Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Онда танып қойыңдар, енді екі ай жарымнан кейін темір тұлпар трактордың құлағында ойнайтын мықтыңыз мен болам,- деп кеп, әпкем әжемді құшақтай көтеріп ап, бетінен шөп-шөп сүйген.

− Тә, сүйектерімді сындырдың, онысы несі, кәпір,- деп әжем ашуланған боп күледі.

Мұнан әрі әпкем әжемді қоя бере, өзіне жаутаңдаса қарап қалған кішкене балаларды кезек-кезек құшақтап беттерінен сүйіп, қолдарына бірдеңелер ұстатқан. Олар: «Бұ не?», «Бұ не?» — дескен таңырқап.

− Мәмпәси ғой.

Ең соңынан мені кеп арқамнан қағып, құшақтап бетімнен сүйді де:

− Бойың өсіп, жігіт боп қапсың ғой,- деді еркелетіп. Ой, алла-ай, осы сәттегі Нәзира әпкемнің мінезі де, даусы да құдды апам сияқты айнымай қалған еді. Кішкене балаларға ұстатқан мәмпәсиінен маған да берді және төс қалтасынан кішірек төрт бұрышты кітапшаны алып.- Мә, блокнот,- деді. Бұл менің өмірімдегі судыраған ақ қағаздан тігілген блокнотты қолыма алғаш ұстауым еді.

Мұнан әрі Нәзира әпкем түйіншегінен жылтырақ қағазға оралған алақанның жартысындай ғана нәрсені алып, қайрыла әжеме бұрылып:

− Мынау жарты шайды саған әкелдім,- деді.

− Құлыным… күнім…- деп көзіне жас толған әжем демігіп бірден сөйлей алмай қалды. Тек сәлден кейін ғана: — Өзің боп-боз болып жүдепсің, осының бәрін тамағыңнан жырып алып жүрсің-ау-ә?! — деді кінәлай сөйлеп.

− Тамағым аш емес, әже. Есіңде ме, былтыр жазда облигацияға жазылғанымызда, соның ақшасын төлеу үшін мына таудағы омарташы орыс шалына ақ ешкіні лағымен сатып ек қой, сонда елу сомды апам маған берген, тығып қой деп, ұстап жүргенім сол ақша. Ал мына комбинезон мен құлақшынды МТС-тың директоры бергізді. Ылғи еркектердің арасында көйлекпен тракторға отырып-тұру ыңғайсыз болады деп. Трактористер курсында екі қыз оқимыз. Екеумізге де директордың өзі қамқорлық жасап отырады.

Сонымен біздің үйде кішігірім той болды да қалды. Сол күні Нәзира әпкемнің үйге келгенін пайдаланып әжем Көбегенді қонаққа шақырып жібермек болды.

− Алыстан, оқ пен оттың арасынан келген ер-азамат, дәм татырмағанымыз жарамайды,-деді.

Күздегі сары серкенің бір жілігін сақтап келген екен, әжем соны қазанға салды. Маған қол диірменге мол ғып талқан тартқызды, жарым кесе, бір кеседен үнемдеп неше күннен бері жинастырып жүрген қоңыр сиырдың сүтін кіші қазанға жарты қазан етіп пісіріп, оның бетіне қаймағы тұрсын деп жауып қойды, сөйтіп, көптен — апам қайтыс болғаннан бері біздің үйде бола қоймаған дастарқан мәзірі әзірленген. Осының бәріне қоса Нәзира әкеп берген жарты кірпіш шайы әжемнің бүкіл ауылда өзінен басқа ешкімде жоқ байлығы еді.

− Әй, Қанат, басқа біреу шақырып қойып жүрер, сен қазір ертерек барып ескертіп келші Көбегенге, бүгін кешкісін біздің үйден кеп дәм татсын,- деді әжем мені жұмсап.- Нүсіптің үй іші түгел бірге келсін деді де.

Әскерден қайтқан адамға дәм татқызатын салт бойынша шамасы келгендер Көбегенді күнделікті кезекпен қонаққа шақыратын. Оқ пен оттың астынан аман-сау қайтқан ер-азаматқа ақ пейілдерімен бары бір асым етін асып, жоғы қара талқанмен болса да бір шәугім шайын әзірлеп сый-құрметін білдіреді. Және қонаққа Көбегеннің жалғыз өзін алаламай, Нүсіп шалдың үйін тегіс қоса шақырады: шалдың өзі, кемпірі және жалғыз қыздары Шынар — барлығы бірге келіп, бір үйдің адамдарындай жадыраса отырып, өздері де, келген үйлері де, әуелі, Көбегеннің соғыста басынан кешкен әңгімелерін тыңдап, одан ауылдың өткен-кеткенін қозғап, ақырында түннің бір уағына дейін Көбегенге Еңлік -Кебек, Қалқаман — Мамыр, Мұңлық — Зарлық сияқты қиссалардың бірін айтқызып, арқалары кеңіп, бір сейіліп қалады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий