Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тас қоймада молотилкаға астық бастырып бес-алты әйел жүр екен, баяғы апаммен бірге Ырысбекті қорқытатын Бәтиқа, Қалипа, Сәруелерді көргенде, көзіме оттай басылып, апам есіме түсіп, — ет жүрегім езіліп кеткендей болды. Байқатпауға тырысып ұрланып үшеуіне кезек-кезек қарай берем, үшеуінің бойынан да апама ұқсас қасиеттер тапқандай болам: көздеріне дейін түсіре орамал тартқандары, белдерін мықтап орап шыт белбеумен байлап алғандары, астық бауларын ашамен іліп ап лақтырған сәттегі кіртиген қабақтары, суыққа тотыққан жүздері, кезере жарылған еріндері апамның түр-тұлғасын айна-қатесіз есіме түсіреді. Бәрінің де әбден титықтап шаршағандары көрініп тұр. «Уһ!» десіп тыныс ап, бір бел жазғандарында:
− Қанатай, халің жақсы ма? — деп сұраған Сәруе.
Осы бір ауыз ғана сөз маған апамның: «Қарағым-ай!» деп, маңдайымнан сипағанындай әсер етті.
− Жақсы.
− Әжең қалай, ауырмай ма?
− Екі-үш күндей ауырып қап еді, бүгін тәуір.
− Кішкене балалар қалай?
− Жақсы.
Мұнан әрі әйелдер өзара сөйлесіп кетті.
− Бағила марқұм Қанатымның ер жеткенін көрсем деп отырушы еді.
− Е, байғұс-ай, арманда кетті ғой.
Әлдеқайдан сап етіп жетіп келген Бектай есепші:
− Әй, қар күремей неғып тұрсыңдар енді?! Немене, мен сендерді кәмесия болыңдар деп шақырды дейсіңдер ме?! Шіреніп тұрыстарын! Дабай, кірісіңдер қар күреуге!
Біз әлгінде келген алты бала Бектай есепші көрсеткен тұстан қар күреуге кірістік.
Қойма іргесіне сірескен қардың қаттылығы ақ кіріштей екен, үшеуміз темір күрекпен әлгі біркелкі кірпіштей боп ойылған қарды лақтыра бастадық. Ауыр да емес, бірақ онша жеңіл де емес. Әсіресе лақтырған адам тез шаршайды екен. Сондықтан алтауымыз жиі-жиі орын ауыстырып, кезектесіп тұрдық. Әуелі жүз кірпіш қардан санап лақтырып кезектессек, біраздан соң сексеннен, онан алпыстан, ақыры елу күректен кейін алмасатын болдық. Сөйтіп, түске қарай белгілеп берген жердің қарын тазалап бітіргенімізде, әйелдер:
− Ой, бәрекелді, мына балалар мына араны тіпті лезде тазартып тастады ғой.
− Баланың істегені көрінуші ме еді?
− Жігіт болғандары ғой айналайындардың, өркендерің өссін,- десіп, кеу-кеулесіп мақтай жөнелді.
Осы мезетте Байдалы шал да келе қалар ма, біздің ісімізді көріп ол да риза боп жатыр.
− Жарайсыңдар! — деп қойды,- Е, өстіп бір ауық ішкен тамақтарыңды ақтап тұрсаңдаршы. Қызталақ, бұлардай күнімізде өзіміз мына Ешкіөлместің қарын қолмен аршып, ала қыстай ма бағып шығатынбыз.
− Ата, ол кезде сіздің қатыныңыз бар ма еді? — деп сұрады Санат.
− Бар болатын.
− Ал біздің қатынымыз жоқ,- деді Петке.
− Қызталақ, сендер қатын алмақ түгілі, алдымен анау мұрындарыңның боғын сүртіп алсаңдаршы,- деді Байдалы шал бүгінгі туған балаларды кемсіте сөйлейтін дағдысына басып.
− Сіз құсап күнде ет жесек, біз де қатын алар ек, — деді Бәкке.
− Сендердің ауыздарыңнан ақ май ағызып қойса да түк шықпайды,- деді шақшасын алып аузына насыбайдан атып ұрған Байдалы шал астыңғы ернін бұлтитып сақаулана тұрып.
− Отағасы-ау, әлгі Бүбітайды қашан жерлейтін болдыңыздар? — деп сұраған молотилкада жүрген әйелдердің бірі.- Бірге өскен замандас ек, ең болмаса сүйегін шығарарда қоштасып қаладық.
− Мілмеймін,- деді Байдалы шал сол сақауланған қалпында қабағын шытып.- Қабылы дайын болмай жатыл. Жел қала, күн дылыда өлмей, көлмейсіңдел ме, мынау кісінің бойымен білдей қал жауған қақаған қыста өлгөнін…- аузындағы насыбайын шығарып тастады да:
− Әй, Қанат, ұмытып барады екем, анау сүйменді қабір қазып жатқандарға апарып берші! — деді маған.- Әлгі Көлбай кереңге айт, бүгін кешке дейін қалайда бітірсін деді де.
− Мақұл.