Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Амансыз ба,- деп амандасты да, (Бәккенің шешесі қазақша басқа сөздерді сөйлей алмаса да, «амансыз ба?» дегенді өте анық және дұрыс айтатын) шәлісінің астына тығып әкелген бір күлше дөңгелек наны бар екен, соны ұсынды.- Бала тіс жейді,- деді күле сөйлеп. Әлгі күлшенің жүгерінің ұнынан пісірілгенін мен айнытпай танып отырмын. Анда-санда Бәккенің үйіне кіре қалғанда жейтінбіз. Өте тығыз боп піскен, тәтті болады.
− Рақмет, қарағым,- деді күлше нанды алған әжем.
− Балалар тас берсең де жеп қояды ғой.
Мұнан әрі Зейнат баласына шешеншелей жөнелген. Даусы қатқыл, әр сөзі ұрысқандай естіледі. Бір жылдан бері шешенше пәлендей сөйлеп үйренбесем де біраз сөзін түсінетінмін. Сондықтан Бәккенің шешесінін айтқандарын түгел ұқпасам да, ұзын-ырғасын сезіп тұрмын: әкең жұмыстан қайтқанша неге шыдамадың, дейді жазғырып. Бәкке де қатты сөйлеп жауап қайырды: «Әкем келгенше, олар сиырды сойып алса не істеймін» дейді. Шешесі тағы да жазғыра сөйледі: «Егер қолдарына түсіп қалсаң қайтетін едің, олар өлтіріп тастаудан тайынбайды ғой» деген. «Жоқ, өлтіре алмайды, мен оларға өлтіртпеймін»,- дейді Бәкке де қайтпастан. Шешесі мұнан кейін де жазғырып ұрысқан, бірақ Бәкке де өз дегенінде тұрып алды, шешесіне көзін аларта қарап «уай-уай» деп шатынай сөйлейді. Осылайша шешесі мен баласы біраз дауласып сөйлесіп алды да, ақыры Зейнат шарасы таусылғандай лажсыз күлімсіреп әжеме қарады.
− Бала жаман… жаман…- деді қолын сілтеп.
− Жоқ, қарағым. балаң жаман бала емес, жақсы бала,- деді әжем оған қарсы дауласа сөйлеп.- Осы үйге келгенде байқаймын ғой, тәрбиесі де, тәртібі де жақсы бала.
− Вай, вай,- деп Зейнат қарсылық білдіргендей басын шайқап күлді де.- Мен бала, сен бала…- деп бастады да, әрі қарай аузына қазақша сөз түспей тұтығып тұрып қалды, онан соң баласына сен түсіндіріп жіберші дегендей айтар сөзін шешенше жалғастырып әкетті. Бәкке күлді де:
− Әже, менің апам айтады, менің балам сізді өзінің әжесіндей жақсы көреді деп,- деп аударды.
− Е, айналайын, мен де сені мына отырған Қанатымнан кем көрмеймін,- деді әжем де.
Бәкке енді өз шешесіне әжемнің сөзін аударған.
− Вай, вай! — деп Зейнат сақылдай күлді.
Мұнан әрі шешесімен Бәкке тағы біраз сөйлесті де, ақыры шешесі кетуге ыңғайланды, әжеме қарап:
− Мен бала…- деп қолымен ишараттап Бәккені нұсқап, осында қонады дегенді білдірген.
− Қонсын, қонсын. Қорықпа, балаңды сабамаймыз,- деді әжем әзілдеп. Әжемнің әзіліне бәріміз де мәз болып күлдік.
Зейнат кеткен соң шамды өшіріп жатқанбыз. Әжем мен балалар тез ұйқтап қалды да, Бәкке екеуміз қатар жатып ап алаңсыз еркін әңгімеге кірістік. Әуелі Бәкке:
− Қанатай, бұл әңгіме тісіңнен шықпасын, әйтпесе екеумізді де өлтіреді,- деп, маған өзінің қоңыр сиырды қалай тапқанын айтып берді.