Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мен ұшып тұрып, түні бойы салқын тартқан суық үйде денемді мұздай қарыған киімдерімді тез-тез киіне бастадым. Үйдің іші ала көлеңке. Қалың қырбақ тұрған кішкене терезеден ертеңгі жарық бозамықтанып қана түсіп тұр. Кішкене балалар шырт ұйқыда жатыр. Әншейінде әжеммен қатар оянатын Нәзира әпкем де әбден қалжырап шаршағандікі болу керек, тыпыр етер емес, өңі тотыққан, әрі ісіңкі, неше күнгі суықтың табы білінеді, бұрын менен сәл ғана үлкен сияқты көрінетін балаң кескіні қазір тіптен есейіп кеткендей көрінді.
Сыртқа шығып, әуелі есіктің төңірегіндегі сіріленіп қалған қарды күреп, қораға жол аштым. Күресіннің үстіне үстеленген бұл жолғы жал қар үйдің төбесімен бірдей бопты. Бір көрімі есікті басып қалмай бір жарым метрдей ентелеп кеп жарқабақ боп тоқтаған. Қораның алдын кеңейтіңкіреп қарын ашып, неше күннен бері қамауда тұрған қоңыр сиыр мен ешкілерді шығарып, шағындап-шағындап бір-екі ашадай шөп шаштым.
Тек осы шаруаларды жайлағаннан кейін ғана, көрші Нұрсұлудың үйіне қарай темір күрекпен кертпіштеп ойып, биік жалмен баспалдақтап көтерілетін жол ашып, өзім соның үстіне көтерілгем. Төрт күн соққан боран қарды әбден істелеп сірестіріп-ақ тастапты, қаттылығы сондай, аттылы адам шауып шықса, ойыла қоятын түрі жоқ. Әрі-бері секіріп, тепкілеп көріп едім, тіпті із түсер емес. Қар деп осыны айт! Егер мына қарға Ырысбек басымызды төмен қаратып қойып қалар болса, төбеміздің жапырылып қалары анық. Бүкіл ауыл осындай сірескен қатты қалың қардың астында қалған. Әдеттегі тақтайдай жап-жазық көшелер мен ауыл үйлердің арасына дөңкиіп-дөңкиіп ақ жалдар тұрған, үйлердің төбелерімен бірдей. Әр тұстан қора төбесіне үйілген шөптер мен жетім баладай сүмірейген мұржалар ғана көрінеді, кейбірінен будақтап түтін шығып жатыр, тіршіліктің белгісі.
Нұрсұлудың үйінің есігі жартылай ашық тұр екен. Қар есікті екі жағынан бірдей үрлеп, істелеп, не ашылмайтын, не жабылмайтындай етіп сіреп тастапты, ал ауыз үйдің кіре берісіне әжептеуір жал тұрған. «Есіктерін жабуға да шамалары келмеген-ау» деп, дереу темір күрекпен әлгі үйілген қарды кертіп-кертіп ойып, ауыз үйді, естіктің алды-артын тазартып ішкі есікті тартқам, міне, қызық, сыртынан кеспелтек ағашпен мықтап тіреп қойыпты. «Үйлерінде ешкім жоқ, болғаны ма, сонда бұлар таң атпай жатып қайда кетті екен»,- деп таңырқап кеспелтекті алып ішке енгем, күңгірт қана жарық түскен, ел көшкендей шағын бөлмеден үрейлі салқын азынап қоя берді. Нұрсұлудың шешесі Бәкиза кемпір екі немересі екі жағында ошақты іргелеп «бүрісіп жатыр екен. Ошаққа кемі бір тәулік от жағылмаған тәрізді. Мен кіргенде, үшеуі де тым-тырыс қозғалмай жатты. Қорқып кеттім. Әуелі:
− Апа! Апа! — деп жайлап дыбыс беріп кердім де еш қыбыр болмаған соң: — Серік!.. Берік!..- деп Нұрсұлудың екі баласының аттарын айтып, дауыстап жібердім.
− О не?! Біреу шақыра ма?! — деді кемпір оянып.
− Қанат қой, келіп тұрған,- деді Берік, менің келгенімді бақылап ояу жатса керек.
Мен өзімнің үрейлене дауыстағаныма ұялып:
− Апа, бұл мен ғой, әжем жіберіп еді, амандықтарыңызды біл деп.
− Ә, Қанатпысың, қарағым? — деді кемпір сол қозғалмаған күйінде жайбарақат үнмен,-Әзірге тіріміз. Мына Серік ауырып қалды. Денесі өртеніп, күйіп-жанып жатыр. Түні бойы осыны күзетем деп көз ілмеп едім.
− Сыртқы есіктеріңіз ашық қапты ғой.
− Кеше іңір кезінде біреу кеп, сыртымыздан бекітіп, ауыз үйге кіргізіп жүрген екі тауығымызды ұстап әкеткен, сол ашып кеткен ғой…
Мына кісінің аттандап ойбай сап, қиянат жасағандарды қарғап-сілеп шаң-шұң айғаймен болса да ашу-ыза білдірудің орнына бейжай ғана сөйлеп, ешбір әрекет-қимылсыз бұлай жатқаны маған бұ дүниеден күдер үзгендей боп көрінді.
Үйге кеп жайды әжеме айттым.
− «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген осы да,- деді әжем күрсініп.- Қандай үй еді?! Бір кездері саусақтың саласындай азамат ұлдары у-ду боп жататын шаңырақ еді ғой!..