Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сол күндері Нәзира әпкемнен хат алғанбыз. Бұл — үйден аттанып кеткеннен бергі үшінші хаты еді. Амандық-саулығын айта келіп, өздерінің — ылғи Қазақстаннан барған қыздардың — Еділ бойындағы жаудан азат етілген қаланы қалай қалпына келтіріп жатқандарын жазыпты. Әр тараптан барған талай қыздармен достасып, апалы-сіңлідей туыстасып кеткендерін, қандай қиыншылықтар болса да солармен бірге көтерісіп «көппен көрген ұлы тойдың ішінде жүргенін» мақалдап білдіріп, әжем мен бізге — іні-сіңлілеріне: «Мені ойлап қайғырмаңдар, халім жаман емес, ойнап-күліп жүріп жатырмын»,- деп қойыпты. Бірақ хатының кейбір тұстарындағы бірді жарым сөздерді аңдап отырған әжем: «Тоқта, жаңағы жерін қайта оқышы»,- деп маған қайталай оқытты да:
− Не дейді, құдай-ау, аяқ астынан жарылатын…- дей ме? — деп сұрайды.
− Минаны айтқаны ғой,- дегем мен білгішсініп.
− Е, бір алла өзің жар бола гөр,- деп әжем күбірлей күрсінді.- Бүгін хат жаз, абайлап жүрсін деп жаз. Дауыстап айтпаса да іштей аллаға сиынып жүрсін.
− Ой, Нәзира әпкем құдайға сенбейді,- дегем мен әжемнің не болса содан қорқатынына қитыға сөйлеп.
− Тә! Өйдеме! — деп, әжем кәдімгідей қатуланып сөгіп тастады. Әжімдері қатпар-қатпар боп тереңдеп, өңі қатты сұрланып кетті.- Осы кесір сөздерің ғой сендердің…
Әжемді дәл бұлай ренжір деп ойламаған мен сасқанымнан:
− Жарайды, жазам, аллаға сиынып жүр деп жазам,- деп әзер жұбаттым.
Міне, сол хатының соңында әпкем ауылдағы ағайын-туғандарға тегіс сәлем жолдай отырып, Зибашқа да бір-екі ауыз сөз арнапты: «Зибаш жеңгеме көп-көп сәлем айтыңдар, талай жауынның астында бірге суға малтығып, талай боранда бірге тоңып ек. Қайран жеңгем, азаматтан бір кем емес еді, сендерге де көз қырын салып жүрген шығар. Аман-сау елге оралсам, мен де қарыздар болып қалмаспын…»
− Е-е, қарғам-ай, жұрттың бәрін өзіндей көреді ғой,- деді осы тұста әжем еріксіз қатты күрсініп.
− Зибаштың опасыз екенін қайдан білсін,- дедім мен де шыдай алмай.
− Қайтесің, дүние шіркін деген сол ғой, балам. «Адам аласы ішінде» деген емес пе. Нәзираға жазып қойып жүрме. Алыста жүрген адамға ауылдағыны жамандамайық,- деді әжем.
− Онда әпкемнің сәлемін Зибашқа айтпайық па?
− Айтайық. Хатын апарып өзіне оқытайын,- деп түйді әжем.
Сол күні әжем Нәзира әпкемнің хатын алып Зибаштың үйіне кеткен, біраздан кейін қуанышпен оралды.
− Балам, әлгі Зибаш сиырларыңызға шөп берейін, кешкісін балаларыңызды жібере қойыңыз деді.
Айтқанындай кешкісін іңір кезінде Болат екеуміз екі жіп алып Зибаштың үйіне келгенбіз. Зибаш сыртқа өзі шыққан. Кешкі апақ-сапақта жүзі аппақ боп айдай жарқырап керемет әдемі көрінді, қиылған қастары сәл түйіліп, бізге жай ғана бір көз тастады да, былқылдай басып кеп қораларының іргесіндегі тал шарбақтың ішіне жиналған шепті иегімен мегзеп:
− Көтергендеріңше буып алыңдар,- деді.
Біз Болат екеуміз көк жауқазын шөптен өзіміз жейтіндей боп, қуанғаннан есіміз шыға жіпке бууға кірістік.
Дәл осы сәтте ауыл иттерінің азан-қазан үргені, айқай-шу естілген. Әрине, атқарушы Тұржанның көшеден өтіп бара жатқанын айтпай-ақ ұқтық. Сөйткенше болған жоқ оның:
− Әй, Зибаш сұлу, а-а-а…- деген дарақы күлкілі даусы естілді.- Естідің бе, жоқ па, әлгі сенің шолақ қол өкілің, Әлтаевың басқа жаққа жұмысқа ауысып кетіпті, а-а-а…
− Оны кім айтты?
Естідік қой, а-а-а… Енді сен бұл ауылда біргәдір боп қалар ма екенсің, а-а-а…- деп сол еліре мәз боп күлген күйі, атын қамшылап әрі қарай шаба жөнелді.