Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Енді қараңғы үйде Ырысбек пен Әжібектің күбір-күбір сөзі көбейейін деді. Екеуі қараңғыда отырып киіне бастады.

− Әй Қанат, киін, сен бізді шығарып саласың! — деді Әжібек әмірлі үнмен. Өзімнің де күткенім сол еді, осы пәлелерден тез құтылайық деген оймен оңайда тұрған киімдерімді лып-лып еткізіп үстіме іле сап, қараңғыда жандарына бардым.

− Бұ қайсың, қараңғы үйде түрегеп жүрген? — деп сұраған әжем.

− Әже, біз ғой, қазір далаға шығып келеміз,- деді Ырысбек.

− Ә-ә,- деп әжем онан әрі қарай күбірлеп құдайға сыйынып кетті.

Мен қараңғы үйде сипаланып жүріп есікті ашып, екеуін бастап сыртқа алып шықтым. Түн тастай қараңғы екен. Аспан бұлттанып, оңынан желемік соғып тұр; күн бұзылып, қар жауардың алдында өститін. Иттердің ғана үргені болмаса, ауыл үйдің арасы тым-тырыс, бірде бір үйде шам жоқ, бәрі де тегіс ұйқыға кеткен.

− Нәзира кімнің үйіне кетті? — деп енді Ырысбек сұрады.

− Білмеймін.

− Қалайша білмейсің? — деп ол шап етіп жағамнан ұстай алды. Менің зәрем ұшып кетті, «әжелеп» аттан салуға шақ қалдым.

− Маған айтқан жоқ.

− Жоқ, сен білесің. Қазір бар да, әжем шақырып жатыр деп ертіп кел.

− Рас айтам, ағатай, кімнің үйінде екенін білмеймін, бізге айтпай шығып кетті,- деп, мен шыж көбелек боп тұрмын.

− Онда білмегенің үшін жаза тартасың,- деп Ырысбек дір-дір етіп тұрған күйімде тіп-тік көтеріп алды да, шыр көбелек айналдырып әкеп, есік алдындағы қалың күресінге басымды төмен қаратып қойып қалды. Түнге қарай беті сіресіп жатқан қатты қардың төбеме қатты тигенін білем, бет-аузымды қалың бөргездей осып жібергенін білем, онан әрі сәл есім ауытқып кетіпті. Басым төмен қарай шаншылып күресін қарда қанша тұрғанымды білмеймін, бір кез есім кіргендей боп, аяқ-қолымды тыпырлата бастағам, көрім болғанда, күресіннің жарқабақ жағы опырылып кетіп, есікке қарай домалап түстім. Жан-жағыма үрейлене қарасам, Ырысбек те, Әжібек те жоқ екен, домалай ұмтылып үйге кіріп, жан-дәрмен есікті жауып, ілгегін салып алдым. «Уһ» деп осы жерде ғана есімді жиғам. Ішкі есік ашылып, қолына жалп-жұлп еткізіп май шамды ұстап әжем шықты.

− Қанатпысың? Тыныштық па?

− Тыныш…- дедім мен әжемді қорқытпайын деп түк болмағандай жайбарақат үнмен.

− Әлгілер қайда?

− Үйлеріне кетті.

− Тыныш кетті ме, әйтеу?

− Иә, тыныш кетті,- дедім, өнебойым дір-дір етіп, енді сәл тұрсам, әжемді құшақтап еңіреп жіберуге дайын тұрмын.- Ұйқым келді, әже, жатайықшы…

* * *

Ертеңгісін беті-қолымды жуғанымда, түндегі қар сүрген жерлер тызылдап ашып, алақаныма қабыршақ жаралар мен домбыққан ісіктер білінді. Айнаға барып қарағам; маңдайым, мұрнымның үсті, екі бетімнің ұштары мысық тырнағандай жара-жара боп қапты.

− Қанат, сенің бетіңе не болған? — деді Болат таңырқап.

− Білмеймін,- дедім мен өзім де таңырқаған боп.

− Түнде жалмауыз кемпір кеп тырнап кеткен ғой.

− Солай шығар. Өзі байқамаса, әжеме айтпа, босқа қорқып қалады,- дегем.

− Жарайды,- деді Болат.

Көрші үйге түнеп келген Нәзира әпкем де есіктен кіре бере бетіме жалт қарап:

− Саған не болған? — деді үрейлене.

− Жай, әншейін,- дедім мен иығымды қиқаң еткізіп.

− Түндегілер ғой?!

Мен басымды изедім. Әпкем кеп құшақтап бауырына қысты.

− Қанатай-ай, мен үшін сені де әбден қорлап болды-ау, Ырысбек оңбаған,- деді. Даусы дір-дір етіп, алқымына өксік тығылғанын сезіп тұрмын.

− Әй Қанат! — деді осы кезде ауыз үйде шелектерді салдырлатып жүрген әжем дауыстап.-Анау қорадағы малды шығар!

Мен әпкемнің құшағынан шығып есікке беттедім.

− Әжем көрді ме, біле ме? — деп сұрады әпкем.

− Жоқ, білмейді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий