Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Айтпақшы, әлгі Нәзира неғып үйден шықпай қалған? Өзі станциядан үсімей-тоңбай, аман-сау келіп пе еді?

− Келген.

− Келсе, мен айтты де, трактордың оқуына баруға дайындалсын. Бүрсігүні екеуін Мытысқа өзім жеткізіп салам. Бар енді.

Мен осындағы мұздақты ойып жүрген сүйменді алып, ауылдың теріскейіндегі бейіт басында қабір қазып жатқандарға кеттім. Қатты қардың үстінде сырғанап қойып жүріп келем, кейбір беті тақтайдай тегіс жерлерге келгенде шыдай алмай сүйменнің ұшымен сызып-сызып қардың бетіне атымды жазам, немесе бес жұлдыз салам, онан қардың қалыңдығын өлшейін деп сүйменді бойлата қадап көрем, сүймен түгелдей бойлай қоймайды, бірақ жерге де жетпейді.

− Әй, Қанат! — деді Байдалы шал соңымнан дауыстап, қамшысын безеп тұр екен, ойнамай, сүйменді тез жеткіз дегені.

Сүймен әлкелгенімді көріп, қабір қазушылар да қуанып қалды.

− Ой, жақсы болды-ау, әйтпесе мына жерге күрек батпай жатыр еді,- деп, Көлбай керең сіңбірініп тастап, сүйменге жабысты. Қабірді ала қыстай қырман басында жүретін төрт-бес шал мен шешеннің екі жігіті Махмұд пен Докку қазып жатыр екен. Тоң болып қатып қалған жердің аса қиындықпен қазылып жатқаны көрініп тұр, қабіршілердің бәрі де қара терге түскен, үсті-бастары топырақ-топырақ, үшкір темір күрекпен келі түйгендей бар күшін салып гүрсілдетіп ояды да, екіншілері қазылған жерге секіріп түсе қалып, топырақты сыртқа қарай лақтырады. Қабірдің төңірегінен үй орнындай жердің қары аршылыпты, әлгі жерге түсіп өлшеп көріп едім, қардың қалыңдығы менің бойыммен бірдей екен, ал қабірдің тереңдігі белуардан боп қапты. Мен Көлбай кереңнің құлағына тақалып айқайлап, Байдалы шалдың тапсырмасын, қабірді қалайда бүгін бітіретін болсын дегенін айтқам.

− Немене, бізді ол трактор дей ме?! Мына қатып қалған жерге оның әмірі жүрмейді,- деді Көлбай керең жай сөйлеп.- Айта бар, асықса өзі келіп қазсын.

Мұнан әрі қабіршілер өз сөздерін жалғап кетті.

− Мұсылман заңында қабір қазғанның сауабы тиеді,- деді шалдардың бірі Нүсіп.

− Біздің шешенде де солай,- деді Махмұд.

− Әй, Махмұд! — деді Нүсіп кенет қызына сөйлеп,- осы сендер, шешендер, мұсылманшылық дегенде ішкен астарыңды жерге қоясыңдар. Оларың дұрыс делік, ал енді сөйте тұра белдеріңе сапы байланып, қит етсе жарып тастаймын деп тұратындарың қалай? Соларың қай мұсылманшылыққа жатады? Құранда ғой, біреуге иненің жасуындай қиянат жасау күнәға саналады…

Махмұд қалай жауап қайырарын білмей тосылып қалған. Осы сәтті пайдаланып Нүсіп шал ойындағы тағы бір күдігін айтып салды:

− Мұсылман діні ғой ұрлықты да кешірілмес үлкен күнә дейді. Ал енді мен басқа жақтағы шешендердің қандай екенін білмеймін, біздің ауылға келгендерінің ішінара ұрлық жасайтыны қалай?

Қазақша нашар түсінетін Докку шешенше Махмудқа бірдеңе деген, сірә, Нүсіп шалдың не айтып тұрғанын сұраған болу керек, Махмұд оған шешеншелеп айтып берді. Докку көзі жарқ етіп Нүсіп шалға бурылды да:

− Мен өлтіреді… өлтіреді…- деп тісін шықырлатып әрі қарай қазақша айта алмағандарын шешеншелеп кетті. Оны Махмұд дереу қазақшаға аударған.

− Докку айтады, ондай ұрылар мұсылман емес, оларды аямау керек дейді. Егер әлгі немересі қатты ауырып жатқан кемпірдің екі тауығын ұрлаған шешен болса, онда оны өзім жарып өлтірем әлі,- деп тұр.

− Әне, қит етсе, екі сөздеріңнің бірі жарып өлтірем. Оу, екі тауық үшін адам өлтірсек, сонда адамның құнының не болғаны?

Махмұд Нүсіп шалдың бұл айтқандарын да аударған, Докку күліп жіберді, аппақ тістері жарқырап, сығырая қарайтын көзі күлімдеген кезде, мүлдем жұмылып кетеді екен. Екі алақанын жайып Нүсіп шалға:

− Ху дичь баһа дүс?..- деді. Махмұд та күліп жіберді.

− Енді қайт дейсің маған. Қалай етсем жағам,- дейді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий