Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ертеңіне мектебімізде қоңырау қағылып, оқу қайта басталды. Әнипа апайымыз жүзі қандай жылы, нұрлы болса, мінезі де сондай жұмсақ, аңқылдаған мейірбан жан екен. Алғаш класқа кіргенде, мұз қатқан еденнен тайып жығыла жаздаған, біз балалар ду күлгенімізде, өзі де бізге қосыла күліп жіберді.
− Мына еденде коньки тебуге болады екен,- деді басын шайқап.
Онан соң стол басына кеп, класс журналын ашпас бұрын есік-терезелерінен жел ызғыған бөлме ішіне айнала қарай тұрып, онан біздің жалаңаш-жүдеу түрлерімізді көріп күрсініп қалды. Күлімсіреген өңі көлеңке түскендей лезде жабырқау тартып, көз алдымызда өзі де жүдей бастаған. Мынадай класта анық бір сабақты толық отыру мүмкін емес еді. Балалардың көбінің киім-кешегі алым-жұлым, жыртық-тесік, шарық-шоқайларынан не өкшесі, не башпайы көрініп жүреді. Кейбір балалар жыртық шарығының ішіне тығыздап сабан салып киіп алған, жүгірген, ойнаған кездерінде әлгі сабан жыртық-тесіктен біртіндеп суырылып түсіп жүреді де, біраздан кейін сабаны тегіс түсіп, қолпылдап қалған шарығына қар кіре бастайды. Отыра қап шарықтың ішіне сабанды қайта тығып алады.
Осындай түрімізді көрген Әнипа апай сабақты бірден бастай алмай, бәрімізге жабырқай қарап, үнсіз тұрып қалған. Көшеде жүгіріп ойнап жүргенімізде тоңу дегенді білмесек те, суық класқа кеп қимылсыз отырған соң, бойымыз тоңазиын деді, жақ жүндеріміз үрпиіп, күрк-күрк жөтеле бастадық.
Кластың бүкіл бір жақ қабырғасын ала салынған ошағы ауыз бөлмеден жағылатын кірпіш пеш болымсыз ғана жылып тұр. Бұрын қи жаққанда едәуір қызып, кластың ішін жылытып тұратын, ал сабан отынға міз бағар емес. Үй сыпырушы Дәметкен апай от жағуды таң сәріден-ақ бастаған екен, міне, қазір сәске кезі боп қалды, әзірге жыли қоятын түрі білінбейді.
Мұқан ағай әскерге алынып, мектеп бір айдай жабық тұрған уақыттың ішінде мектептің отын қоймасындағы бір қысқа жетерлік етіп жиналған қи үшті-күйлі жоқ боп кеткен. Кім тасып алды, қашан алды, ешкім білмейді. Әлгінде, сабақ басталардың алдында Әнипа апай Байдалы шалға жолыққан, отынның қайда екенін сұраған.
− Әй, қарағым, мен отын күзетшісі дейсің бе?! Қайдан білейін,- деп Байдалы шал шарт кетті.- Осы колхоздың отыннан басқа жұмысы да бастан асып жатыр. Енді оқу болмайды деп біреулер тасып алған шығар. Әне, сабан түсіртіп бердім ғой, соны жаға беріңдер,-деген.
Сол сабанның жылуы, міне, «уф!» деп үрлесең, аузыңнан шыққан бу темекінің түтініндей бұрқырайды. Әнипа апай барып пештің әр жерінен бір сипап ұстап көрді де, тағы да күрсіне тұрып басын шайқады. Ақыры ойлана тұрып:
− Балалар, мына класта көп отыруға болмайды екен, мен сендерге үйде оқуларыңа тапсырма беріп қайтарайын,- деді.
− Сонда біз класта оқымаймыз ба? — деп сұраған балалардың бірі.
− Оқимыз. Тек алдымен класты жылыту жағын ойластырайық. Қысқа деп жинаған мектептің отынын біреулер тасып апты, ал сабанның қаншалықты жылытатынын өздерің көріп отырсыңдар. Мынадай суықта сендерді ауыртып аламын ғой.
Сөйтіп, Әнипа апай үйде оқуымызға тиіс тапсырмаларды тақтаға жаза бастады да, біз оны ілесе отырып көшіріп алуға кірістік. Апайымыздың жазуы біркелкі, маржандай тізілген әдемі еді.
− Мен мектептің отынын жағып отырған бір үйді білем,- деді балалардың бірі өзіне-өзі айтқандай жай сөйлесе де бәрімізге естіртіп.
− Кімнің үйі?
− Ол кім? — дедік біздер жан-жақтан.
− Әжібектің үйінен,- деді әлгі бала.- Барғанымызда ылғи қи жағып отыратынын өздерің де көріп жүрсіңдер ғой. Әжібек сол қиды мектептің отынынан алмағанда қайдан алды?
− Рас-ей!
− Рас! — деп, Әжібектің үйіне қашан бармайық, сары қиды маздатып жағып қойып отыратынын есімізге алғанбыз.
Тақтаға тапсырма жазып тұрған Әнипа апайымыз да біздің сөзімізге елең етіп, кейін бұрылған.
− Әжібек кешегі бала ма?
− Иә.