Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Біз сабақтан шыққан кезде, ауылдың дәл ортасына кеп, бір ат-шана тоқтап тұр екен. Мына көрші ауылдағы етікші Жақыпбай шалдың ат-шанасын бірден таныдық. Анда-санда кеп ауылдағыларға етік тігіп беріп, астық жинап әкететін. Иегінде теріден қиып ап жапсыра салғандай боп тұратын бір шоқ сақалы бар, екі беті нарттай қып-қызыл, домалақ шал. Қазір де ауыл ортасына кеп тұрғаны етік тіккізуге үйіне кім шақыра қояр екен деп күтіп тұрған болар деп ойладық. Бұл жолы шал жалғыз емес екен, шанасында тағы біреу отыр, басында маңдайында жұлдызы бар әскери сұр құлақшын, үстінде сұр шинель, өзі аурудан тұрғандай жүдеу енді боп-боз арық адам.
− Балалар, бері келіңдер! — деді әлгі жүдеу адам.
Кім де болса әскерден қайтқан біреу, бірақ біз танымаймыз. Балалар жүгіре басып жақын келдік, біреудің үйін сұрайтын болар деп ойлағанбыз. Әлгі жүдеу адам арт жағында жатқан қапшықты алып ашты да, ішінен аппақ кесек тұздарды уыстап алып бәрімізге бір-бірден үлестіре бастады.
− Бұл қант қой, алыңдар! Менің сендерге деп әкелген базарлығым,- деді әрқайсымызға күлімсірей қарап. Уысындағы біткен соң, кейіндеу жеткен балаларға әлгі қапшықтан тағы да уыстап алып шықты. Үлкен қапшықтың іші толы кесек қант тәрізді. Біз өңіміз түгілі түсімізге кірмеген тастай қатты аппақ қантты шүпірлей сорып, есіміз шығып тұрмыз.
− Сен өзің базарлықты бүкіл ауылдың балаларына жетерліктей ғып әкепсің ғой,- деген Жақыбай шал.
− Осы балалар алдымнан шығар-ау деп, госпитальда үш ай бойы жатқанда, күнделікті шайға деп берілген қантты жинай беріп едім,- деді жүдеу адам жымия күліп.
Онан соң әрқайсымызға елжірей қарап:
− Кімнің баласысың? — деп сұрайды. Біз әкеміздің атын айтқан кезде: — Ә, со кісінің баласы екенсің ғой. Түу, үлкен жігіт боп қапсың ғой,- деп мәз болады.
Біз, балалар, бірде-біріміз оны танып тұрғамыз жоқ, ал ол біздің барлығымыздың да әкелерімізді танып-біліп тұр.
− Әкең қайда? Әскерде ме? Әлі қайтқан жоқ па?
− Әлі қайтқан жоқ.
− Нешеуа, жақын арада қайтады әлі.
− Сенің әкең ше?
− Менің әкемнен қара қағаз келген.
− А,- деп жүдеу адам қабағы түйіліп онан әрмен жүдеп қалады.- Жақсы жігіт еді, әттеген-ай…- дейді күрсініп.
− Ал, жігітім, қай үйге түсірейін? — деген. Жақыпбай шал.
− Білмеймін,- деді жүдеу адам күмілжіп.- Елге жеттім ғой, осы арада түсіп қалсам да болады.
− Өзің еліме келдім дейсің де, ат басын тірейтін жерің жоқ болады. Сонда бұл қалай, жігітім? — дейді Жақыпбай шал таңырқап.
− Әне, анау жерде бейіт бар,- деді жүдеу адам ауылдың теріскей жағын нұсқап,- сол арада менің әкем мен шешем жатыр. Демек, ат басын тірер елім осы ара.
«Біз білмейтін бұл кім болды?» — десіп, балалар өзара күбірлесіп тұрмыз, оның қорасан дағынан қалған аздаған шұбары бар кескініне таңырқаса қараймыз: күлімсірей қараған қой көзі әрқайсымызға іш тарта елжірейді. Өзі шанадан түскісі келмегендей және қозғала қояр емес. Өстіп ол бізге, біз оған қарап тұрғанымызда, тас қойма жақтан Нүсіп шал шанаға таяп кеп, дауыстай сәлемдесіп, Жақыпбайды таныды да:
− Иә, әлей болсын? — деп, жөн сұрады.
− Міне, ауылдарыңның әскерден қайтқан бір азаматын әкеп тұрмын,- деді Жақыпбай шал даңғырлай сөйлеп.
− Иә, бұ қай бала? — деді Нүсіп шал жүдеу жігітке еңкейіп.
− Мен ғой.
− Менің кім? Түсіңді тани алмай тұрмын, қарағым, аты-жөніңді айтпасаң?
− Ысқақтың баласы Көбегенмін.
− А-а! Қарағым-ау, тірі ме едің?! — деп, жан даусы шыққан Нүсіп құшағын жайып кеп, жүдеу адамды бас салды. Құшағына қысып, бетінен сүйіп, көзінен ыршып шыққан жасын тыя алар емес.- Қарағым-ай, танымай қалдым ғой. Сен әскерге кеткелі қанша заман?! Анау әлгі ақ пиндермен соғысардың алдында алындың емес пе?!
− Иә.