Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мұнан әрі тағы да ұйықтап кеткем… Біреу көтергендей болды. Әлуетті күшті қолды сездім, үлкен адам сияқты.
− Түу, жеп-жеңілі-ай! — деген ер адамның бейтаныс даусы құлағыма жетті.
− Мына араға жатқыз,- деген екінші үлкен адамның даусы. Мұны айнытпай таныдым, Мақым шал ғой. Мені әлгі күшті қол жайлап әкеліп жұмсақ шөптің үстіне жатқызды.
− Бұл әлгі Ықсанның баласы ғой,- деген Мақым шал.
− Қанат па? Бойы сыриып дырдай жігіт бопты ғой,- деді әлгі бейтаныс адам мені танып, еңкейіп кеп мені бетімнен сүйді.- Тү-у, ыстығы қатты көтеріліп жатыр екен.
− Мыналар ит қапқан деп тұр ғой, үйге барған соң ұшықтап жіберсе, бір-екі күнде жазылып кетеді,- дейді Мақым шал жайбарақат үнмен.
«Мынау мені бетімнен сүйген ер адам кім болды екен?» — деп ойлаймын. Көзімді ашқам, айдалада тоқтап тұр екенбіз. Почташы Мақым шал соңымыздан қуып жетіп, мені өз шанасына жатқызыпты. Бас жағымда бір жақ шекесі тегіс ойдым-ойдым, бір көзінің үстін бастыра қара былғарымен байлап алған түсі суық біреу екен. Киімдеріне қарағанда әскерден қайтып келе жатқан адам сияқты.
− Мынау кімнің баласы? — деп сұрады әлгі адам.
− Бұл кәдімгі соғыстан бұрын колхоздың шошқасын баққан Крешке деген орыстың баласы ғой,- деді Мақым шал.
− Бәрекелде, Крешкенің баласы ма-ей? Әй, бері келші. Атың кім?
− Петька.
− Ой, үлкен жігіт боп қапсың ғой, Петька,- деп әлгі адам Петьканы құшағына алып, бетінен сүйді.
− Әй, сенің әкеңмен бірге талай арақ ішіп, ел тыржыңдап қашып жүргенде, шошқаның етін жеп ем,- деді мәз бола күліп. Онан соң Оттоны нұсқап:
− Ал мынау кімнің баласы? — деген.
− Бұл соғыс басталғанда көшіп келген немістің баласы, Ота деген жігіт. Қазір өзіміздің ауылдың баласы боп кетті ғой.
− Кел бері, біздің ауылдың баласы екенсің, сенің де бетіңнен сүйейін,- деп, әлгі адам Оттоны да шақырып ап бетінен сүйді.
− Әй, Бетке, Ота! Шаналарыңды мына менің шанама тіркей салыңдар да, ауылға жүгіріңдер сүйінші сұрап. Соғыстан Көпеннің әкесі Әбен аман-есен келе жатыр деңдер.
«Көпеннің әкесі екен ғой! Байғұс Көпен, кіп-кішкентай, ап-арық боп үйден үй аралап, соқыр боп қалған атасы екеуіне қайыр-садақа сұрап жүруші еді. Маңдайының бағы бар екен де. Енді аштан өлмейтін болды. Ол енді әкесі бар бала. Ауылдағы ең бақытты бала сол болды ғой!..» деп ойлаймын.
Содан мен бір аптадай ауырып жаттым. Бүкіл бір жамбасым, аяғым тегіс күп боп ісіп, алғашқы күндері мүлде қозғалтпай қалды. Мақым шал сиыршының мені қапқан көк төбетінің қылшығын жұлып әкеп, сонымен үшкірген. Екі-үш күннен кейін кезек алып, біртіндеп жараның уыты қайтайын деді.
Мен жатып қалған кезде, қоңыр сиырдың бар тауқыметі Петька мен Оттоға түскен. Екеуі сабақтан шыққан соң, күнде түстен кейін Жарбұлақ жақтағы маяның орнынан ойып шөп әкеледі, оның мұзын ерітіп, желге жайып кептіріп, сабанға араластырып, қоңыр сиырдың алдына тастайды.
− Жақсы жейді,- деп екеуі де мәз болады.
Мен жатқан күндері екеуі сырттағы жаңалықтарды түгел күнделікті жеткізіп тұрды. Біртіндеп күннің жылынып, қардың кете бастағанын солардан естідім. Ауа райы осылай боп тұрса, енді біраз күнде жайма-шуақ көктемнің келетінін, сонда малды тау бөктерлетіп, жайылымға шығаруға болатынын сөз етеді. Келесі келгендерінде қардың астынан қалың көктің қылтиып қаулап келе жатқанын жарыса айтады. Осыларды естігенде тезірек аяғымның ісігі қайтса екен деп шыдамсызданам. Күнде ертеңгісін әжем тұрған кезде, мен де басымды көтеріп, мойнымды созып, терезеден сыртқа қараймын. Күн ашық болса қатты қуанам, көктемнің жақындай түсуі осы күннің ашықтығына байланысты ғой.
− Қалайсың? — дейді әжем.
Мен аяғымды қозғап қойып:
− Жақсымын,- деймін. Әжем кеп көрпемді ысырып, аяғымды сипап ұстап көреді де: