Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Төбеттің тісі батқан жер енді ғана сыздап ауыра бастады. Әлде сол жаныма батты ма, әлде шарасыз хал қинады ма, еңіреп жылағым келді. Даусымды шығарып өксіп-өксіп жыласам деймін. Бірақ жолдастарымнан Петька мен Оттодан ұялдым. Бұлар да небір қиындықтарды көріп жүр ғой. Тек ешқайсысы еш уақытта жылаған емес. Сондықтан мен де жыламауым керек. Үйлеріміздің тұсына жеткен үшеуміз үш айрылдық.
− Ал жақсы, ертең тағы бірдеңе ойластырармыз,- деді Отто.
− Әрине, қол қусырып отыра алмаймыз,- деді Петька оны іле қостап.
Құдай-ау, бұл не деген созылмалы ауыр қыс?! Күн неге жылымайды?! Көктем айы болды емес пе? Қашанғы өстіп қыса бермек. Тақа діңкелетіп барады ғой. Құдай-ау, бар болсаң, естісеңші! Көктеміңді келтіріп, күніңді жылытсаңшы. Сонда саған сенейін: Сенің бар екеніңе сенейін! Еш уақытта сені жоқ деп айтпайын… Құдай-ау…
* * *
Ертеңгісін боз ала таңнан оянғам. Әжем болса менен де бұрын тұрып, күнделікті әдетінше далаға шығып, қорадағы қоңыр сиыр мен екі ешкіні қарап, одан от жағып, шай қойып, балалардың түнде жатарларында қалай болса солай шашып тастаған киімдерін жинастырып жүр екен. Бір сәт көзі түнде кеп босаға жақтағы шегеге іле салған менің тоныма түсіп кетіп, сығырайып барып соны ұстап көрді.
− Қарағым-ау, мына тоныңа не болған, ит талаған ба? — деді тонымның албыр-жалбыр шалғайын жарыққа тоса тұрып.
− Түнде ойнап боп үйге келе жатқанымда, арт жағымнан кеп бір бұралқы ит арс етіп ала түсіп жыртып кеткені,- дедім әжемді қалай да сендірмек боп қисындыра сөйлеп.
− Әй, осы түнде ойнаған дегенді қоймадыңдар-ау,- деді әжем кейіп,- Әйтеуір, еш жеріңе, денеңе тісі тиген жоқ па?
− Тиген жоқ,- дедім түнде иттің қапқанын жасырып. Өйткені оны айтып, әжемді құр несіне үрейлендірем… Тек шалбарымның мына жерін жыртып жіберіпті, тігіп берші,- деп, төсегімде көрпеге оранып отырған күйде шалбарымды алдына қарай лақтырып тастағам.
Әжем тебендей жуан инесі мен шуда жіп әкеп өзіме сабақтатып алды да терезенің алдына жарыққа барып отырып әуелі шалбарымның жыртығын, онан кейін тонымның жалбыраған шалғайын жамап берді. Жамап отырып өзі біраз кейіп, ұрсып алды, көп ойнайтынымды, әсіресе түнге қарай көп жүретініме ренжіді. Мен бүгіннен бастап түнге қарай үйден шықпаймын деп уәде бердім.
Сыртқа шығып, қоңыр сиыр мен екі ешкіні қорадан шығарып, алдарына біраз сабан шашып, сол сабанға араластырып беру үшін қораның үстіндегі шөптің ең соңғы қоқым-соқымдарын сыпырыстырып тұрғам.
− Қой деймін, қойсаңшы! — деген дауысқа жалт қарасам, көшенің ортасымен біздің үйге қарай Отто бір бау шөпті арқалап келеді екен. Бір қолымен шалбарының ышқырынан ұстап алған. Соңынан ере жүрген Бәтен тырқылдай күліп, оның шалбарын төмен түсіріп жібермек боп тартқылап келеді. Бір ауық Отто қайырылып, оны теуіп жібермек болады, ондайда Бәтен кейін қашып барып тоқтайды да, Отто қайтадан кете берген кезде, жүгіріп кеп шалбарының артынан төмен тартып қап мәз болады.
− Қой деймін-ей, әйтпесе, мына шөпті тастай сап көресіңді көрсетем ғой,- дейді ыза болған Отто қызараңдап. Бірақ өзі шөбін тастамайды. Әрине, шөбін тастай салып, бас салып ұстаған күнде де Бәтенге ол ешқандай көресінің көрсете алмайды. Әлі де жетеді. Бәтенге қарағанда күші де басым, бірақ үстемдік жасап ұра алмайды. Оны Бәтен де жақсы біледі. Сондықтан ол Оттоның соңынан қылжақтай еріп, біздің үйдің қасына дейін келді де, қораның төбесінен түсіп, өздеріне қарсы жүрген мені көрген соң ғана, кейін қайтты.
Бір бау шөпті Отто жаңа Мақым шалдан кәдімгі Шағыркөз жирен атын тұмаға апарып, суғарып кеп, со кісіден сұрап апты. Жібі болмаған соң, қайыс белбеуімен буып, арқалап алған ғой, бір қолымен шалбарының ышқырынан ұстап жүргені содан екен.
− Бәрінен де Шағыркөз жиренді тұмаға апарып суғарып қайтқанша, қос өкпеге тепкілеп, түндегі кегімізді бір қайтардым,- дейді Отто мәз бола күліп.