Knigionline.co » Казахские книги » Запах полыни / Жусан иісі

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Запах полыни / Жусан иісі» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В рассказе «Запах полыни» автор передал жизнь народа после войны. Главные герой рассказала подросток, у которого отец и брат были на войне, матери не было, а единственная бабушка умерла. Автор передал переживания и душевную боль… Это произведение расширило горизонты литературы Казахстана.

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

- Е-е, бұл Өржанның баласы кісі өлтірер. Иттің сұры жаман, сұрынан шошимын… - деп қойды атам.

Таңертең ояна кетсем апам жаңа сауып әкелген сүтін құрсаулы бәнкеге құйып отыр екен. Менің оянғанымды көріп:

- Тұра ғой. Мына жарты күрешкедей сүтті пешке қояйын, піскен соң іш. Ал мына сүтті әлгі Аянға апарып берейін. Байғұс бала, көкпеңбек тұтыптай боп қозғала алмай жатқан көрінеді, - деді.

Киініп, жарты күрешке ыстық сүтті апыл-ғұпыл іше сап, Бапай шалдың үйіне мен де жеттім. Аян есік жақтағы темір пештің түбіне төселген құрым киіздің үстінде, кір-кір жұқа құрақ көрпе жамылып жатыр екен. Бір жамбастаған күйде қозғала алар емес. Қамшы мен тепкі тиген денесі көкпеңбек боп күлкілдеп ісіп кетіпті. Бет-аузы да ісіңкі. Көзі кішірейе жылтырап, жаутаңдап жатыр. Домбыға кезерген ернін жалап қояды. Мен оның жанына кеп отырдым. Ол да үнсіз, мен де үнсізбін, бір-бірімізге жалтақтап қарай береміз. Енді бірде апам мен жүн түтіп отырған Бапайдың кемпірінің сөзіне құлақ тостым.

- Байғұс баланың аяғын салдырдыңдар ма? - деп сұрайды апам.

- Жоға. Әлгі шал ертеден бері зыр жүгіріп сынық салатын адам таба алмады.

- Асылбек сынықшы бар емес пе?

- Жолаушы кетіпті ғой. - Сәл үнсіз отырған соң Бапайдың кемпірі Аянды кінәлай сөйледі. - Жүгермек-ай десеңші, өзіне де обал жоқ. Түн жарымынсыз бір қайтпайды ғой, елден ерекше осыны алып бара жатқан ненің ойыны екенін білмеймін, ойының осылғырдың… Ибай-ау… - деп мұнан арғы сөзін сыбырға айналдырып жібереді. - Осы үйдің көрпесін шірітіп… Есі кіріп қалса да…

Бапайдың кемпірі қанша сыбырлай айтса да соңғы сөздері бізге анық естілді. Қып-қызыл боп кеткен Аян тістене шытынып, басын бұрып әкетті. Іргеге қарап жатты.

- Үйбай, белім-ай, көп отырып қаппын ғой, үйге кетейін, - деп менің апам орнынан тұрды. - Аян тәуір болғанша күнделікті бір күрешке сүтті бізден алып тұрыңдар.

Бапайдың кемпірі апаммен ілесе сыртқа шықты.

- Қосымды соғу керек, - дедім мен оңаша қалған соң. Аян теріс қарап жатқан күйде:

- Ендігәрі өлсем де темекі тартпаспын, - деді.

- Тұржан жаман адам, қаны бұзылған.

Бұл сөзіме Аян жауап берген жоқ. Әлден уақытта басын көтеріңкіреп

маған:

- Анау пальтоны әперші, - деді ілулі тұрған қара пальтоны нұсқап. Мен осы үйдегі жалғыз орындыққа шығып пальтоны алып оның алдына әкелдім. Аян басын жастықтан әзер деп көтеріп, екі қолы дірілдеп пальтоның жағасына тұмсығын тығып жіберіп құшырлана иіскеп-иіскеп алды да:

- Тез іліп қой, әйтпесе ұрсады, - деді.

Онан соң шалқасынан түсіп көзі бажырайып, кірпік қақпастан үйдің төбесіне тесірейе қарап ұзақ жатты. Қалың ойда жатқан сияқты. Өңі сұрланып, дірілдей дем алады. Ап-арық, шырпының жіңішкелігіндей қолымен домбыққан ісіктерін сипады. Бір кезде ғана:

- Ағам келеді ғой жақында әлі. Сонда көрсетеді Тұржанға, - деді.

Он шақты күннен кейін Аян төсектен тұрып жүре бастады. Тобығы тайған аяғын жер сыпырғандай көлденеңінен сүйретіп солтақтап басатын болды. Мен оған:

- Асылбек шал келді ғой, аяғыңды салғызбайсың ба? - дегем.

- Ауырады ғой енді, - деді ол жабырқаған кескінмен. - Ой, сен білмейсің ғой, тобығыңды қайта салғызғандай қалай ауыратынын. Сұмдық… ауырады…

Енді ол күнде кешке қарай сырғанақтың басына кеп ойын тарқағанша қалқиып тұрады да қояды. Ойынға араласпайды. Бір-екі рет мен де, Садық та шанамызды бергенбіз, басын шайқып теппей қойды:

- Аяғым ауырады, - деді.

4

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий