Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Өгіздер, шынында да, әлденіп қапты, Көкқасқа өгіз де орнынан сүйретіле тұрды. Шаналарды тастап, төрт өгізді ортаға алып, Нәзира әпкем мен Манар алға түсіп жетелеп, біз Бектай екеуміз соңдарынан айдап, ауыл осы тұста-ау деген бағытпен жүріп кеттік. Бектай мылтығын оң иығына асып, сол иығына бықсыған қаптар мен тұтанған ағаштарды орап басына ілген ұзын таяқты салып алған. Қасқырға қарсы бірден-бір амалымыз. Бір жақсысы боран соңымыздан, өгіздер де, өзіміз де итере қуғандай боп келеміз.
− Апырай, Күреңтөбел не болды екен? — деп қояды Бектай.
Боранның гуілі ме, әлде қасқырдың ұлығаны ма, үрейлі бір дыбыстар естіледі, «У-у…» дейді. Қорқып Бектайға тығыла түсем. Түтектене соққан боран, қарауыта бастаған төңірек өгіздерді де, біздерді де жұтып қоярдай.
Біз ауылға жеткенде, дала қараңғы тартып, кеш түскен еді. Бектай мен Манар әрі қарай кетті де, біз әпкем екеуміз екі өгізді жетелеп үйге қарай бұрылдық. Әжем мен балалар май шамды сығырайтып қойып, бізді елегізе күтіп отыр екен. Үсті-басымыз қар-қар боп сіресіп үйге кіріп келгенімізде әжем:
− Жеті нан! Жеті нан! — деді.
Әжем екеуміз әуелі екі жақтан жүріп Нәзира әпкемнің үстіндегі етегіне дейін делдиіп ақ мұз боп қатып қалған сары тонын шештік. Нәзира әпкем ошақ алдына отқа қолын созып сылқ етіп отыра кетті.
− Қар әкел, қар! — деді әжем дегбірі қашып.
Мен бос шелектің бірін ала сап, есік көзінен толтырып іліп қар алып кірдім. Онан соң әжем екеуміз екі жақтап қармен Нәзира әпкемнің аяқ-қолын ысқылауға кірістік.
− Әлгі Бектай іздеп тапты ма? — деп сұраған әжем. Әпкем басын изеді.
− Өркенің өскір-ай!.. Айналайын-ай… Өзі неғып үйге кірмей жүр. Әлде үйіне кетіп қалды ма?
Нәзира әпкем тағы да басын изеді. Енді байқадым, әпкемнің тоңғаны сонша, иегі дірілдеп, сөйлеуге шамасы келмей тұр екен. «Аяғым… аяғым…» — дей береді. Екі аяғының басын қармен қанша ысқыласам да көкпеңбек боп жан кірер емес.
− Қанатай,- деді әлден уақытта даусы жарықшақтана сөйлеген Нәзира әпкем,- сен барып, сырттағы егіздерді ешкілердің қасына қораға кіргізіп, алдарына шөп салып келші.
Жайшылықта кешкісін қораның есігін ашуға қорқатынмын, бұл жолы сол қорқыныш атаулыдан мүлде із де қалмапты, тастай қараңғы қораның ішіне сипаланып жүріп кіріп, дірдектеген екі өгізді жылы түкпірге қарай жетелеп, алдарына шөп салдым. Қараңғы қораның ішінде, күрт-күрт күйіс қайырған ешкілер мекірене маңырап, менің дыбысымнан шошынғандай төбе жағымда қонақтап отырған тауықтар қанаттарын сабалап, ақырындап қыт-қыттап қойды.
Ертеңіне шайдан кейін өгіздерді колхоздың қорасына апарып, Көлбай кереңге тапсырдым.
− Шана қайда? — деп сұраған.
− Үйдің қасында қар басып қалды, күн ашылған соң, шығарып аламыз,- дедім құлағына айқайлап.