Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Запах полыни / Жусан иісі
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:16
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В рассказе «Запах полыни» автор передал жизнь народа после войны. Главные герой рассказала подросток, у которого отец и брат были на войне, матери не было, а единственная бабушка умерла. Автор передал переживания и душевную боль… Это произведение расширило горизонты литературы Казахстана.
Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
- Сырғанақ деген немене, тек киім тоздырып, шаршау, - деп менсінбегендей ернін шүйіріп қоятын. Ондай кезде оған «ағатай, мә, сырғанашы», - деп шанаңды кесе-көлденең тосып жалынсаң, пысқырып қарамайтындай көрінетін. Сонан кейін-ақ ойынның сәні кетуші еді. «Шынында да, ей, менің шарығымнан су өтіп кетті, жүріңдер, ат қораның төбесіне барайық», - десіп сетіней бастайтынбыз. Біздің бұл түрімізді көріп Аян сырғанақты онан әрмен жамандайтын. Онан біздің шаналарымызға қарап қойып:
- Мыналар шана ма?! - дейтін мұрнын тыжырайтып. - Шіркін, өзінің рулі бар, алдында шамы бар ылдиға да, өрге де бірдей сырғанайтын шана болса.
- Ой, қойшы, ондай шана болушы ма еді?
- Болғанда қандай. Қобыланды батырдың Тайбурылындай ұшатын аттар бар ма? Бар. Ендеше ылди-өрге бірдей сырғанайтын рульді шана да бар…
Мұнан әрі Аянмен сөз таластыра алмайтынбыз. Кім білсін, мүмкін сондай шана бар да шығар.
Әркім іштей: «Шіркін, Аян айтқандай ылди-өрге бірдей сырғанайтын рульді шанам болса», - деп қиялдайтын сияқты едік сол бір сәтте…
3
Қызық еді Аянның мінезі. Бірде, түн ортасында, дәл ұйқыға жатардың алдында далаға шыққам. Көшеде сырғанақта біреу зулатып шана теуіп барады екен. Жым-жырт айлы түнде әлгі бір ғана шананың өзі гүрілдеп, жер көшіп келе жатқандай дүбір шығарады. Шыдай алмай, жүгіріп сырғанаққа бардым - міне қызық, шана теуіп жүрген - Аян екен. Ай жарығында анық көрінді: жүзі жайнаң қағып, екі иінінен алқына дем алады. Тонының екі етегі далпылдап шананы көшенің басына қарай сүйрете жүгірді. Мені көріп бұрылды да:
- Жүр, ойнайсың ба! - деп дауыстай сөйледі.
- Қойшы, түн жарымында есі дұрыс адам ойнай ма?
- Ойнағанда қандай. Түу, сен өзі мынадай айлы, жарық түнде шанамен сырғанаудың қандай керемет екенін білмейді екенсің ғой. Айлы түнде шанаға сиқырлы қанат бітеді… - деді де Аян жүгіре жөнелді. Сәлден кейін көшенің басына шығып ап тағы да жер көшкендей ғып бүкіл ауылды жаңғырықтыра гүрілдетіп шанамен төмен қарай жұлдыздай ақты. Дәл мен тұрған тұста кішкентай төмпешік бар болатын, зулап келген шана әлгі төмпешікке жеткенде есік пен төрдей жерге бір-ақ ырғыды да, табанынан от жарқ етіп өте шықты. Аян қолын көтеріп:
- Ур-ра! - деп айқайлады.
Маған шынында да ол теуіп жүрген шанаға сиқырлы қанат біткендей көрінді. Жүгіріп үйге келдім де қараңғы ауыз бөлмеден бос тұрған шелек, легенді даңғыр-дұңғыр еткізіп шанамды іздей бастадым.
- Үйбай, ұры ит кіріп кетті ме! - деп үйден апам шыққан. Менің шанама жармасқанымды көріп. - Сенбісің?! Нені қиратып жүрсің?! - деді таңырқап.
- Апа, шана тебем.
Апам шошып кетті.
- Тәйт әрі, осы жеті түнде шанасы не-ей, мынаның. Бірдеңе көрінер мынаған, елден ерекше, - деп ұрсып берді.
- Иә-ә… әне, Аян сырғанап жүр ғой.
- Аян… О, желкең қиылсын сенің. Аян дейді ғой. Аян дейді… Таста әрі!.. - Апам шананы әрі түкпір бұрышқа қарай итеріп тастап, мені желкемнен бір түйді. - Жат төсегіңе! Ертең де күн бар.
Мен сүмірейіп кеп, төр алдына атаммен қатарласа салынған төсегіме жаттым. Көпке дейін ұйықтай алмадым. Көшенің басынан аяғына дейін зырқыраған шананың дүбірі дәл біздің үйдің іргесінде жүргендей, жерді солқылдатып естіліп тұрды. Сол күні қанатты шанамен ылди, өрге бірдей зулата сырғанап жүрген Аян түсіме де кірді.
Сөйтіп, Аян бір қулық тауып алды. Енді ол күнде кешкісін бізге сол күні ойлап шығарған жаңа ертегісін тездетіп айтып бітіреді де, біреуіміздің шанамызды сұрап ап, түннің бір уағына дейін сырғанақта жападан-жалғыз ойнайды.
Бір күні күн бұлттанып, оңынан баяу ғана ызғырық жел соғып тұрды. Қараңғылық ерте түскен. Біз де дағды бойынша, ауыл үйлері шам жаға бастаған кезде ат қораның төбесіне жинала қалдық. Аян бүл күні өте-мөте көңілді еді. Бәріміз жапа-тармағай ешкі сирақ шылымды орауға кіріскенбіз.