Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Тәтті болса жеңдер онда, жұтқан жұтамас,- деп қойды әжем, өзі аздап сүт қатып отырып, тұз салып ақ сүт шайды ішуге кірісті. Бүйтіп шай ішкені әжемнің тәуір болайын дегені. Сәлден кейін маңдайы тершіп, құрыстары тарағандай реңі кірейін деді. Аузына басқа нәр салмастан бір шәугім ыстық су мен қалған жарты кесе сүтті терлеп-тепшіп отырып тауысқанша, әжем де тыңайып тәуірленіп қалған сияқты болды. Біз әжеміздің сыбағасын да өзіміз жеп, ар жағымызға ел қонып қунақтап қалғанбыз. Кенет Жанар әжеме қарай жалт бұрылып, оның айғыз-айғыз тер аққан жүзінен кішкентай алақанымен еркелей сипады да:
− Әже, енді тәуір болдың ба, өлмейсің бе? — деді.
Әжем күліп жіберді және рақаттанып ұзақ күлді.
− Өлмеймін,- деді Жанардың кекіл шашынан иіскеп қойып.- Сендерді жеткізбей неге өлейін. Өлмеймін.
− Ур-ра, әжем өлмейді,- деп қарны тойған Жанат үстел шетінде шалқасынан жатқан күйде аяғын тыпырлатты.
Өстіп көңіліміздің кем-кетігі жазылғандай боп қуанышты бір шақта отырғанымызда, ауыз үйге аяғын дүрс-дүрс қағып біреу кірді. Болат ұшып тұрып есік ашқан, Зибаш екен. Станцияға Нәзира әпкеммен бірге астық тарта кеткен.
− Әже Нәзираның өгіздері болдырып жолда қалды, Жарбұлақтың тұсында,- деді. Өзінің өне бойы сірескен қар, сықырлап тұр, иегі-иегіне тимей сақылдап, сөйлеуге аузы әзер келіп тұр, әбден тоңған.
− Не дейді?! Жалғыз қалды ма?! — деді жан даусы шыққан әжем.
− Қасында Манар бар. Біз алдыңғы екі шана ауылға хабар берейік деп озып кеттік те, олар екі шана кейіндеп қалды.
− Ойбай, өлді десеңші онда, мына боранда!.. Ойбай…- деп әжем ойбайлай жөнелді.-Құдай-ау, ендігі көп көргенің сол ма еді?! Неден жазып едім саған, осынша сор маңдай ететіндей… Қанат-ау, неғып тұрсың, ойбай, жүгірсеңші Байдалыға! — деп кеп, есім шығып сілейіп тұрған мені жұлқылады.
Зибаш кетуге ыңғайланған, үстіме ілінгенді кие сап оған ілесе мен де сыртқа шықтым.
− Сен Байдалының үйіне бар,- деді Зибаш дірдектеген өгіздерін бас жібінен жетелей тұрып.- Қора жақта жүрсе, мен өзім айтам ғой.
Дала әлем-тапырық боп, боран өршелене соғып тұр. Бұ неғылған таусылмайтын қар, бұ не деген басылмайтын боран. Сірә, аспанның түбі түсіп кеткен шығар. Ұйтқыған қар лезде қойны-қоншымды кеулеп дірдектетіп жіберді. Байдалы шалдың үйіне қарай қалың қарды кешіп сүріне-қабына жүгіре жөнелдім. Оппа қарға малтығып екі-үш рет оңқа-шоңқа құлап та алдым. Байдалы шал үйінде жоқ екен, Көлбай керең екеуі кешеден бері мал жақта жүрген көрінеді.
Үйге қайтып оралғам. Әжем сол әлгіндегі құдайға біресе налып, біресе жалбарынып, зар еңіреген күйінде байыз таба алмай жүр екен. Оған қосылып кішкене балалар да тұс-тұстан ұлардай шулап жылап тұр. Осының бәрін көріп үйде отыру мүмкін емес еді. Менен өзге бас көтерер Нәзира әпкемді іздеп шығар ешкімнің жоғы белгілі. Өгіздері болдырып жолда қалғанын ести отырып, біліп отырып, еш әрекетсіз қол қусырып қалай ғана отыра алам. Алдынан шығуым керек, іздеуім керек. Мен Жарбұлаққа баратынымды айтқам.
− Мына боранда сені қалай жалғыз жіберем?! — деп, әжем онан әрмен ойбай салды. Менің дегенімнен қайтпасымды көріп, енді өзі де киіне бастады.
− Өзің ауырып тұрсың, қазір суыққа шықсаң мүлдем жатып қаласың ғой,- деген менің сөзімді тыңдаған да жоқ.
− Сен екеуіңнің жолыңда мен өліп, неге құрбандықтарың болмаймын,- деп бой бермеді.
Жылай жүріп өзі де киінді, мені де жылылап киіндірді, қолымызға бір-бір таяқ алып, Нәзира әпкемді іздеуге шықтық. Екі шақырымдағы Жарбұлаққа мынадай ат құлағы көрінбейтін боранда барамыз деп жүрген әжем екеуміздікі құр далбаса да. Есіктен аттап шыға бере-ақ, қалай жүрерімізді білмей бір-бірімізді тартқылай бастадық. Боран оң жақ шекемізден қиғаштай соғып алға аттатар емес, кейін қарай итеріп-итеріп тастайды, екеумізді қауқар көретін түрі жоқ, қаңбақша үйіреді.