Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жан-жақта қар ойып жүрген балалар шуылдасып жүгіріп жетті. Сүйрелеп жүріп мені шығарып алды. Әжібектен із-түз жоқ, үйіліп қалған қар кесектерінің қай тұсында қалды, тірі ме, жоқ па? Еш дыбыс білінбейді. Жаңа ғана барлығымызға жарлық жасап жүрген Әжібегімізді қалың қар зым-зия жұтты да қойды. Зәреміз ұшып қорыққандікі болу керек, есіміз шығып, тым-тырақай бет-бетімізбен қаша жөнеліппіз. Және үлкендерге айтып, Әжібекті құтқару біріміздің ойымызға келмепті. Көрші үйлердің, қоралардың тасасына барып тығыла тұрып, үйілген қарға сығалай қараймыз. Жоқ, тырс еткен сыбыс та, бүлк еткен қыбыр да білінбейді. Біраздан кейін балалардың бірі:

− Әжібек өліп қалды,- деді. Сол сол-ақ екен, бәріміз жан-жақтан бір ауыздан:

− Тұншығып өлді!

− Қар басып өлді! — дестік бір-бірімізге.

Көзіміз жасаурап, иегіміз дірілдеп, енді Әжібекті жоқтап, еңіреп жылауға ыңғайлана бастағанбыз. Осы кезде тұсымыздан өтіп бара жатқан, бірі торы жорғаға, бірі көк құнанға мінген Байдалы шал мен Бектай біздің мына тұрысымыздан секем алған болу керек, аттарының басын бұрды.

− Әй, неғып үрпиісіп тұрсыңдар?! — деген Байдалы шал.

− Әжібек өліп қалды,- деп шу ете түстік.

− А! Не дейді? Қайда? — деді екеуі бірдей шошынып.

Әнеу жерде қардың астында қалды.

− Әй, Бектай, жүрші, мыналар не деп тұр өзі.

Біз болған оқиғаны жарыса айтып, әлгі құлап жатқан мұнарамызға бастап келдік. Бектай атынан секіріп түсіп, қолына күрек ала сап, әлгі үйіліп жатқан қар кесектерін бір шетінен күреп лақтыруға кірісті. Жүрек тоқтатқан біз де оған шет жақтардан кеп көмектесе бастадық. Кесек қарды біраз аударғаннан кейін, Әжібектің қолы көрінді. Бектай еңкейіп оның тамырын ұстап, тыңдап біраз тұрды да:

− Тірі! Тамыры соғып тұр,- деді.

− Е, бұ шақша бас оңайшылықпен өле қояды деп пе едің,- деді ат үстінде бәрін қадағалап тұрған Байдалы шал мырс етіп. Оның да кеңілі орнына түскен сияқты.- Істеп жүрген ісін қарамайсың ба, обал жоқ итке.

Мұнан әрі жан-жақтан қарды жабыла аршып, әне-міне дегенше Әжібекті суырып алдық, есінен танып қапты, бет-аузы көгеріп былқ-сылқ етеді. Бектай кеуде жағын, басқа балалар аяқ жағынан көтерісіп үйіне кіргіздік.

− Қар алып кіріп бет-аузын, қолының бастарын ысқылап жіберіңдер,- деді Байдалы шал. Өзі атын тебініп жүріп кетті.

Біз қар алып кіріп, Әжібектің бетін, қолын ысқыладық. Қазан астына от жақтық. Үйдің іші жыли бастады. Әлден уақытта Әжібек көзін ашты, жан-жағынан төніп тұрған барлығымызға таңырқай қарап басын көтерді.

− Маған не болды? — деді.

− Саған не болсын. Сен о дүниеге барып қайттың,- деді Бектай күліп. Қуанғанымыз сондай, біз балалар да тегіс күліп, шулап қоя бердік.

− О дүние қандай болады екен?

− Әңкір-мүңкірді көрдің бе?

− Ол жақта қар жоқ па екен?

Әжібек бәрімізге алара қарады да:

− Шуламаңдаршы, басым ауырады,- деді әлсіз үнмен.- Қайдағы о дүние? Түк те көргем жоқ. Ұйықтадым да ояндым.

Қазан сақырлап қайнай бастаған. — Үйдің ішін тәтті бір будың иісі алып кетті.

− Мына қазаныңда не бар еді? — деп сұрады Бектай.

− Піскен тауық.

− Ә-ә, дұрыс еке-ен,- деді Бектай даусын соза сөйлеп. Онан соң қазанға жақын тұрған балаға: — Әй, мынаған бір тостаған сорпа құйып берші,- деді.

Әлгі бала қазанның қақпағын ашқан, тәтті сорпаның иісі мұрнымызды жара жөнелді. Бір тостаған ыстық сорпа ішкеннен кейін Әжібек есін жинап, өз-өзіне келгендей болған.

− Ал енді рақмет бәріңе де, кете берсеңдер де болады,- деген.

− Жоқ, біз оңайшылықпен кетпейміз,- деді Бектай бұған қадала қараған күйде қамшысын бұлғақта отырып.- Балалар, сендер де кетпеңдер. Кәне, Әжібек, шыныңды айтшы, мына тауықты қайдан алдың?

− Өзімнің тауығым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий