Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Тиіспе, қазір мен өзім қайтып келем,- дедім мен шыжалақтап.

Бірақ мені тыңдаған Бели болған жоқ, сірә, бұғынбақ ойнап біреулерден қашып жүрсе керек, жан-жағына жалтақтай қарап жүгіріп кетті.

− Менің үңгіріме жолама, қазір өзім қайтып келемін,- дедім мен оның соңынан қайталай ескертіп. Ол менің ескертпемді естіді ме, жоқ па, білмеймін, қайтып қайрылған жоқ.

− Әй, болсаңшы тез! — деді Бектай да осы мезетте бұрыла зекіп. Мен жүгіре басып оны қуып жеттім.

− Қазір мына тас қойма жақта ешкім жоқта саған бір тапсырма жүктейін деп едім,- деді Бектай енді маған байыппен салмақ сала сөйлеп.- Нұрсұлудың шешесі мен кішкене баласының халінің қандай екенін білесің ғой?

Мен білем дегендей басымды изедім. Ол үйге күнделікті кейде әжем, кейде мен қоңыр сиырдың азғантай сүтінен жарты кеседей шай қатықтық сүт кіргізіп беріп жүрміз. Кемпір де, кішкене немересі де адам аяйтындай жүдеу еді. Күнделікті қоректері сол біз берген жарты кесе сүт пен бір уыс қуырған бидай ғана. «Әй, осы сорлылар биыл қыстан шықпай қалады-ау»,- деп қояды әжем аяушылық білдіріп. Міне, Бектайдың қазір «білесің ғой?» дегенінде, «білем» деп тұрғаным сол еді.

− Ендеше, білсең,- деді Бектай сол салмақ сала айтқан сөзін жалғап,- сен қазір менің атыма өңгеріп, сол үйге екі пұттай бидайды апарып беріп кел. Әскер семьясына колхоз берген көмек деп түсіндіріп айт кемпірге. Міне, мынау Нұғыманның рұқсат қағазы, мына жеріне алдым деп қол қойсын. Ұқтың ба? Кел онда,- деп, Бектай аяғымнан көтеріп өз атына мінгізді де, алдыма орта қап бидайды көтеріп әперді.- Өздерің терген масақтың бидайы ғой. Ептеп дымқылдау, кептіріп алар. Онан соң,- деді Бектай қайта ескертіп.-Көшенің ортасымен жүрмей, мынау шет жақпен бар, Мұнымыз ұрлық емес, әрине, бірақ қаңқу сөзден аулақ болайық. Ешкім көрмесін. Жұрт дегенді білесің ғой, біреуге көмек бергеніңді сезсе, үйінде ішер тамағы бар боп тұрса да: «Ойбай, біз де ашпыз, бізге де көмек беріңдер»,- деп, қыр соңыңнан қалмайды. Сондықтан ешкімнің сезбегені дұрыс. Осының өзін майданға жіберетін астықтан әзер деп жырып беріп отырмыз. Бар. Анау қағазға алдым деп қол қойғызуды ұмытпа.

Осылайша Бектай мені әбден таптап-таптап жолға сап жіберді. Омбылау болса да шет жақпен жүріп барып Нұрсұлудың үйінің тұсына жеткенде, әуелі алдымдағы жарты қап бидайды күресін қардың үстіне домалатып түсіріп, одан соң аттан өзім түсіп, анадағы өзім күреп тақталап жасаған жолмен қапты сүйретіп үйге кіргіздім.

Бәкиза кемпір мен немересі сол анау жолғыдай пештің түбінде көрпесінің сыртынан ескі киімін жауып, оранып жатыр екен. Менің есіктерін ашып, тарс-тұрс еткізіп зілдей қапты мықшыңдап сүйретіп кіргізгенімде де, бастарын көтере қойған жоқ. Ұйықтап жатыр ма, әлде…

− Апа! Әй, апа! — дедім үрейлене дауыстап.

− Қанатпысың? — деді кемпір со қимылсыз жатқан қалпы.

Қуанып кеттім. Тірі екен ғой!

− Иә, менмін ғой, апа. Сіздерге әскер семьясы деп колхоз көмекке астық беріп жіберді, соны әкелдім,- дедім саңқылдай сөйлеп.

Кемпір жайымен қозғалып, басын көтерді. Жүдегені сондай, жағы мүлде суалып, көзі ішіне кіріп шүңірейіп кетіпті. Ұйқысырап көзін ашып-жұмып жатқан Берік те қыңқылдай жылап басын көтерген. Кішкене баланың қатты арықтағанын көргенім осы еді, өңі қан-сөл жоқ ескі шүберектей боп-боз, бетінде тек бажырайып көзі ғана қалған. Мен қапты үйдің бұрышына сүйеп қоя бердім де, жүгіре шығып ауыз үйден құшақтап сабан алып кіріп, от тұтаттым. Онан соң босағадағы ілулі тұрған кілтті алып, сыртқы қорадан барып екі-үш тезек алып келдім. Лауылдап жанған сабанның үстіне сындырып екі-үш кесек тезек тыққам, темір пеш гу-гу етіп лезде қызып шыға келді. Бойларын жылу шалған соң кемпір де, немересі де ұйқылы-ояу күйлерінен айығып, қимыл қозғалыстары ширап, қаптың аузын ашып бидайды көріп, өңдеріне тіршілік нышаны ене бастады. Кемпір маған алғысын жаудырып жүр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий