Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Егер мектептің отынын түсіріп алған сол бала болса, анықтап сұраңдар өзінен. Айқай-шу шығармай-ақ қайтарып алайық.
Апыр-ай ә, үйіне қашан барсаң да, Әжібек жағасы жайлау боп жып-жылы отырады, сөйтсек біздің мектептің қысқа деп жинаған бар отынын түсіріп ап, қарық боп жүр екен ғой. Ой, оңбаған-ай! Ой, мүттәйімін-ай!.. Күзде Мұқан ағай өзі бас боп, барлық оқушы балалар өгіз арбамен мына төмендегі қой қорадан үш күн бойы тартқан қи ғой. Қыста рақаттанып жылы класта отырамыз деген есіл еңбегіміз. Бар рақатын түк істемеген Әжібек көріп жүр екен де. Біз бір топ бала қазір мектептен шығысымен, соның үйіне барып айқасуға бел байладық.
− Бәріміз жабылсақ, соған әліміз жетеді ғой,- дедік күбірлесе келісіп.
Сөз байласқан балалар мектептен шыға Әжібектің үйіне келгенімізде, ол төрінің алдында шалқасынан түсіп темекі тартып жатыр екен. Үстелінің үстінде жарты таба нан, бір тостаған майға шыланған талқан, бір тостаған қуырылған бидай, құрт-ірімшік үйіліп тұр.
− Иә, оқымыстылар, мектепке кіргендеріңнен шыққандарың тез болды ғой,- деді ол сол шалқасынан жатқан күйде бізге бетін де бұрмастан.- Әлде сабақтан қашып кеттіңдер ме?
Біз ошақ алдында шашылып жатқан сары қидың сынықтарын бір-бірімізге ымдап көрсетіп үнсіз тұрмыз.
− Әй, неге үндемейсіңдер? Әлде анау үстелдің үстіндегі тамақтарды көріп үндерің өшіп тұр ма? Темекінің арқасында келген дәмдер ғой,- деп Әжібек сол бізге басын бұрмаған күйінде шірене сөйлеп жатыр.- Әлі осы ауылдың дастарқанының ең дәмділері менің аузымда болады. Әжікең өстіп «ахау бикем» деп әндетіп қойып шалқасынан жатады. Оқыған сендер озар ма екенсіңдер, оқымаған мен озар ма екем, көреміз.
Біз сол үнсіз қалпымызда, өстіп жатқанында үстінен барып бас салайық дегендей, ымдаса сөйлесіп бір-бірімізді «сен баста», «сен баста» дегендей, итермелей бастағанбыз. Осы мезетте Әжібек басын көтеріп алды да, қос танауынан түтінді бұрқылдата отырып:
− Әй, көксоққандар, жүрістерің тым суыт қой, неғып состиып тұрсыңдар? — деді.
− Мектептің отыны қайда? — дедік ақай жоқ, тоқай жоқ.
− Қайдағы отын?
− Мектепке отынға деп күзде біз түсірген қи ше? Міне, ошағыңда маздап жанып жатыр ғой. Осыны қайдан алдың? Қазір бәрін қайтар. Сенің қырсығыңнан біз, міне, бүгін сабақ та оқи алмадық.
− Әй, сендер, айтсам айтқандай көксоққан екенсіңдер,- деді көзі шатынап лезде ыза болған Әжібек.- Тіпті көк ми екенсіңдер. Немене, мектептің бар отынын түсіріп жинап ала қоятындай менің қарамағымда жұмысшыларым бар деп пе едіңдер?! Және онша отынды қай жеріме жинаймын? Отын жинайтын қорам да жоқ. Әне, бар отыным ауыз үйде жатыр. Не сөйлеп тұрсыңдар? Өй, ақылдан жұрдай тобан аяқтар. Қайтар дейді ғой. Нені қайтарам?
− Ал онда мына сары қиды қайдан алдың? — дегенбіз.
− Мектептің отын қорасынан,- деді Әжібек сабасына түсіп, салмақтана сөйлеп.- Ең соңынан қидың қалған-құтқанын жинап алғаным рас. Үш қап еді, бір қабы таусылды, екі қаптағы, әне, ауыз үйдің бұрышында үюлі жатыр. Егер мектептеріңді жылытуға жетеді десеңдер, жинап алып кетіңдер.
Біз не дерімізді білмей сілейіп тұрдық та қалдық. Айтса айтқандай, мұның отын қоятын қорасы да жоқ екен-ау. Мысымыз құрып, енді неғыларымызды білмей, не шығып кете алмай, не отыра алмай бір-бірімізге қараймыз. Әжібекті нақақтан қаралап жазықсыз ренжітіп алғанымызға жерге кірердей боп тұрмыз.
Біздің осы жайымызды ұқты-ау деймін, Әжібек те енді ашуын басып, темекісін қомағайлана сорды да:
− Әй, көк милар,- деді жайбарақат үнмен.- Не десеңдер де менің сендерден өзге серіктерім жоқ енді. Мен дегенде құдайдың басқа салғаны осы шығар. Дабай, отырыңдар. Темекі тартыңдар, сөйтіп, естеріңді жиыңдар.