Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Енді мен де көрдім, екі бос шананың ортасында аппақ қар басқан өгіздер тұр да, өгіздердің ортасында үсті-бастары аппақ қар Нәзира әпкем мен Манар екеуі қорбаңдасып бірдеңені бықсытып жағып отыр екен. Біз қастарына кеп аттан түскенбіз. Алдарында бықсып жанып жатқан қара күйелеш бір нәрсені аударыстырып отырған Нәзира әпкем мені көріп орнынан тұрды.

− Қанатай, сенбісің?!

Келіп құшақтаған болды. Әбден тоңған екен, дірдектеп өз қолы өзінің икеміне келер емес. Бектай қоржындағы жемді түсірген. Төрт өгіздің үшеуі дірдектеп түрегеп тұр да, біреуі жатыр екен, кәдімгі Нәзира әпкем жегіп жүрген көк қасқа өгіз. Үш өгіздің алдына қоржынның бір басындағы жемді төгіп, қоржынның екінші басындағы жемді көк қасқа өгіздің алдына қойдық.

− Жей ғой, қасқам, жем жеші,- деп өзі дірдек қаққан Нәзира әпкем жемнен қос уыстап алып көкқасқаның аузына тосқан. Байғұс Көкқасқа сол аузына тосқан жемді жеуге шамасы зорға келді. Осы кезде әуелі сол жағымыздан, оған қосыла іле-шала оң жағымыздан қасқырлар ұлыған. Бораннан өздері көрінбейді, бірақ ұлығандары тым жақыннан естіліп тұр. Күреңтөбел тіптен тыпыршып кетті. Айнала қасқыр қаптап кеткендей біз де үрейленіп қалдық.

− Бағана бұлар бізді қоршаған, өзіміз де, өгіздер де зәреміз зәр түбімізге кетіп, жаман қорықтық,- деді Манар сөніңкірей бастаған бықсықты қайта аударыстырып.- От жағуымызға тура келді.- Енді байқадық, бықсытып жағып отырғандары станцияға астық қаптап апарған қаптары екен. Және шананың жақтау ағашының бір басын сол бықсыған қаптардың арасына тығып қойыпты.- Мына ағаштың басын тұтандырып ап қудым.

− Мына жерде жаңа үшеуін көрдік,- деген Бектай.

− Сендер үшеуін ғана көрдіңдер ме, өздері бесеу болатын.

Бізді төңіректеп жүргендері ғой. Олар со кештің түсуін күтеді енді,- деді Манар.

− Жей ғой, қасқам… жей ғой…- дейді даусы дір-дір еткен Нәзира әпкем көк қасқа өгізін балаша мүсіркеп. Әлгіндегідей емес, тамағынан аздап талшық өткеннен кейін, көк қасқа өгізге жан кірейін деді, сәлден кейін жем жеп дұрыстала бастады.

− Қанат, мә, сен Күреңтөбелді мықтап ұстап тұр,- деп Бектай боран өтінде тықыршыған аттың шылбырын маған ұстатты да, өзі от жағуға кірісті. Шананың жақтау ағаштарын тепкілеп жүріп сындырып, оларды бықсып жатқан қаптардың арасына салып, бораннан қалқалай отырып үрлеп, отты кәдімгідей тұтатқан. Қу ағаш лаулап жана бастады.

− Кәне, екеуің жылынып алыңдар,- деді онан соң дірдек қаққан Нәзира әпкем мен Манарға. Өзі тағы да тепкілеп ағаш сындыра бастаған. Дәл осы мезетте ту сыртымыздан бірдеңе оқыс зу еткендей болды да, Күреңтөбел ышқына кісінеп жіберіп, көлденең жатқан Көкқасқа өгіздің үстінен бір-ақ қарғып, шылбырын қолыма орай ұстап тұрған мені жұлып әкетті. Көкқасқа өгізден асып барып мен оңқа-шоңқа құлағам, Күреңтөбел дырылдатып сүйрей жөнелді. Қанша жер сүйреткенін білмеймін, бір кез қыл шылбыр қолымнан сыпырылып шығып кетті. Қалың қарда аспандай секіріп бара жатқан Күреңтөбелді көріп қалдым, оның ышқына кісінегені, одан Нәзира әпкемнің шыңғыра айқайлаған даусы жетті құлағыма, Бектай мен Манардың қосарлана аттандағандарын және естідім, гүрс етіп мылтық атылды. Біреу кеп жерден жұлқып көтеріп алған, Бектай екен.

− Жүр, жүр, отқа қарай,- деп дедектетіп жетелей жөнелді. Екі шананың ортасына, оттың қасына жеткенімде:

− Еш жерің ауырған жоқ па? Амансың ба? — деген әпкем үрейленіп.

− Аманмын.

Осының бәрі қас қағым сәтте болған еді, мен тіпті қорқып та үлгере алмадым ба, білмеймін, әйтеу, сақылдап күлгенім есімде.

− Әлгі қасқырлар қайда? — деппін.

− Күреңтөбелді қуып кетті,- деді Манар.

− Жануар аман құтылып кетсе жақсы болды,- деді Бектай қайғыра тұрып.- Ал өгіздер әлденген шығар, жүрелік.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий