Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Кеше боранда маған бой бермей үйден шығып кеткен, мен соңынан киініп шыққанымша, көз жазып қалдым. Содан ары-бері іздеп-іздеп ақыры өзім адасып кете жаздап таба алмай қойғам. Өзі қайтып келер деп түні бойы шамды жағып қойып күттім. Жаңа ертеңгісін суға барған қатындар тұманың басында серейіп өліп жатқанын көріпті. Қазір соны колхоз бастыққа айтқалы бара жатырмын. Әскер семьясы ғой, көмуге көмектеспесе, мен жалғыз өзім мына қыста қалай көмем.
Мұнан әрі Тоштан далбақтай жүгіріп Байдалы шалдың үйіне қарай кетті.
Мен үйге кіріп Нәзира әпкемді оятып, әжемнің тапсырғанын айтып және Тоштаннан жаңа естігенімді — жынды Бүбітайдың боранға ұшып өлгенін хабарладым. Көзі бажырайып қалған әпкем:
− Ойпырмай, Қарақаншық шынымен киелі ит екен-ау! — деді ішегін тартып.
Мектепке келсем, неше күнгі боранда үйден шыға алмай әбден іш құса болған балалардың кейбіреулері алысып-жұлысып ойнап, кейбіреулері осы күндерде ауылда болған өзгеріс-жаңалықтар мен өсек-аяңдарды бірінен-бірі асыра соғып, гөй-гөйттесіп отыр екен, соның арасында Бүбітайдың боранға ұшып өлгенін де, Нұрсұлудың үлкен ұлы Серіктің қатты ауырып жатқанын да және оның жұпар деген жұқпалы жаман ауру екенін де, біреулердің кеше іңірде Нұрсұлудың шешесі мен балаларын сыртынан бекітіп тастап ауыз үйлеріндегі екі тауығын ұрлап әкеткенін де жіпке тізгендей ғып айтысып отыр екен. Менің таңғалғаным осыдан бірер сағат бұрын ғана өзім үйлерінің алдын тазалап күреп, сыртынан кеспелтек ағашпен тіреп бекітіп кеткен есіктерін өз қолыммен ашқан Нұрсұлудың үйіндегі жағдайды мұндағылардың менен жақсы біліп отырғандығы. Мәселен, мен Серіктің қатты ауырып жатқанын көзіммен көргенмен, оның қандай сырқат екенін білгем жоқ, ал бұлар оның жұпар деген жұқпалы жаман ауру екенін айтып отыр. Иә, ауылдың сымсыз телефоны керемет еді.
− Бұрын біздің ауылда суыртпақ жіп жоғалмаушы еді,- дейді апам,- мына соғыс кезінде әр жақтан көшіп келгендер көбейді де, ұрлық-қарлық шыға бастады,- дейді.
− Иә, менің атам да сөйдейді. Әсіресе шешендер ұры дейді.
− Әй, сен не сөйлеп тұрсың?! — деді осы сәт Бәкке деген шешеннің баласы ұшып тұрып.
− Шешендер — мұсылман, ұрлық жасамайды.
− Па, шіркін, ұрлықты жасағанда солар жасасын,- деді бағанадан үнсіз отырған Санат.
− Сен немене, шешендердің ұрлығын көріп пе ең?
− Көргем. Жалғыз мен емес, бүкіл ауыл көрген. Осыдан екі ай бұрын Қадауқара кемпірдің қара қойын ұрлап сойып алған шешен емей кім еді? Абдраман шешен емес пе еді?
Бәкке даусы бәсеңсіп:
− Ой, ол Абдраман — оңбаған. Ол Кавказда жүргенде де ұры болатың,- деді.- Обал жоқ өзіне де, комендант айдап әкетті ғой.
− Сол Абдраман да ылғи мен — мұсылман деп момақансып отыратын,- деді Отто деген неміс баласы да шыдай алмай.
− Ей, сен тыныш отыр,- деді Бәкке оны адам ғұрлы көрмей,- сен неміске не жоқ-ей?!
− Мен советтің немісімін. Әкем — коммунист.
− Бәрібір неміссің.
− Тарт тіліңді, әйтпесе көресің!
− Кім кімге көрсетер екен-ей! Кәне! — деп Бәкке тағы да ұшып тұрған.
− Сен қожыраңдамай тиыш отыр енді! — деді Санат оған алара қарап, Санаттың мінезі белгілі, ашуланса кіміңді болса да қағып жібереді.
− Өзі неге тиіседі.
− Ол саған тиіскен жоқ. Абдраман туралы айтты, оған қай қимаң қышып барады. Немене, оның ұры екені өтірік пе?
− Рас.
− Ендеше, тиыш отыр.