Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Шіркін, осындай да ғажап ән, ғажап дауыс болады екен-ау?! Бүкіл болмысыңды сиқырлап алып, өзімен бірге еліктіріп, елітіп, тіл жеткісіз ғаламат сезімге бөлейді.
Сөйтіп, бір әннің сиқырлы дүниесіне еніп, соның өзінен ес жия алмай езіліп отырғанымызда, Ырысбек екінші әнді бастап кетті. Тағы да алғашқыға ұқсас, одан артып түспесе кем түспейтін әсем дүние есігін ашты… Онан кейін үшінші ән, төртінші ән… бесінші ән… Ырысбектің әндері көбейе түспесе, азаюшы ма еді. Көзін жұмыңқырап ап, бет-аузы әннің ырғағына қарай сан құбылып, әдемі зор даусымен бүкіл дүниені сиқырлап қойғандай.
Көптен бері, сонау өзі әскерден қайтқан күнгі кештен кейін оның дәл бүйтіп ән салғанын көрмеп едім; өңі керемет сұлуланып, нұрланып, әншейіндегі жексұрындығынан, иттігінен із де қалмаған. Әжем алдындағы жұлық-жұлық жабағы жүнді жібекше талдап түте отырып, әрбір жаңа әннің тұсында басын көтеріп ап, көзі жасаурай сығырайып Ырысбекке айналып-толғана елжірей қарайды, көңілінің көптен бері бір жадырағанын жасыра алмайды; кішкене балалар болса әншейіндегі бірін-бірі түртпектеп отыратын қылықтарынан пышақ кесті тыйылып, бағжырайған көздерін Ырысбектен алмастан ауыздарын ашқан күйде демдерін іштерінен алғандай тым-тырыс отыр; Нәзира әпкем пеш жақтан кеп үстелге бір қырын сәл теріс қарап отырып шай құйған әлгіндегі қалпында тас боп мелшиіп қатып қалған, ән тыңдап отыр ма, жо әлде қалғып кетті ме, белгісіз. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір кез бет-аузын қара тер басқан Ырысбек шаршағандай әнін тоқтатып, барлығымызға күлімсірей қарап шықты да:
− Осымен болған шығар,- деді.
− Өркенің өссін, қарағым, көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой,- деп, әжем шын көңілден ризашылығын білдірді.
Жанар мен Жанат әжемді төңіректеп барып ұйықтап қалған, олардан ересектеу Болат қалғып-мүлгіп есінеп отырса да, намысына тырысып ұйқыға жеңдіргісі келмейді. Менің де ұйқым келіп отыр, бірақ үйдегі естияр еркек езім екенім есіме түссе-ақ, ұйқым шайдай ашылады. Нәзира әпкем тұрып төсек салып, әжемнің екі жақ етегін ала жатқан Жанар мен Жанатты жатқызды.
− Көзің қызарып кетті, сен де енді жат төсегіңе,- деді Болатқа.
Нәзира әпкем балаларға төсек сала бастаған соң, Ырысбек пен Әжібек енді өздері де тым кеш отырып қалғандарын түсініп кететін шығар деп ойлағам. Олай болмады.
− Әже, от жағылмаған суық үйге барғым келмей отыр. Рұқсат болса осы үйдің бір бұрышына қона кетсем деймін,- деген Ырысбек самбырлай сөйлеп. Әжем сәл үндемей қалды да, алдындағы түтілген жүнін жинастырып, етегін қағып орнынан тұрды.
− Қонам десең қона ғой, қарағым. Қонақты қуып шығу салтымызда жоқ қой,- деді. Маған әжемнің бұл жауабы Ырысбектен гөрі Нәзира әпкеме арнап айтылғандай көрінді.
Нәзира әпкем үн-түнсіз төрге балалардың төсегіне қатарластыра қонақтарға да төсек сала бастады. Ырысбек пен Әжібек сыртқа шығып келуге кеткен.
− Әже, мен көрші үйдің біріне барып қонайын,- деген Нәзира әпкем.
− Сөйтсең сөйт, қарғам,- деді әжем күрсіне тұрып.
Ырысбек пен Әжібек кіріп, киімдерін шешініп жатуға ыңғайланған кезде, сырт киімін желбегей жамылып Нәзира әпкем далаға шығып кетті. Әжем жатқан соң, жыпылықтап тұрған шамды өшіріп мен де кеп орныма жаттым. Көзім енді ілініп барады екен, біреу бүйірімнен нұқып қалды.
− Әй Қанат, әлгі Нәзира әпкең қайда кетті? — деп сұрады Әжібек сыбырлап.
− Білмеймін.
− Немене, сонда ол бүгін үйге қонбай ма?
− Көршілердің біреуінің үйіне қонам деп кетті.
Әжібек дереу сырғып барып менің айтқандарымды сыбырлап ЬІрысбекке жеткізді. Сәлден кейін Әжібек сырғып қасыма қайта келді.
− Әй, Нәзира әпкең кімнің үйіне кетті?
− Білмеймін.
− Неге білмейсің?
− Кімнің үйіне кеткенін айтқан жоқ.
− Қап!