Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көзімді ашқанымда, үйде жатыр екем. Әжем басымды көтеріп тостағанмен бірдеңе ұрттатып отыр, дәмін біле алмаймын, әйтеуір, салқын сусын екенін сезем, кеңірдегім, сарайым ашылып сала берді. Түу, қандай жақсы сусын еді. Әжемнің ерні жыбыр-жыбыр еткені болмаса, үнсіз отырған сияқты еді, жаңағы салқын сусыннан кейін біртіндеп оның сөйлеп отырғаны құлағыма жетті.
− Құлыным… қозым… тағы да жұтшы…- дейтін сияқты. Тағы да жұтайын десем, әлгіндегі көкірек сарайымды ашқан рақат сусын лездің арасында жүрегімді айнытып, астан-кестен ете бастаған, лоқсытып кейін қарай теуіп жатыр. Аузыма ыстық іртік боп қайта құйылып сыртқа атылды…
Осылайша неше күн қиналғаным есімде жоқ. Басымды кетерін бетім бері қараған кезде, үйге Әнипа апай келіп отыр екен. Алақанымен менің маңдайымды ұстап көрді де:
− Әлі де ыстығы бар екен,- деді әжеме қарап.- Сүт бере беріңіз. Әбден уланып қалған.
− Басқа балалар қалай екен? — деп сұраған әжем.
− Олардың да хәлдері ауыр. Екеуі мына Қанат құсап көздерін бүгін ашты, екеуі әлі талықсып жатыр.
− Әлгі Әжібек ше?
− Мыналарға қарағанда ересек емес пе, ол басын кеше көтерді. Батырың енді қайтып темекіге қарамастай болған сияқты.
− Япырай десеңші, бәрін бастап жүрген сол ғой.
− Ол өзі де оңбай уланыпты,- деп Әнипа апай кетуге ыңғайланды.
− Ал, әже, қорықпаңыз, балаңыз бірер күнде тұрып кетеді. Тек әбден айығып тәуір болмайынша, мектепке жібермеңіз.
− Жарайды, қарағым,- деді әжем оны шығарып бара жатып.
Сөйтіп, Әжібекке ілесеміз деп темекіге уланып ауырып, бір аптадай оқудан қалдық. Оның есесіне сол темекіден уланған балалар содан қайтып еш уақыт аузымызға темекі алмайтын болдық. Бұл — өмірдің өзі оқытқан ащы сабағының бірі еді.
БОРАН
Нәзира әпкемнің станцияға астық тартып кеткеніне бір аптадан асты. Күзде күн жылы, жер қарада астық тартқандар өгіз арбамен станциядан төрт күнде оралатын, ал қазір қыс кезінде өгіз шанамен алты-жеті күн жүріп әзер оралады. Кешеден бері боран соғып тұр. Біздің жақтың бораны белгілі ғой, бір соқса төрт күнсіз, яки апта бойы басылмайды, қора іргесіне кеп жер тырмалаған аш қасқырдай ұлып тұрып алады. Мұндай күндері үйдің іші қоңырқай күңгірт тартып кетеді. Көңілсіз-ақ. Қай мезгіл болғанын айырудан қаламыз: терезеден жарық түскенде — таңның атқанын, қараңғылық түскенде — батқанын білеміз. Екі терезенің бірін (жел жақ беттегісін) әжем ескі көрпемен қымтап бітеп тастаған, ал қалған жалғыз қабат терезенің әйнегіне қалыңдығы бір елі қырау тұрады, кішкентай балалар көзді ала бере тырналап соның қарын жейді. Онан соң жақ жүндері үрпиісіп дірдектеп, күрк-күрк жөтеледі. Бір жақсысы сабан көп, ертеден кешке дейін пеш алдына қыздырына отырып от жаққаннан болу керек, абырой болғанда балалардың ешқайсысы ауырмайды. От жаға отырып сабан арасынан шала бастырылған масақтарды тереміз. Әжеміз ұзақты күнге жүн түтіп әскерге жіберілетін қолғаптық-шұлықтық жіп иіреді. Сырттан естілген әрбір тықырға елегізіп:
− Әлгі сорлы қай жерде жүр екен? — дейді жолда жүрген Нәзира әпкемнің жайын ойлап.-Тірі ме екен, әлде мына боранда бір жерде ұшып өліп қалды ма?! Е, алла…