Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мұртты адам ал кеттік дегендей белгі берді де, шана орнынан қозғалды.
− Қош, туған жер!… Қош бол, ел-жұртым!..- деді Ырысбек даусы дірілдеп. Оның кетіп бара жатқанын Дүрия мен біздерден өзге ешкім білген де жоқ.
БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ
Кешке қарай МТС-тан почташы Мақым шал мен Әжібек те қайтқан.
− Әй, көксоққандар!
Әжібектің келгенін көріп қуанғанымыз сонша, шанаға қарай далақтаса жүгірдік. Бір күн көрмегенге сағынып қалғандаймыз. Шынында да, Әжібексіз күніміз серкесінен айырылғанмен бірдей екен. Ортамызда ол жоқ болған бір күніміздің өзі ертеден кешке дейін көшеде опыр-топыр құр сенделіспен өткен еді. Не жөндеп ойын ойнай алмай, не үйді-үйімізге тарап кете алмай, МТС-тан келетін жолға қарағыштап жіпсіз байланып жүрдік те қойдық. Сол қашан қайтар екен, не бітіріп қайтар екен, темекі алып келер ме екен деп, елегізумен болдық. Бала деген қызық-ау, үлкендер сол Әжібекке жоламаңдар, сол оңбағаннан аулақ болыңдар, әйтпесе бір пәлеге ұрындырады деп құдайдың зарын қылып тыйым салып жатса да, өзіміз содан қаншама жәбір-жапа шегіп жүрсек те, айналып келгенде Әжібексіз таңымыз атпайтындай, күніміз батпайтындай боламыз да тұрамыз. Бүгін, міне, көзіміз соған анық жетті.
Біз почташының шанасына жете бергенде, Мақым шал құлағы салпаңдап, аяғын санап басып келе жатқан шағыр көз жиренінің басын іркіп, шанасынан Әжібек пен бір бейтаныс адамды түсірген.
− Енді әрі қарай өздерің де бара аласыңдар ғой,- деген Мақым шал ол екеуіне атының болдырып келе жатқанын айтып.
− Он шақырым болдырмай келіп, үйге он метр қалғанда болдыра қалған атыңның құлағын…- деді шанадан секіріп түскен Әжібек ыза болып.- Мені қойшы, ауылға бірінші рет келе жатқан мына кісіден ұялсаңыз етті.
− Апыр-ай, ә, шынымен солай ма?! Онда шанаға қайта отырыңдар,- деген Мақым шал абыржып.
− Жоқ, енді отырмаймыз, кете беріңіз! — деді Әжібек шаңқылдай айқайлап.- Бүкіл қайырыңызды шайыр ғып жібердіңіз.
− Қап, ұят болды-ау, ә?! Қарағым, отыршы, баратын үйіңе апарып салайын,- деген Мақым шал әлгі бейтаныс адамға.
− Рақмет, ата, енді өзім де барам ғой, мына балалар көмектеседі ғой,- деді бейтаныс адам нәзік үнмен. Біз оны жасөспірім ер бала шығар деп тұрғанбыз, енді даусынан әйел адам екенін аңғардық. Көзінде көзілдірігі бар, үстінде ұзын сұрғылт пальто, басына ер адамның құлақшыны сияқты бас киім киген ақ сары бойжеткен екен, біздерге көзілдірігінің астынан күлімсірей қарап:
− Оқушысыңдар ма? — деп сұрады.
− Ия, бұлардың бәрі де оқушыларыңыз,- деп, біз үшін жауапты Әжібек қайтарды.-Ойынның түбін түсіріп жүрген көксоққандар. Егер мен болмасам, осы ауылды баяғыда өртеп жіберетіндер ғой. Ал, көксоққандар, танысып қойыңдар, бұл кісі сендердің жаңа мұғалімдерің болады.
− Мен өзім де танысам ғой,- деді қыз Әжібектің таныстырғанын жақтырмай.
− Мен таныстырмасам, бұлар ертең сізге қиқалақтап бағынбай жүрер.
− Маған бұлардың бағынғаны емес, жақсы оқығандары керек. Солай ма, балалар? — деді қыз күлімсірей тұрып.
Біз оның ер балаға ұқсаған киім киісіне, күлімсіреген түріне аңырып қарадық та қалдық. Мұғалім деген біздің түсінігімізде Мұқан ағайымыз сияқты түсі суық, оқушыларға қарап күлмейтін айбынды адам болуы тиіс еді, ал мынау қыз болса езуін жияр емес, дәл бір алыстан келген бәріміздің туыс әпкеміз сияқты елжірей қарайды. Өзінің өңінде, күлкісінде адамды үйіріп тұрар бір жылылық, сүйкімділік бар.
− Жүріңдер, мені бригадирдің үйіне алып барыңдар,- деді онан соң.
− Әй, сен шанаңмен менің мына жүгімді алып жүр,- деді Әжібек Бәтеннің шанасына жарты қап жүгін салып.- Ал сендер,- деді қалғандарымызға,- мына кісіні Байдалының үйіне ертіп апарып салған соң маған келерсіңдер, мен үйде болам,- деді.