Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Зибаш болса, сол шарбақ қоршаудың есігіне сүйенген күйі, Тұржан басынан қамшымен осып-осып өткендей боп, сілейген күйі Тұрып қалған. Біз ініміз екеуміздің қанша шөп алғанымызда да, кеткенімізде де шаруасы болған жоқ. Тіпті айтқан рақметімізді де естіген жоқ. Үйіріле бастаған ымырт қараңғылығында әлгінде ғана аппақ боп жарқырап тұрған айдай ақ жүзі біртіндеп солғын тартып, бір түрлі шаршаған, қалжырағандай күйде қала берді. Бүкіл иттерді шулатып ауылдың екінші басына шыққан Тұржанның есірік күлкісі ымыртта бұрынғысынан да гөрі жаңғырығып, екіленіп, еліріп естіледі: «А-а-а!..»
Біз, Болат екеуміз, буып алған шөптерімізді бүкшеңдей көтеріп, үйге қарай жан дәрмен ышқына ұмтыламыз, құдайдан бар тілегіміз, Тұржан кейін қарай қайта шаппаса екен, бізді көрмесе екен дейміз. Тілегіміз қабыл боп, Тұржан қайтып кейін қарай шаппады, біз аман-есен Зибаш берген шөпті арқалап үйімізге жеттік-ау. Сол күнгі қуанышымызда шек жоқ еді. Қоңыр сиыр да, екі ешкі де шөпті көргенде, бас жіптерін үзе жаздап тұмсықтарын созып мөңіресіп-маңырасып естері шықты.
Обалы не керек, Зибаш берген сол шөп бізге біраз күнге әжептәуір талғажу болды.
Ал сол күнгі Тұржан айтқан хабар ертеніне-ақ бүкіл ауылға тарады: шолақ қол өкіл шынымен-ақ басқа жаққа қызметке ауысқан екен. Ауыл адамдары ендігі жерде Зибаштың бригадирліктен түсетінін де сөз етісті. Қолдаушысы, қорғанышы жоқ әйел қанша тұрар дейсің, Байдалы шал аман болса, әлі-ақ қағып тастайды ғой десті. Әрине, бригадир етіп Тұржанды сайлап алады. Осы пікірге тірелгенде елден маза кетейін деді. Атқарушы боп істеп жүргені мынау, ал егер бригадир бола қалса, бұл Тұржан шетімізден жон арқамыздан таспа тілер десті. Жоқ бұл оңбағанды, бұл лағынетті бригадирлікке жолатуға болмайды. Амал табу керек. Әрекет жасау керек.
Зибаш болса екі-ақ күннің ішінде үсік ұрған жапырақтай боп өңі қуарып, көзінің асты қалталанып, түрі мүлде түр болмай қалған. Үшінші күні Байдалы шал колхоз активтерін жинап жиналыс өткізіпті. Сонда арт жақта отырған біреу әзіл-шыны аралас:
− Шолақ қол өкіл кетіпті ғой. Енді колхоздың кейбір басшыларын өзімізше сайлайтын шығармыз,- деген екен, Байдалы шал көзі шақшаң етіп әлгі адамға:
− Шолақ қол өкіл кетсе, мына бүтін қол біз бармыз ғой, тізгінді өзім-ақ алам,- деп жауап беріпті. Сөйтіп екі-үш күн ауылды кеулеген қаңқу сөзге бірден тыю салған екен. Әлгі адам да, басқалар да жым болса керек. Содан кейін-ақ Зибаштың жүзіне қайтадан қан жүгіріп жадырай бастады.
Сол жиналыс өтіп жатқан кезде, Санат бір топ баланы кеңсенің қасына шақырған:
− Келіңдер, қазір бір қызық болады,- деп.
Үлкендер жиналыстан шыққан кезде, біздер анадай жерде жентектенген сүр қарды домалатып ойнап жүрдік. Кеңседен бірінші боп Тұржан шыққан, бізді көре сала елірмесі ұстағандай:
− Әй, күлигандар, қазір сендерді ме! А-а-а!..- деген сақылдай күліп.
Кеңседен Байдалы шал бастаған басқа активтер де шыққан.
− Әй, Тұржан! — деді Байдалы шал дауыстап.- Әйел адам ғой, анау Зибашты атына мінгіз.
− А-а-а… мақұл аға,- деді Тұржан ыржалақтап.
Тұржан барып Зибаштың атын шешіп әкеп, алдына көлденең тартып, қолтығынан демеп мінгізді.
− Енді менің атымды әкел! — деді Байдалы шал. Тұржан енді Байдалы шалдың атын шешіп әкеп алдына көлденең тартты да, оны да қолтығынан демеп жіберді.
Атына мініп, қоқилана отырған Байдалы шал:
− Әй! — деді тағы да Тұржанға иегін көтере тұрып,- Біз ұзап кеткенше, сен осы арада кідіре тұр, әйтпесе сен атқа мінсең, бүкіл ауылдың итін улыған-шулыған қыласың.
− А-а-а… Мақұл аға,- деді Тұржан бұл жолы да ыржалақтап.