Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Ісігі әлі қайтпапты, қозғалмай жат,- дейді.
Одан соң ұзақты күнге терезеден бозара қарап жатып кешті батырам. Түстен кейін бір ауық Петька мен Отто кеп отырып кетеді, сонда біраз серпіліп қалам. Қалған уақытта сарылып жата берген адамға таңның атуы да, күннің батуы да қиын екен.
Бір күні ертеңгісін сыртқа шыққан әжем сәлден кейін абыржып кірді үйге.
− Қанат-ай, балам-ай, қоңыр сиыр жоқ,- деді есі шыға.
− Қайда. кетіпті?
− Білмеймін. Түнде мықтап байлап қойған сияқты едім. Қораның аузын да мықтап бастырып жауып ем. Әлде жібі шешіліп, бошалап шығып кетті ме?..
Осыны айтты да әжем қоңыр сиырды іздеуге бел буған түрмен қайта шығып кетті. Ұшып тұрып киініп, бір аяғына ағаш байланғандай сүйретіліп мен де іздеуге шықтым. Қоңыр сиырдың жоғалғанын ести сала Петька мен Отто да безек қағып, ауылдың төңірегін айналып зыр жүгірді. Бүкіл көрші-көлем тегіс тік тұрып, аяқ жетер жерді аралап, бірге іздесті. Бірақ қоңыр сиырдың ізі де білінер емес, ұшты-күйді жоқ. Сол күні кешке дейін аяғымның ауырғанына қарамастан талай жерді шарлап, сілем қатып кешкісін үйге келсем, кішкене балалар ұлардай шулап жылап отыр екен. Көп жүргеннен бе, әлде суық тиді ме, менің аяғым тағы да күп боп ісіп кетті. Төсегіме сылқ етіп құлап түстім. Біраздан кейін шаршап-шалдығып әжем де келген. Көзі шүңірейіп, екі жағы мүлде суалып, бір уыс қана боп шүпиіп қапты. Алдынан шуылдаса шығып, жылап қарсы алған балаларға қабағын түйіп:
− Жә, түге, олары несі кісі өлгендей күңіреніп! — деп қатты ашумен басып тастады.-Жыламаңдар әрі, жаман ырым бастап. Басымыз аман болсын деп тілеңдер!
Кішкене балалар әжемнің мына қату түрін керіп жылағандарын пышақ кескендей қойып, тыйыла қалды.
− Әй, Болат, от жағып, шай қойып жіберші, балам! — деді бұйырып. Сөйдеді де төсегімде сұлқ жатқан менің қасыма кеп еңкейіп, аяғымды сипалап ұстап көрді.- Балам-ай, әттеген-ай, аяғыңды тағы ісіріп апсың ғой,- деді жабырқай кейіп.- Бекер көп жүргенсің. Тәуір болғаныңда тағы жатып қалатын болдың-ау.
Пысылдап жүріп ошаққа от жағып, Болат қайнатқан шайға отырдық. Әжем қара суға шыланған талқаннан бір-екі рет қана таңдайына салып, қайнаған суды тұз салып терлеп-тепшіп ұзақ ішті. Шай үстіндегі әңгімелеріміз ұсақ-түйек үй тірлігі төңірегінде: «Су әкеліп қойдың ба?», «Отын жардың ба?» тәріздес болды да, қоңыр сиыр туралы ешқайсымыз жарып аузымызға алмадық. Ащы жараны тырнаудан қашқандай маңайлағымыз келмейді. Онан бір ауық әжем осындай жадап-жүдеп тарыққан кезімізде, көңілімізді жұбататын дағдысына бағып, ертегі тәріздес әңгімелердің бірін бастап кетті.
− Баяғыда, осы сендердей кезім, бір қатты жұт болып, мал тегіс қырылып қалды. Әй, сол жылғы қыс та ерекше қатты болып еді. Жауған қардың қалыңдығы сондай, мына Қоғалы бұлақтай жерде отырғандарға алты ай қыс бір қатынаса алмадық қой. Ол заманда бүгінгідей колхоз деген жоқ, пішен шабу, қысқа шөп дайындау дегенді білмейді жұрт. Содан қалың жауған қарда мал тебіндей алмай аштан қырылды дейсің. Көктемге қарай қалың елде тігерге тұяқ қалмады ғой…
Терезе қағылды да сырттан:
− Қанат, Қанат! Тез далаға шықшы! — деді біреу дауыстап.
Әрине, аяғым ауырып отырған мен тұра қоймадым да, менің орныма сыртқа Болат жүгіріп шықты, лезде тапырақтай жүгіріп қайта кірді де:
− Әже, Бәкке біздің қоңыр сиырды әкеп тұр! — деді жан даусы шыға айқайлап.
Үй ішімізбен ауырған-сырқағанымызға қарамастан дүрліге көтеріліп, сыртқа ұмтылдық. Шынында да, есік алдында Бәкке қоңыр сиырды жетектеп кеп тұр екен. Қуаныштан есіміз шығып кетті.
− Қайдан таптың?
− Қайдан әкелдің? — дейміз шуылдаса жамырап.
− Мына жақтан,- деп Бәкке қараңғыда белгісіз жақты нұсқағандай болды. Есі шыққан әжем: