Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сонымен қоңыр сиырға бүгіндікке де біраз шөп табылған еді.
Мектепке келген соң да сабақ арасы Петька, Отто үшеуміздің қыбыр-жыбырымыз, сөзіміз онан әрі жалғасқан. Шыдай алмай кетті-ау деймін, бір сәт қасымызға келген Санат:
− Соңғы кезде үшеуің ерекше бөлініп, сыбырласып кеттіңдер, жайшылық па, айтсаңдаршы? — деген. Сырымызды басқа балалардан жасырсақ та, Санаттан жасырғымыз келмеді. Бар шөбімізді Тұржан атқарушының қырсығынан жеткізіп ала алмағанымызды, енді, міне, бұзаулайтын шағында қоңыр сиырдың ашыққалы тұрғанын, соған шөпті қайдан аларымызды білмей, басымыздың дал болып қатып жүргенін айттық. Санат та ойланып қалды. Келесі үзілісте ол үшеуміздің қасымызға қайта кеп, көңілге қонар бір ақыл берді. Мынау ауылдың іргесінде, Жарбұлақтың бергі тұсында, жолға жақын жерге қара күзде тасып алынған екі маяның орны бар ғой, талай шөп ысырап боп шашылып қалған, сол араның үстінің қарын аршып көрсе қалай болар еді?
− Иә, ол жерді мен білем ғой, талай шөптің шашылып қалғанын өз көзіммен көргем,- деді Отто жұлып алғандай.
− Мен де білем,- деді Петька да.
Ол екі маяның орны менің де көз алдымда еді. Күзде талай рет Нәзира әпкем арба айдап келе жатып «шашылып қалған шөптен жинап ала келсем бе дедім де, колхоздікі болған соң алуға қорықтым»,- дейтін.
Иттің тісі батқан жер қанша сыр бермеймін десем де сыздап ауырып, аяғымды аттатпайды. Сабақтан шыққан соң үйге қайтарда сүйретіліп әзер жүрдім. Бұл күйде Жарбұлаққа қалай шөпке барам? Бір үйдің тасасына келгенде Петька бой бермей шалбарымды түсіріп, жамбасымды сипап қарады да:
− Tic батқан жердің төңірегі қызарып ісіп тұр екен,- деді жаны аши сөйлеп.- Сен бүгін үйіңде бол, Жарбұлаққа Отто екеуміз барып қайтамыз ғой.
− Жо, мен өзім бармасам, сендер де бармайсыңдар.
− Немене, бізге сенбейсің бе?
− Сенем, бірақ өзімнің де барғым келеді.
− Вот қиқар,- деді Петька мырс етіп күліп.- Жарайды, біз Отто екеуміз сені шанаға отырғызып ап сүйретіп апарамыз.
− Шанаға сүйретпей-ақ мен өзім барам…
Сөйтіп, үшеуміз бір-бір күрек алып, үш кішкентай қол шанамызды сүйретіп, Жарбұлаққа қарай тарттық. Бұл жолы қайда баратынымызды, не әрекет жасайтынымызды үйден жасырғамыз жоқ. Қоңыр сиырға шөп табу үшін маялардың орнын аршимыз дегенімізге Петьканың мамасы да, Оттоның мамасы да қарсы болмады. Әжем болса:
− Қарағым, абай болыңдар, әйтеуір. Қар басып қалған шөпті аршып алу да оңай болмас, мұз боп қатып жатқан шығар,- деген.
Егер аршып алғандай болсақ, шөбімізді Тұржан көрмеуі үшін қапқа, мөшекке салып әкелеміз деп үйлерімізден бір-бір ыдыс алғанбыз. Мен жалғыз қалған ала қапты алдым. «Біреуі ғана қалыпты, біреуі қайда кеткенін білмеймін»,- деп, әжем ауыз үйдің қуыс-қалтарыстарын тінткілеп қалды. «Іздемей-ақ қой, ол қап табылмайды»,- деп айтуға дәтім бармады. «Іздер-іздер, табылмаған соң қояр»,- деп ойладым.
Жарбұлаққа барар жолдағы қар қыстағыдай емес, жұқарып, қатқақтанып, мұздаққа айналыпты. Ауылдан шыққан соң оймауыт тұстарда үшеуміз үш шанаға отырып, жарыса сырғанаймыз да, өрге келгенде Петька мен Отто мені қосақталып сүйрелей жөнеледі. Мұздақ қардың үстінде шана да лыпып сырғанайды.