Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Запах полыни / Жусан иісі
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:16
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В рассказе «Запах полыни» автор передал жизнь народа после войны. Главные герой рассказала подросток, у которого отец и брат были на войне, матери не было, а единственная бабушка умерла. Автор передал переживания и душевную боль… Это произведение расширило горизонты литературы Казахстана.
Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жаз ортасы. Аңызақ жел ұйтқи соққан ыстық күннің бірінде біздің ауылға тағы бір қаралы қағаз келді. Бүл жолғы қаралы қағаз ешкімнің үйінен зарлы жоқтау айтатын дауыс шығарған жоқ. Бүл жолғы қаралы қағаз, көшеде ойнап жүрген балалардың ең соңында, белі бос штанының ауын бір қолымен көтере ұстап, сол аяғын көлденеңінен солтақтай жүгірген күйде: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге кешегіден де қызық ертегі айтамын», - деп жалына дауыстай жүгірген Аянға келген еді. Ол үнсіз қабылдады. Қаралы қағазды ұзақ отырып екі-үш рет ежіктеп оқыды да, төрт бүктеп ышқыр қалтасына тықты. Онан соң ойнап жүрген балалардың жанына кеп, әдетінше алыс-жұлысты сырттай қарап қызықтап тұрды. Тек балалар үйді-үйіне тараған кезде, ол ауылдың шетіндегі ат қораға барып кірді. Соңынан мен де бардым.
Сары су іркілген ат қораның іші тұншығардай қапас, тымырсық еді. Тастай қараңғы. Төбесіне ұя салған торғайлардың, олардың шырылдаған қызыл шақа балапандарының үні құлақты тұндырады. Құжынаған шыбындардың ызыңы бір басқа. Қараңғылыққа көзім үйренгенше есік алдында тұрдым да, онан соң қабырғаны жағалап түкпірге қарай жүре бастадым. Аяқ асты сазданып басқан сайын шұрқ-шұрқ етеді. Түкпірге де жеттім. Аян қараңғы бұрышта бір уыс боп бүрісіп, екі алақанымен бетін басып солқылдап жылап отыр екен. Ұзақ жылады. Онан соң көзін сүртті де қорадан шықты. Сыртқа шыққан соң көрдім, көзі қып-қызыл боп кетіпті. Маған қарады да өз-өзінен жымиып күлді.
- Күн ыстық, э, - деді.
Осыдан кейін бір жеті өткен соң, ертеңгісін он шақты қозы-лақты тауға қарай өргізіп жіберіп, қайтар жолда Бапайдың есігінің алдында тұрған арбаға көзім түсті. Бірсыпыра балалар осы арада екен. Аян жолға жүретін адамдай бар-жоғын киініп апты. Мен таяп келгенде шеттеу тұрған Есікбай сыбырлап қана:
- Аян балалар үйіне кеткелі жатыр, - деді.
Осы кезде үйлерінен арба айдаушы жігіт және Бапай мен кемпірі шықты. Бапай арба айдаушыға Аянды станцияға дейін аманат қып тапсырғанын қайта-қайта айта береді. Ал кемпірі кеп Аянның бетінен сүйді, көзіне жас алды.
- Қарағым, жолың болсын, - деді жыламсырап. - Жақсыдан қалған тұяқ ең, қайда жүрсең аман бол. Адам болсаң тауып келерсің әлі…
Бапай да кеп Аянның бетінен сүйді.
- Аман-есен барып орналасқан соң хат жаз, - деп қойды.
- Алатын адам болмай тұр, мына қоңыр сиырды дереу сатып ақшасын қалтаңа салып берер еме. Кейін қолым тисе, базарға айдап барып сатып, ақшасын салып жіберем ғой…
- Е, қойшы әрі, сен де осы, не болса соны айтпай. Сатқаны несі. Ертең ер жетіп келе қалғанда мал керек емес пе Аянға… - деп киіп кетті осы тұста кемпірі. - Қарағым, бұ алжыған атаңның сөзін тыңдама. Әлі өзің кейін үлкен жігіт боп келгеніңде қоңыр сиырыңда өсімімен қолыңа тапсырамын…
Аян балалардың бәрімен қол алысып қоштасты.
- Мен әлі бәріңе хат жазып тұрамын, - деді күлімсіреп. Есікбай арбаның артына жабысып ап, оны талай жерге дейін шығарып салды.
Арбадан түсіп қап, қара жолдың үстінде сексиіп ұзақ тұрды. Қайта келгенінде өте көңілсіз еді. Садық ойнайық деп еді, ол:
- Менің басым ауырып тұр, - деп үйіне кетті.
Сол сәтте бәріміздің де ойынға еш зауқымыз жоқ, көңілсіз едік. Көз ұшында бұлдырап арба кетіп барады. Қара жолдың шаңын бұрқылдатып барады. Аян бас киімін алып бізге бұлғап қояды…