Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Сонан бері қаншама жыл өтті. Өлі-тіріңді де білмеуші ек. Қарағым-ай, тірі екенсің ғой,-деп Нүсіп шал әскерден дәл өз баласы келгендей айналып-толғанып, қуанғаннан есі шығып кетті.
Тек әлден уақытта:
− Әй, бұл тұрыстарың не? — деді жұлып алғандай.
− Жігіттің түсер жері болмай тұр.
− Қой әрі, о не дегенің. Көбегенге осы ауылдың бар үйі өз үйі емес пе. Әкесі Ысқақ марқұм менімен түйдей құрдас еді. Жігіттің сабазы болатын… Кәне, біздің үйге жүріңдер! — деді онан соң бұйырып.
Нүсіп шалдың үйі — екі үйден кейін болатын, шанаға ілесіп шуылдаса топырлап біз де солай қарай жүрдік. Енді қалай! Әскерден ауылдың бір азаматы аман-сау келіп жатқанда және ол бәрімізге базарлығым деп қант үлестіріп берсе, бұдан артық қандай қуаныш болмақ. Барлығымыздың аузымыз томпаң-томпаң етеді, өзі тастай қатты, ерекше тәтті. Мұндай қантты жеген де бар, жемеген де бар.
Шана Нүсіп шалдың дәл есігінің көзіне барып тоқтаған, біз енді ғана байқадық: Көбегенді Жақыпбай шал қолтығынан демеп көтеріп тұрғызған, бір аяғы қара саннан жоқ екен. Шанадан түсірерде жігіттің екі қолына бұрын біз көрмеген айырық-жалғаулары бар ұзын екі таяқты (балдақ аталатынын да кейін білдік) ұстатты. Көбеген әлгі екі таяққа қолтығымен асылып, жерге жалғыз аяқпен секіріп түсіп секектей жүрген. Біз, балалар, көзіміз атыздай боп, аузымыздағы әлгінде ғана Көбеген үлестірген қанттың дәмін де ұмытып, үрейлене қарап қаппыз.
Біздің ауылда соғыстан жараланып қайтқандар бұрын да болып еді. Қолының басынан, саусақтарынан, қабырғасынан, көзінен айырылып келгендердің жүріс-тұрыстарында кемдік болмаған соң олардың мүгедектігіне үлкендерді қайдам, ал біз, балалар, онша көңіл де аудармаған екенбіз. «Өкпемді оқ тескен» деген Ырысбектің өзі де бізге соғыстан сонша бір зардап шеккен адамдай боп көрінбейтін. Қайта, соғыстан жараланып қайтқандардың бәрі, сол құсап жүріп-тұратын болса, онда жаралану дегенің аттан жығылудан онша ауыр болмағаны-ау, деген ой келетін.
Енді, міне, Көбегеннің жалғыз аяқпен секектегенін көргенде, соғыс дегеннің тірі адамды қандай күйге түсіретінін ұққандай боп тұрмыз. Шын кемтарлықты көзімізбен алғаш көргеніміз осы еді. Балғын жүректеріміз шымырлап, сыздап кетті. Жайшылықта аналарымыздың: «Құдай-ау, екі қол, екі аяғынан айрылса да кеудесінде шыбын жаны аман келсе ризамын»,- деп, зар еңіреп жылағанын естігенде, онша мән бермейді екенбіз. Екі қол, екі аяғы емес, жалғыз аяғынан айырылған адамның мынадай мүшкіл халін көргенде, төбе шашымыз тік тұрды. Қайран азамат, қандай мүсәпір күйге түскен, анау жалғыз аяқ, екі таяқпен мына қалың қарда есіктен аттап шығуы зар ғой. Неткен қорлық! Соғыс дегеннің ауыртпалық, аштық-жалаңаштық, жетімдік-жесірлік қана емес, адамның — кәдімгі қол-аяғы бүп-бүтін, төрт мүшесі түгел, сау адамның кісі аярлық кемтар күйге, пақыр күйге түсу екенін осы сәтте анық түйсініп тұрдық.
* * *
МТС-қа Байдалы шал өзі апарып салған соң, жарты айдан кейін Нәзира әпкем бір күнге демалысқа келген, Біраз күн болса да көрмегендікі ме, өзгеріп кеткен. Бұрын ылғи далада жел қақты боп тотығып күреңітіп тұратын дөңгелек жүзі ат жақтанып, бозарып жүдеу тартқан, толықтықтан төртбақтанып тұратын бойы да таралып, сұңғақтанып өскен сияқты, тіпті киген киімдері де басқаша: шашын төбесіне түйіп, басына құлақшын киіп апты, кәдімгі газетке шыққан Мәншүк Мәметованың құлақшын киген суретіне ұқсап тұр: күпәйкесін шешкен, үстінде көйлек орнына кеудесі мен шалбары біртұтас тігілген қызық бір киім — мына қалпында бойжеткен қыз емес, еркекшора біреу сияқты көрінеді. Оның киімдеріне тіксіне қараған әжем:
− Өзің Нәзирамысың? — деді.
− Иә, Нәзирамын, мына тұрған ырымшыл, діншіл кемпірдің немересімін,- деді әпкем ерке үнмен күле сөйлеп. Осылай киінгені өзіне ұнайтынын жасыра алмай тұр.- Немене, танымай тұрсыңдар ма?
− Танымай тұрмыз.