Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бұл дау-шардан бейхабар, бағанадан жер ойып тұрған керең Көлбай екі самайынан айғыз-айғыз тер ағып, қолындағы сүйменін Нүсіп шалға ұстатты да:
− Осы сен шал не сөйлей бересің аузың жыбырлап?! Мә, жұмыс істе,- деді, онан соң маған бұрылып: — Сен неғып тұрсың енді мұнда? Немене, көр қазу да қызық боп па? Айда, қайт! — деді жекіріп.
Тас қоймаға қайтып кеп балаларға қосылып, тағы біраз қар күредік, онан әйелдерге жәрдемдесіп қойманың түкпір жағындағы астық бауларын молотилкаға қарай тасыстық. Біраз қара терге түсіп титықтап-ақ қалдық.
− Ой, айналып кетейіндер, үлкен жігіт болыңдар! Рақмет! Енді қайтыңдар үйлеріңе, қарындарың да ашқан шығар,- деді әйелдер.
Сөйтіп, мектепте қоңырау соғылып, Әнипа апай бастаған біздің кластың балалары сабақтан тараған кезде; біз де тас қоймадан шығып, үйді-үйімізге тараған едік.
Үйге жақындай бергенде, жүрегім сазып, басым айналып, көзім қарауытқандай боп кетті. Қарнымның ашқанын енді ғана білдім. Есік алдына жеткенімде, сүтке піскен кеспе көженің иісі аңқып сала берді. Нәзира әпкем анда-санда бір күн, жарым күн үйде болғанында, ылғи өстіп сүт қатып кеспе көже жасайтын. Үйге кірген бойда, шешінуге де мұршам келместен, жер үстелді шынтақтай жамбастап отыра кеттім:
− Әпке, қарным ашты,- дедім анда-санда көңілді кездерінде оған еркелейтін әдетіммен.
− Қарның ашса, қазір тойғызамыз,- деді ол да мені еркелетіп.- Естідім, бүгін сен тас қоймада қар күресіп жұмыс істепсің. Молодец!
Бал татыған кеспе көжені асыға-аптыға іше бастадым.
− Жә, біреу қуып келе жатқан жоқ қой, асықпай іш, шашалып қаласың,- деген әпкем. Оған жауап қайырып сөйлеуге мұршам болмады, кеспені онан әрмен аптығып сораптаймын. Нәзира әпкем менің көже ішкеніме қарап күлімсіреп қойып отыр. Енді байқадым, жуынып-шайынып, шашын қақ жара жылтырата тарап, сандық түбінде жататын қызыл көйлегін киіп, тіптен әдеміленіп кетіпті.
− Тойға баратындай боп отырсың ғой, әлде біреу келетін бе еді? — деп сұрағам. Әпкем ыңғайсыздана қызарақтады да:
− Жай, бүгін үйде болған соң кигенім ғой.- деді.- Тракторшы болсам кие алам ба, жоқ па, кім біледі.
− Ә, енді түсіндім. Ұмытып барады, екем, Байдалы шал Манар екеуіңді бүрсігүні Мытысқа өзі алып барып салам, дайындала берсін деді.
− Өзім де соған дайындалып жатырмын ғой.
− Мен артыңнан іздеп барам.
− Кел. Сенен басқа мені іздеп келетін кімім бар енді.
− Келем, Мытысты көріп қайтам,- деп қойдым.- Әжем әлі Нұрсұлудың үйінде ме?
− Иә. Бағана бір келіп кеткен. Серік ауырлап жатқан көрінеді.
* * *
Терезе қағылған, қырауы еріген әйнектің арғы жағынан танауы жәпірейіп, ыржиған Бәтен тез шық дегендей белгі беріп тұр. Көжемнің ақырын апыл-ғұпыл іше сап жүгіре шықтым, ауылдың түстік жағында жарқабақта көшкіннен шанамен секіріп сырғанақ ойнайтынбыз, соған асықтырып тұрған болар деп ойлағам. Олай болмады.
− Сені тез Әжібек шақырып жатыр,- деді.
− Жайшылық па?
− Қайдан жайшылық болсын. Аққала саламыз дейді. Міне, мен күрек алдым, сен де бірдеңе ал қолыңа.
− Бара көрерміз.
Біз келгенде, Әжібектің үйінің алдында ауылдың біраз балалары дестелеп қар ойып, оны тегістеу жерге әдемілеп қаластырып, қызу іске кірісіп те кетіпті. Ақ қардан қаланған төрт бұрышты екі үйшіктің биіктігі кісінің бойындай боп көтеріліп қапты, кіретін есіктері, кішкене терезелеріне дейін бар. Әжібектің өзі тонын шешіп тастаған, кір-кір шолақ жең кеудешесімен ғана қызара тершіп, қолындағы бір жапырақ қағазға қарап қойып, қарды қандай етіп ою керек, оны қалай қалау керектігін айтып, қызыл танау боп бәрін өзі басқарып жүр. Бізді көре сап: