Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Әй, балалар, тоқтаңдар! — деді Қадауқара кемпір дауыстап, өзі соңымыздан бір дорба езген құрттың малтасын алып шығып, бәрімізге уыстап үлестіре бастады.- Өздерің маған үлкен қуаныш әкеліп тұрып, құр ауыз кеткендерің жарамайды ғой,- деп қойды.-Айналайын ақ тілеулестерден, амандық болса бәріңді де шақырып, той жасағандай қонақ етем әлі.
Біз мәмпәсилерге ұқсаған бірі ақ, бірі сарғылт малта құрттарды томпаңдай сорып, енді Әжібектің үйіне қарай тарттық. Күн батуға таяп, қызыл шапағы бүкіл ауылды жалқын нілге бояғандай ғып тұр.
Әжібек өз үйінің төрінде бағанағы жарты қап жүгін қасына қойып, мәз-мейрам боп отыр екен. Екі езуі екі құлағына жетіп, қуанышында шек жоқ. Біз кіргенде:
− Олжа деген, міне,- деп қасындағы қапты сыртынан ұрып-ұрып қойған. Бұрқ-бұрқ еткен темекінің ащы иісі шетімізден түшкіртіп-пысқыртып жіберді.
Біз келгенше, ол Ырысбектің әңгімесін Бәтеннен естіп қанып апты.
− Бәрін де естідім,- деді ала көлеңке үй ішінде көңілі сәл жабырқап.- Қайран азамат, Ырысекең қор боп кеткен екен де,- деді.- Әйел опасыз деген осы-ay, бәрінің теріс айналғанын қарашы. О, дүние-ай…- деп үлкен адамша аһ ұрып күңірене сөйледі. Ойланып біраз отырды да: — Апырай, тіпті қызық болған екен,- деді онан соң.- Ең аяғы Эммаға дейін ат-тондарын ала қашқанын айтсаңшы!
Бір сәт мырс етіп күлді де:
− Әй, өзі де көксоққан еді,- деді енді табалай сөйлеп.- Бір әйелмен дұрыстап тұруына болатын еді ғой. Мейлі, жолы болсын! Темекі түгелдей өзіме олжа,- деді ең ақырында.
Сөйтіп, сөзін күйзеліспен бастап соңын мысқылдай аяқтады.
− Ал, енді осы ауылдың темекі тартатындары мен насыбайшы кемпір-шалы маған жалынбай көрсін,- деді мақтана есіп.
Шынында да, темекі салмайтын, бірақ шылым тартатындары мен насыбай ататындары көп біздің ауылда темекінің құны наннан артық болмаса, кем емес еді. Қайғы-қасіретте көңілге жұбаныш болатын бірден-бір дауа темекі боп саналатын. Еркектерді қойып әйелдерге дейін түтіні қолқаны қапқан ащы темекіні құшырлана сорған кезде, көңілдері сейіліп бір сәтке болса да ауыртпалықтың бәрін ұмытқандай болушы еді. Үлкендердің темекі десе ішкен астарын жерге қоятын осынша құштарлығын өнер санайтынбыз. Қолымыздан келсе бұрқылдатып отырып шылым тартқанға не жетсін деп армандайтынбыз. Рас, үлкендер бізге темекінің у екенін, зиянды екенін айтып, шылым тартуымызға қатты тыйым салатын, ал бірақ өздері бір күн темекісіз қалса, бүкіл жарық дүниені тәрік етуге шақ қалып жынданып кете жаздайтын. Ондайдың талайын көріп те, естіп те жүреміз. Сондықтан темекіге деген құштарлығымыз өрши түспесе кемімейтін. Тек, әттең, темекі қолымызға түспейді. Кейде ұрланып жылқының кепкен тезегінен шылым орап тартатынымыз бар, бірақ тезектің аты тезек қой, екі-үш күнге дейін кеңсірігіңді тезектің сасық иісі алып, жүрегің айнып, түтін атаулыдан безе қашардай боп жүресің. Сондайда: «Шіркін, нағыз темекі болса ғой»,- деп арман етеміз.
Енді, міне, Әжібек сол нағыз темекінің жарты қабын әкеп отыр. Шіркін, Әжібек мықты ғой. Қанша мақтаған батырың да, мықтың да осындай-ақ болар. Үлкендердің қолы жете бермейтін дүние байлықты иісін бұрқылдатып ұрып қойып отырғаны мынау.
Және бір тиын ақша шығармаған. Ертеңгісінгі Ырысбек берген алақандай жүз сомдықты бәрімізге көрсете отырып:
− Темекіге ақша шығарып мені ақымақ боп кетті дейсіңдер ме?! — деді күліп.
Біздің алдымызда оның мәртебесі бұрынғыдан да биіктеп, беделі тіптен шарықтап өскен еді. Егер осы сәтте бізден: «Ауылыңда бетке ұстар кімің бар?» — деп сұраса, ойланбастан бір ауыздан: «Әжібек!» — дер едік.
− Ал, көксоққандар,- деді Әжібек біз оның төңірегіне алқа-қотан отырған соң.- Мына Әжікелеріңнің арқасында шылымды тойғандарыңша бір шегіп жетісіп қалыңдар! — деп, қабының аузын шешті.