Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көзіме кептелген ыстық жасты ешкімге білдірмей ысырып тастап, енді көңілімді басқа жаққа аударғым келеді. «Жә, қайғыра бергеннен түк өнбейді,- деп қоям әжемнің сөзін қайталап.- Белді бекем буып бәріне де шыдау керек. Тіршілік ету керек…» Иә, тіршілік ету керек. Сабағымды оқиын онан да. Үйге берілген тапсырмаларды тағы бір қайталап шығайын. Оқу құралдарымыз жоқ болғандықтан, Әнипа апай үйге берілген тапсырмаларды тегіс класс тақтасына жазатын да, біз көшіріп алатынбыз. Енді сол тапсырмалар жазылған ескі кітап, газет-журналдар қиындыларын (дәптер деген бізде атымен болмайтын да сабағымызды ескі кітап, газет-журналдардың беттеріне жазатынбыз) қолыма алып қайталай бастағаным сол еді, пеш алдында отырған Болат пен Жанат, Жанар үшеуі ойындарын қоя сала елеңдесіп құлақтарын менің күбірлеп оқыған сабағыма тоса қапты. Ыза боп кеттім.
− Неменеге елеңдей қалдыңдар?! Отырыңдар жайларыңа! — дедім ашуланып.
− Біз жайша… әлгі, нетіп…- деді Болат міңгірлеп.
− Біз жайша…- деді Жанат та оның сөзін қайталап.
− Біз жайша…- дейді Жанар да.
Қалай күйіп-піспессің. Өзің көңілің құлазып, не істеріңді білмей, бір ауық сабағыңды алданыш етейін десең, оны да мына кішкентайлар қитығыңа тиіп оқытпайды. Үйге берілген тапсырмаларды ертеден кешке дейін бір күн емес, бірнеше күн қайта-қайта оқи берген соң, өзім ғана емес, інілерім мен қарындасым да жаттап алған еді. Құлақтарына сіңгені сонша, ойын үстінде бір-біріне: «Төрт жердегі төртім қанша?», немесе: «Зат есім дегеніміз не?» — деп сұрақ қойып, оған өздері жарыса жауап беріп жатады. Олардың мұнысы маған мені мазақтағандай әсер етеді. Енді қалай, менің әлдеқандай боп қоқиланып, өзімше инемен құдық қазғандай білімді үлкен қиналыспен тер төгіп оқып жүрмін дегенімді қайтейін, мына үшеуі пештің алдында ойнап отырып-ақ оп-оңай қағып жаттап ала қояды. Мен үшін сабақ оқу, ал бұлар үшін жай ойын. Соған мен өлердей намыстанам, ыза болам. Қазір де үшеуі мен қай сабақты қайталар екен дегендей маған елеңдеп қарай қапты.
− Отырыңдар жайларыңа,- дедім зеки қайталап. Үшеуі тым-тырыс пеш алдындағы сабанға отыра-отыра кетті.
Мен күбірлеп сабағымды қайталауға кірістім. «Шіркін, оқулықтарым болса ғой, осындай боранды күндері бастан-аяқ оқып жаттай берер ем. Сонда мына кішкентайлар ілесе жаттамақ түгілі, бір сөзімді ұғудан да қалар еді. Әйтпесе ғой, немене, бір жаттап алғаныңды қайталай берген де мезі ғып жібереді екен.
− Қанатай, күнім…- деді осы кезде тарс бүркеніп жатқан әжем даусы әзер шығып,- менің жағдайым болатын емес… мына кішкентайлардың қарнын ашырып алма, қарғам… сенің есің бар ғой, тіршілік жаса…
− Мақұл, әже.
Дереу төсектің астындағы ала дорбаны алып шықтым. Қазандағы қайнап тұрған суды шәугімге құйып алып ішін тазарттым да, Болатқа от жаққыздым, онан соң әжемше: «Біссімілдә» деп қос уыстап бидайдан қызып тұрған қазанға сала бастадым. Артық та емес, кем де емес дәл мөлшерлеп әрқайсымызға екі қос уыс өлшеп салғам. Жарты қазандай болды. Қызып тұрған қазанға түскен бидай сәлден кейін тамшылай бастаған ақ жауындай ақырындап сытырлай бастады. Оны араластырып тұру керектігі есіме түсіп дереу кәкпірді іздегем, кәне, таба алсамшы, қазандықтың мойнында да, ыдыс-аяқтар тұратын шкафта да кәкпір жоқ. Бидайлардың сытыры көбейіп барады, сасқанымнан дәу ағаш ожауды жұлып ап сонымен араластыруыма тура келді. Сабы добалдай жуан ожау қазандағы бидайды араластыруға мұндай қолайсыз болар ма, жайлап араластырайын десем бидайға батпайды да, ал күш салып қаттырақ бұлғасам бидай қазанның ернеуінен шашыла бастайды. Бидай қуырудың мұндай қиын екенін кім білген. Қазанның ыстық табы бетімді шарпып, ожау ұстаған қолымды күйдіре жаздайды, сондықтан ожауды екі қолыма кезек-кезек алмастырып ұстап араластырам. От жағып отырған Болат:
− Бидайды төкпесеңші,- деп безектейді.