Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Байдалы шал мен Зибаш ауылдың ортасымен қос жорғамен қатарласа жүріп мал қораға қарай кетті, басқа активтер де әрқайсысы өз шаруасына бет алған. Жұрттың ең соңында қалған Тұржан қамшысын үйіріп қойып, көзі құтырына ойнақшып біздер жаққа бір қарап:
− Әй, күшіктер! — деп қойып атына қарай жүрген.
− Ойбай, қашайық! — деді балалардың бірі зәресі ұшып.
− Қорықпаңдар! — деді Санат күле тұрып.
− Қазір қызық болады.
Сөйткенше болған жоқ, еліре басып барып атының басын шешіп, ерге енді қарғып міне берген Тұржан, аты осқырынып мөңкіп кеткенде, ер-мерімен жалп етіп ұшып түсті. Мөңкіген аты құлап бара жатқан оны қос аяқпен тепкен, көрім болғанда аттың қос тұяғы Тұржан құшағындағы ер-тоқымға тиіп, аман қалды. Біз, балалар, қыран-топан күлкіге баттық. Біразға дейін тұра алмай тырбаңдап жатқан Тұржанды мазақтамағанымыз жоқ. Енді байқадық, Тұржанның ер-тоқымының айылдарын біреу пышақпен қиып, іліндіріп қана қойған екен. Міне бері ұшып түскені содан. Сәлден соң тәлтіректей көтерілген Тұржан бет аузы қан-қан боп:
− Күшіктер!.. Кулигәндар!.. Көрсетем мен сендерге! — деп шарылдай бастады. Біз тым-тырақай қаша жөнелдік.
− Кім істеді? Кім қиды айылдарын? — деп бір-бірімізден сұраймыз.- Кім болса да жарады! -дейміз сүйсініп.
Сөйтіп, барлығымыздың өшіміз бір қайтқан еді Тұржаннан. Ол бір аптадай үйінде төсек тартып ауырды, сірә, қатты жығылса керек.
Сол екі арада бір күні түстіктен лекілдеп жылы жел соғып берсін. Қар суының күлімсі иісі әлгі желмен аңқи жөнелсін. Леки соққан бір күннің ішінде-ақ сіресіп жатқан қарды тоз-тоз етіп сөгіп, шоқпыт киіздей іргелете түріп, сілікпесін шығарды. Тіпті шыдатар емес. Үлкендердің айтуынша, бұл молшылық болар жылы соғатын ескек желі еді.
Ой, дүние-ай, сөйтіп, көктемге де жеттік-ау!
Бұл — зарыға күткен жеңіс көктемі еді!