Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Онда айтпай-ақ қой. Тағы да жылап-сықтап мазасы кетеді.
− Айтпаймын.
Шай үстінде бетімді көлегейлеңкіреп бір қырын отырдым да, ала көлеңке үй ішінде әжем де, кішкене балалар да бет-аузымның жарасын байқамады.
− Ойнап көп жүріп алмай, түске қарай ертерек қайтып, малды суғар,- деді әжем.
− Мақұл.
Шанамды сүйретіп далаға шықсам, көшенің ортасында Әжібек тұр. Тістерін ақсита күліп қасына шақырды.
− Бет-аузың аймандай бопты ғой,- деді мәз болып.
Әрине, оған күлкі, мен үндегем жоқ.
− Сенің Нәзира әпкең де қызық, қашып кетпесе қайтер еді,- деді ол менің әпкемді кінәлай сөйлеп.- Ырысбек қазір оған ғашық. Байғұс түні бойы жылап шықты. Қатын үшін жылаған адамды көргенім осы. Өзі де ұйықтаған жоқ, мені де ұйықтатқан жоқ. Ғашықтықтан күйіп-жанып барам дейді. Қанат, сен енді ол үшін ренжіме. Ырысбектің бұл жолғы махаббаты нағыз шын махаббат сияқты. «Әжібек-ау, бауырым-ау, осы уақытқа дейінгімнің бәрі бекершілік екен» дейді. Ант-су ішті. Ел сияқты семья құрып, үй болғым, бала сүйгім келеді дейді.
Көшенің төменгі жағынан Шағыр көз жиренін шанаға жеккен почташы Мақым шал шыққан.
− Обшым келген соң, мен саған түсіндіріп айтам бәрін де,- деді сөзін асыға тұжырымдаған Әжібек.- Қазір, анау почтаның шанасымен Мытысқа темекіге кетіп барам. Ырысбек, міне, жүз сом берді,- деп қалтасынан жалпақ ақшаны суырып ап көрсетті.- Осының бәріне темекі сатып әкелем, әлі шылым тартуды үйретеміз.
Әжібек қасымыздан өте берген почташы шалдың шанасына секіріп мініп, МТС-қа кетті де, мен ауылдың шетіндегі сайдың қабағында көшкіннен шана теуіп жүрген балаларға қарай тарттым. Көшкіннен секірте шана теуіп біраз ойнаған соң, малдарды суғаратын кез болды-ау деген кезде, әжеме берген уәдем бойынша үйге қайтқам. Енді бет-аузымдағы жараларымды көрсе көрсін деп жасырмай келдім, егер не болды деп сұрай қалса, шанамен көшкіннен секірем деп жығылып қалдым дей салмақпын. Осы оймен қаперімде ештеңе жоқ үйге кіріп келсем, терезеге таяу жалғыз орындықта Ырысбек отыр.
− Қанатай, күнім, жақсы ма,- дейді маған елжірей амандасып. Тіпті түк болмағандай, түнде ғана мені күресіндегі қатты қарға бет-аузымды жара-жара ғып төбемнен шанышпаған адамдай мүләйімси қапты. Мен үндегем жоқ, ошақ жаққа барып, кәнге сүйене тұрдым. Қазандықтың желкесіндегі дәу қара пышақтың орнында жатқанын көріп, көңілім орнына түсті. Егер осыдан Ырысбек артық-әбес бірдеңе істер болса, сол қара пышақпен ішін жаруға бекіндім.
Әжем жүн түтуге кірісіпті, Нәзира әпкем кәннің екінші шетінде иығына апамнан қалған ескі күпәйкені жамылып шұлық тоқып отыр, әскерге жіберілетін киім. Балалар кән жақ бұрышта сабаннан қалпақ тоқып ойнап отыр. Сабаннан қалпақ тоқуды немістің балаларынан үйренген.
Әжем мен кірмес бұрын бастаған сөзін жалғастырды:
− Сен өйтіп бізді басынба, қарағым. Саған қолымнан қызымды бере алмаймын. Өйткенше бұл дүниеден байсыз өтсін. Ал егер менің айтқаныма көнбей өз бетімен саған ілесіп кетер болса, міне, құдай алдындағы сөзім, екеуіңе де қарғыс айтам.
− Әже, мен қарғыстан қорықпаймын,- деп, Ырысбек мырс етіп күлген.
− Әй! — деді әжем оқыс үнмен.- Өйтіп көктен түскендей боп көкіме! Шын қарғысқа ұшырасаң, оның дауасын қайтару қиын болады. Әсіресе жетім-жесірдің көз жасы жібермейді. Бұ дүниені қойып, о дүниеде де алдыңнан шығады.
Әжемнің шындап ашуланғанын көргенім осы еді, ұшып тұрып ошақтың аузында жартылай отта жатқан ыстық көсеуді көтеріп алды да, Ырысбекке есікті мегзеді:
− Әже… әжетай, қойдым, күнім әжетай!… Сөзіңе құлдық, қойдым… кеттім… кеттім…- деп, Ырысбек лажсыз күлгенсіп, есікке беттеді.
Ол кеткен соң, әжем орнына кеп отырып, жүнін түтуге қайтадан кірісті. Көпке дейін үйдің ішінде тым-тырыс тыныштық орнаған. Тек Жанардың қуыршағына «Лағынет!» деп сыбырлай ұрысқаны ғана естілді. Әлден уақытта әжем: