Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бойы бізден биіктеу болғандықтан, Оттоны Петька екеуміз екі жақтан аяғынан көтеріп қораның төбесіне шығардық та, өзіміз қабымыздың аузын ашып, жоғарыдан түсірілген шөпті салып тұруға оңтайландық. Отто шыға сала шөпті жұлқылап суыра бастаған, бірақ бір уыс, жарым уыс шашылғаны болмаса ештеңе түсе қоймады.
− Әй, түсірсеңші енді, неғып жүрсің? — дегенбіз төменнен шыдамсызданып.
− Басылып қалған шөп екен, алу қиын,- деді Отто.- Қазір үстіне қарай шығайыншы…
Осы кезде қораның екінші жақ басынан арс-арс етіп шыға келген сиыршының тайыншадай көк төбеті бізге қарай шабалана ұмтылған. Жайшылықта, күндіз келгенімізде, бізді адам екен деп көзіне де ілмей маңқиып тұратын көк төбеттің бүйтетінін кім білген?! Петька екеуміз жан ұшыра далаға қарай безіп жөнелдік. Бірақ адуынды төбет бізді аттатсын ба, әудем жер қашып үлгермей-ақ артта келе жатқан мені бүйірлете жамбасымнан жұлқып қалып, бір-ақ бүктеді. Сол сәттегі жан дауысымның шырқырап шыққаны өзімдікі емес, өлім алдындағы басқа біреудікіндей, өз құлағымды жарып жіберердей болып естілді. «Ар-р-ар-р» еткен ашулы төбеттің тістерінің сақылдағаны, тамағының гүріл-сырылына дейін төбемнен құлағыма дейін анық білініп тұрды. Осымен өлген шығармын деген ғана ой келді. Онан әрі не болғанын білмеймін… Есімді жиғанымда, әлі тірі екенімді ұқтым, тәбет мені со бір бүктеп алып соққаннан кейін, қайтып тиместен, кейін қора жаққа қарай үріп кетіп барады екен. Сол арсылдап үрген бойында алыстай берді де, бір кез қараның арғы жағына кетті. Өйткені арпылдай үргені тасадан талып қана жетіп тұрды. Мен ұшып тұрып жан дәрмен бетім ауған жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Біраз жүгіргеннен кейін алдымнан Петьканың:
− Қанат! — деп шақырған даусы естілді.
Екеуміз қосылып ап тағы біраз жүгірдік. Едәуір ұзадық-ау деген кезде барып тоқтап, есімізді жиып, артымызға қайырылғанбыз. Төбеттің үргені тіпті алыстан әзер естіледі.
− Сені қапты ма? Сонша қатты шыңғырдың ғой? — деді Петька.
− Қапты,- дедім мен өзіме-өзім келе алмай дір-дір етіп.
− Қай жеріңді?
− Жамбасымды болу керек, ауырып тұр.
− Кәне? — деп, Петька қараңғыда еңкейіп кеп шалбарымның ит жыртқан жерінен сипалап көрді де,- Бір тісі аздап қана батқан болу керек, кішкентай ғана қарайып, қанап тұр,- деді жұбатып.- Бірақ тоныңның етегін дал-дұл ғып тастапты. Сені сақтап қалған да осы тоныңның етегі болар.
− Енді үйге қайтамыз ба?
− Әлгі Отто қайда, ол не болды екен?
Демімізді ішімізге тартып, тың тыңдадық.
− Кәне, ысқырайыншы,- деп, Петька қос саусағын аузына салып қатты бір ысқырған, іле-шала жауап ысқырық шықты. Оттоның ысқырығы. Петька қайыра ысқырды, жауап ысқырық тағы шықты. Бізге қарай жақындап келе жатқаны байқалады.
− Біз мұндамыз? — деген Петька дауыс беріп.
− Келе жатырмын,- деді Отто.
Алқына жүгіріп қасымызға келді де:
− Біреуіңді қапты-ау деймін? — деді үрейленіп.
− Иә, мені қауып алды.
− Қалай?
− Қорқатын ештеңе жоқ, тек тонын далалап жыртып тастапты,- деді Петька.
Отто өзі дін аман екен. Қораның төбесінде тығылып отырыпты да, төбет үріп әрі қарай басқа жаққа кеткен кезде, секіріп түсіп зытыпты.
Осылайша колхоздың мал қорасынан шөп ұрлау жорығымыз да сәтсіз аяқталып, үшеуміз сүмірейіп үйге қайттық. Ала қабымыз сол қораның артында қала берді.
Тастай қараңғы түн тұмшалап тастағандай, не жұлдыз көрінбейді, не жылт еткен жарық жоқ. Сүйектен өткен өкпек жел өне бойды қалтыратып жіберді. Ауыл үйлердің арасында да иттердің үргенінен өзге дыбыс та, жүріс-тұрыс та жоқ, тым-тырыс. Мынау түнде бәрі де тұншығып жатқан сияқты.