жақсы болған екен. Қадамың құтты болсын.

− Рақмет, апа.

− Үйге кір, қарағым. Ендігі жөнді асықпай сұрасармыз.

Біз апайымыздың шабаданын үйге кіргізіп кете бергенбіз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий