Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Маялардың орнын оп-оңай таптық. Жолдан жүз метрдей жерде кедір-бұдыр төмпешік-төмпешік болып жатыр екен. Кей жерлерде еріп, мүжілген, қар астынан селдіреп шығып қалған шөп те көрінеді. Қуанғанымыз сондай, шаналарымызды тастай бере әлгі шөбі көрінген тұстардан кеп үшеуміз үш жерден тұра қап, оюға кірісіп те кеттік. Күректерімізді тіктеп шаншып, шөпті бүркеп жатқан көрпе сияқты жұқа қаңылтақ қарды лездің арасында қопарып-қопарып тастамақ болғанбыз. Бірақ жұқа көрінгенмен, қар деген аты болмаса, сіресіп қатқан мұздан бір кем емес екен. Күректеріміз тасқа тигендей шақ-шұқ ете қалды. Сонда да бой бермей ұрғылай бердік. Әлі-ақ мына төмпешіктеніп жатқан мұздақ қарлардың тас-талқанын шығарып ойып-ойып, астындағы шөпке қарық боламыз да қоямыз. Алайда күзгі жауында әбден шылқып су болып, жерге басылып, одан үстінен қар жауып, алты ай қыс қатып жатқан шөпті аршып алу деген оңай емес екен. Біраздан кейін-ақ алғашқы аптығымыз басылып, меселіміз қайтайын деді. Өйткені тас уатқандай шақылдатып ұрғылап жүріп ойып алғандағы бір уыс, жарым уыс шөбіміздің жартысы мұз боп шығады. Тастайын десең, онан кейінгі ойып алған шөбің де сондай. Жалпы көзіміздің бір жеткені маяның орнында қалған шөптің бәрі осындай жартылай мұз боп жерге жабысып қатып қалған екен.
− Мейлі, осы мұзымен болса да үйге алып барайық,- дейді қара терге түсіп түтіккен Петька әлгілерді бір жерге жинастырып.- Мұзын ерітсек, шөбі қалады ғой.
Онысы да ақыл Әйтеуір, шөп аты бар ғой. Жоқтан гөрі бар.
Ит қапқан саным күректі қолыма ұстап, қар оюға кіріскенімде-ақ сыздап ауыра бастаған, бірақ оған бой бермеуге тырысып қимылдай бердім. Күректі құлаштап көтеріп зірк-зірк ете бергеннен соң ба, біраздан кейін жанға батып ауырайын деді. Енді қаттырақ қозғалған сайын, саныма ине сұғып алғандай болады. Бүкіл аяғым тұтасып, зіл батпан боп ауырлай түседі. Тағы біраздан кейін ауырғаны сондай, шыдай алмай шанама барып қисайып отыра кеттім. Жамбасым тегіс өртеніп бара жатқандай сыздап, ес таптырар емес. Өне бойым тегіс ауыр тартып, көзім қарауытып кетті. Жатқым келеді. Бірақ жатсам қайтіп тұра алмайтын сияқты көрінем, сондықтан өзімді-өзім: «Түу, осы да сөз бе екен, иттің бір тісі батқанға ауырып»,- деп, жігерлендіріп, бір ауық Петька мен Оттоға қараймын. Ол екеуі менің мына хәлімді де, отырғанымды да байқар емес. Еттері қызып алған, қара терге түсіп, күректерімен мұздақ қарды гүсілдете ұрғылайды. Мұз боп қатқан бір кесек шөпті ойып алса, мәз болады.
− Міне, мынаның шөбі көп екен! — дейді қуана дауыстап. Одан әрі күректі қайта құлаштайды. «У-ух, У-ух» дейді бірінен-бірі қалыспай. Енді бір сәт көзімді жұмып, талықсығандай боп отырған маған екеуі мұздақ қар емес, тау ойып жатқандай естіледі… Қанша отырғанымды білмеймін, бір кездері Петька мен Оттоның:
− Әй, анау Қанат неғып отыр? Ауырғаннан сау ма?
− Өзінің отырысы бір түрлі ғой?!
− Әй, Қанат! — деген дауыстары алыстан талып естілді. Оларға жауап қайырмақ болып едім, шамам келмеді.
Қасыма жүгіріп келіп, біреуі маңдайымды ұстап көрді де:
− Ой, ой, ой!.. Күйіп тұр ғой! — деді.
− Қап, ауырып қалатын болды-ау!
− Бүгінше осы ойғанымыз жетер, енді қайтайық.
− Қайтайық. Ертең екеуміз кеп тағы оямыз ғой.
− Әрине…
− Давай, Қанатты өз шанасына жатқызып сүйретейік. Ал екеуміздің шаналарымызды бір-біріне тіркеп, үстеріне мешоктар мен қапқа салып мына шөптерді тиейік.
− Жарайды…
Екеуінің ақылдаса сөйлесіп жүріп, мені шанама жатқызып, одан ойған мұз шөптерін ыдыстарға салып шаналарына тиегендерінше қанша уақыт өткенін білмеймін, бір ұйқыдан оянғандай болған кезімде, өзімді сүйретіп келе жатқандарын аңғардым.
− Ыңқылдайды, жанына батып келеді-ау деймін.
− Аяғы тегіс күп боп ісіп кетіпті.
− Әне, тағы да ыңқылдады.
− Шыда, Қанатай, шыдашы, бауырым, қазір ауылға жетеміз.