Knigionline.co » Казахские книги » Запах полыни / Жусан иісі

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Запах полыни / Жусан иісі» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В рассказе «Запах полыни» автор передал жизнь народа после войны. Главные герой рассказала подросток, у которого отец и брат были на войне, матери не было, а единственная бабушка умерла. Автор передал переживания и душевную боль… Это произведение расширило горизонты литературы Казахстана.

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сайын Мұратбеков

Жусан иісі

1

Алыста қалған балалық шағым… Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген ақсақ қара бала бір кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын», - деген жалынышты үнін естимін.

Әуелде біз, балалар, оның ертегі айтатынын білгеміз жоқ. Ол әжесі екеуі біздің ауылға қырық екінші жылдың жазында көшіп келген. Мал дегеннен, тек бұзаулы қоңыр сиыры бар еді. Аянның әкесі майданға аттанып, туған анасы содан екі ай бұрын қайтыс болыпты. Біздің ауылда әжесінің жамағайын төркіндері бар екен, соларды сағалап келсе керек.

…Біз, балалар, көшеде екіге жарылып ап, қағазға топырақ орап, бұрқылдата лақтырып, атысып ойнап жүргенбіз. Ары өтіп, бері өткен кемпір-шал: «Желкең қиылғырлар-ай, соғыс аздай, бүл атысып ойнады дегенді қадай шағарды осылар, басқа ойын аз ба-ей!..» - деп ұрсып-ұрсып қуып тастайды. Бірақ олар кетісімен қайта жиналамыз. Қайта атысамыз. Желсіз тымырсық күнде бұрқылдаған май топырақ тұманша қалқып, шаңытып тұрып алады. Жуық арада сейіле қоймайды. Соның арасында тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз. Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» - Садық кілт тоқтай қап:

- Әй, анау кім-ей? - деген.

Бәріміз сол нұсқаған жаққа қарадық. Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды. Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді кимелеп, қоршалай тұра қалдық. Үстіміздегі киімнің кімдікі қара, кімдікі ақ

екенін біліп болмайды, баттасқан шаң-топырақ. Шетімізден ит талағандай алым-жұлым, алқа-салқамыз. «Бұл кім-ей? Қайдан келген-ей?» - деп бірімізді біріміз түртпектей береміз. Өзіне бастан-аяқ шұқшия қарап шықтық. Ол да сынағандай әрқайсымызды бір-бір шолып өтті. Біздің ұсқынсыз түрімізге көңілі толмаған сияқты, шолақ танауын тыржитып қойды. Қоңырқай жүзі тершіп, маңдайындағы біркелкі етіп қиылған кекіл шашын үрлеп тұрды. Кекіліміз жоқ бізге оның сол қылығының өзі кереметтей сүйкімді көрініп, қызыға қарадық.

- Кекілін қара-ей, өзінің, жаман әліне қарамай, - деп қағытып өтті Есікбай. Біз күлкіміз келмесе де оның сөзіне қошамет білдіріп сықылықтай күлдік. Жаңа келген бала қызараңдап теріс айналып кетті.

- Ә… Мен білдім, - деді Садық мақтана дауыстап. Онан соң әлгі баланың алдын орай өтіп: - Ей, бала, сендер кеше көшіп келдіңдер ғой, э? Қоңыр сиырларың бар ғой, э? - деді.

- Иә, - деді томсырайып тұрған бала оның сөзіне күлімсіреп. - Қоңыр сиырымыз бар.

- Атың кім?

- Аян.

Біз, бәріміз, тегіс ұмытып қалмайық дегендей: «Аян, Аян»… - деп күбірлесе қайталап қойдық.

- Жүр, жолдас боламыз, - деді Садық оның аппақ білегінен қап-қара қолымен ұстай алып. Аян оның қолына қарады да қызараңдап тұрып, ақырындап білегін босатты.

- Сендер жақ ыстық екен. Суға түспей қалай шыдайсыңдар? - деді.

- Түсеміз. Анау арада тоспа бар. Жүр, түсейік. Суы во!.. - деп Садық ауылдың жоғарғы жағындағы шұңқыр-тоспаны жерге сыйғызбай мақтай жөнелді.

Аян бізге қосылып солай қарай жүрді. Ауылға жаңа баланың келуі біз үшін нағыз мереке болатын. Әрқайсымыз оның көзіне түсіп қалуға тырысушы едік. Сондықтан бірімізден-біріміз артық көрінбек боп, эй кеп мақтанатынбыз.

- Мен судың астында алпысқа дейін санап жата аламын, - деп бөсті Садық.

- Менің де мынадай ақ көйлегім бар. Үлкен сандықта жатыр, апам кигізбейді, - деді көп үндемейтін Қосым тырнауық та.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий